Неліктен Алла Тағала пайғамбарларға ең ауыр сынақтарды жіберген?

Неліктен Алла Тағала пайғамбарларға ең ауыр сынақтарды жіберген?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл фәни дүние сынақтардан тұрады. Әр пенденің шарықтау шыңы мен құлдырауы алма-кезек ауысып тұратыны белгілі жайт. Алайда дәл осы жайт адамның күшті әрі әлсіз жақтарын, жан қиыншылықтары мен кемшіліктерін анықтауға көмектеседі. Адам жанын қинайтын қилы жағдайларға мұсылман баласы сынбай, төтеп бере алуы керек. 

Адамды күшті ететін факторлардың бірі – қиыншылықтарды жеңу барысында қол жеткізген тәжірибе. Мысалы үшін, жағажайдағы жартасты алып қарайықшы. Қаншама жылдар бойына тұрған бұл жартастың кедір-бұдырын толқындар майдалап, бетін тегістеп тастаған. Оның тегіс емес еш жері қалмаған. Сол сияқты Алла Тағала да Өзінің сүйген құлдарының жүрегін күнәдан тазарту үшін сан қилы сынақтар жіберіп тұрады. 

Бұл дүниедегі ең ауыр сынақтар пайғамбарлар мен елшілердің еншісіне тиген, бірақ сол сынақтарға мойымай, төзімділік пен сабырлық танытқандары үшін Алла оларға мол игілік беріп, ерекше дәреже нәсіп еткен.

Мысалы үшін, Ибраһим пайғамбар (а.с.) Алла жолында ең үлкен азаптарды басынан өткерген жан. Ол ұлымен, мал-мүлкімен және отқа тасталып, өз өмірімен де сыналған. Ақиқатында, кімде-кім Аллаға иман келтіріп, Оған бойұсынса, сол Жаратушыға бір қадам болса да жақындай түседі.

Айюб (а.с.) басына түскен бақытсыздық пен келеңсіздіктерге наразылық танытпай, керісінше, Алланы дәріптеп, мадақтауын тоқтатпаған жан. Тіпті ауыр дертке шалдыққанда да таңғаларлық сабырлылық таныта білген. Айюб (а.с.) Жаратушыға былай айтатын:

«...Сен мәрхамет етушілердің абзалысың!» (21:83).

Осы дұғасы үшін Алла Тағала оны дертінен сауықтырып, оның мал-мүлкін, балаларын қайтарып берген. Жаратушы Айюбтың (а.с.) танытқан сабырлығы жайында былай айтқан:

« Ол не деген жақсы құл (38:44).

Жүсіп пайғамбарды (а.с.) өз ағалары құдыққа тастаған. Жүсіптің (а.с.) әкесіне деген кіршіксіз қарым-қатынасы оның ағаларының қызғанышы мен өшпенділігін тудырып, олар одан құтылуға бел буады. Алайда пайғамбарды (а.с.) құдықтан керуеншілер шығарып алып, перғауынның ақсүйектерінің біріне сатып жібереді. Кейін перғауынның әйелі жала жауып Жүсіпті (а.с.) түрмеге қаматтырады. Жүсіп (а.с.) Алла Тағалаға мүлде реніш білдірмейді, керісінше, құлшылық етіп, сабырлы болады. Көрсеткен сабырлылығы үшін Алла Тағала оны Мысырдың сұлтаны етеді және Өзінің сүйікті құлдарының дәрежесіне көтереді.

Салих, Хұд және Шуайб пйғамбарлар (а.с.) – адамдарды Аллаға және Ақиқатқа үндеу барысында жеке адамдар тарапынан ғана емес, сондай-ақ, күллі тайпалар тарапынан да қарсылық көріп, бастарын қауіп-қатерге тіккен жандар.

Лұт пайғамбар (а.с.) қылықтары мен жасаған іс-әрекеттері адамгершілікке жат, мүлде тұрпайы амалды адамдармен күресте басынан аз қиыншылық өткермеген.  Оның әйелінің кәпірлерге қосылып алуы да оған аз азап тартқызбаған.

Нұх пайғамбар (а.с.) – халықты Ақиқатқа 950 жыл бойы үндеген жан. Бұл жайында Құранда Нұх пайғамбардың (а.с.) Алланың бұйрығымен пұттарға табынып келген өз халқына Алла мен Хақ дінді уағыздағаны келтірілген. Нұхтың (а.с.) тайпаластары оған сенбей, оны есінен адасқан деп, жәбірлеп, таспен ұрып соққыға жығамыз деп те сес көрсеткен.

Мұса пайғамбар (а.с.) – бірбеткей әрі рақымсыз перғауынмен күресте көптеген қасірет шеккен жан. Ол мысырлықтарды иманға келтіруде бар күш-жігерін салған, алайда олар мүмкіндік бола қалғанда  теріс айналып шыға келетін. Құранда айтылғандай: «Әй Мұса! Олар ол жерде тұрғанда біз оған тіпті кірмейміз. Өзің және Раббың барып соғысыңдар. Әрине біз мұнда отырамыз” деді» (5:24).

Мұхаммед Пайғамбар ()жарық дүниеге келмей жатып, әкесінен, содан кейін анасынан айырылып, жетімдіктің дәмін татқан және балаларының өлімдерін басынан өткерген. Оған ()тіл тигізіп, таспен атып қуалаған, жүретін жолдарына тікенектер тастап отырған, ал ол болса үнемі: «Уа, Алла, оларды хақ жолыңа түсіре гөр, олар өздерінің не істеп жүргендерін білмейді», - деп дұға жасайтын. Алайда Пайғамбарымыздың ()еншісіне түскен ешбір қиындық оның Алла Тағалаға қызмет етуіне кедергі келтірмеген.

Жеткілікті түрде тамақ жеп, жақсы өмір сүру мүмкіндігі бола тұра, ол ()өте қарапайым өмір сүрген. Ешбір адам оның бойынан екіжүзділік пен қызғанышты көрмеген, аузынан бір  былапыт сөздің шыққанын естіген емес. Асылында, Пайғамбарымыз ()Алла Тағалаға құлшылық ету кезінде әрқашан қуанышта болып, сабырлылық танытқан.

Пайғамбарлар –  төзімділік танытуда, әділетті болуда және данышпандық білдіруде - бар жағынан алып қарағанда біз үшін көркем өнеге. Міне, сол себепті де бұл дүние сынағының мәнісін түсіну қандай маңызды.

Уа, Алла! Біз көтере алмайтын қиыншылықтарды біздің пешенемізге жаза көрме!..

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: