Қажылыққа қатысты ең маңызды...

Қажылыққа қатысты ең маңызды...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қажылық қалыс болсын!

Қажылық - адамның барлық күнәларынан анасынан туылғандай тазарып, жәннатқа ылайық болуға мүмкіндік туғызатын ұлы құлшылық болып табылатындықтан адамзаттың қас жауы шайтанның қызғанышын туғызады. Сол себептен шайтан қажылық жасушыны қажылық рәсімдерінің басынан аяғына дейін азғырып, амалын құрдымға жіберуге тырысады. Ал шайтанның ықпалынан тек ықыласты пенделер ғана аман болады. Лағынеті шайтан пенделердің бірін қалдырмай соңынан ілестіріп әкетемін деп Аллаһтың алдында серт алғанда: "Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын" ("Хижр" сүресі, 40-аят), - деп, ықыласты құлдарға ғана әмірі жүрмейтіндігін мойындаған. Яғни, ықыласты қалқан еткен пенде лағынеті шайтанның соңына ермейді.

Сондай-ақ қажылық адамның денесіменде, малыменде атқарылатын ғибадаттардың тоғысатын тұсы болғандықтан  қажылар ерекше ыждағаттылық танытуы тиіс.

Алла тағала Құранда:

«Оның жолына шамасы келген кісілер Аллаһ үшін Қағбаны зиярат етуге (қажылық жасауға) міндетті. Ал кім қарсы келсе, Аллаһ әлемдерге мұқтаж емес» -деген. («Әли Имран» сүресі, 97-аят).

Аятта Алла тағала «Алла үшін» деп қажылық тек өзінің разылығын мақсат тұтып істелетін ықыласты амал болуын шарт етіп отыр. 

Ал  Ибн ‘Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын).....Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Аллаһ Тағала періштелердің алдында мақтанып, былай дейді: “Құлдарым Жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйпалақтанған күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!” дейді»- деген.Әл-Баззар 2/182, Ибн Хиббан 963, ‘Абдур-Раззақ 8830. Хафиз әл-Мунзири хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1112. 

Ниет қалыс екен

Қазақта «Ниетіміз қалыс екен, немесе ниет қалыс болсын» -деген сөз тіркесі бар.  «Қалыс» деген сөз араптың «Холис» яғни таза деген сөзінен шығады.  

Құранда Алла тағала: «Шын мәнінде сендер үшін малдар да, ғибрат бар. Малдың қарнындағы қанымен жынның арасынан шыққан ішушілерге сүйкімді тап-таза (халисан) сүтті сендерге ішкіземіз» -деген «Нахл» сүресінің 66 аятында. Яғни Құранда қалыс деген сөздің мағынасы сүттің тазалығына теңеліп отыр. 

Холис , Ихлас (Ықлас) сөздерінің түбірі бір болып табылады.  Демек біздің амалды атқару барысындағы ниетіміз сүт сияқты таза болуы керек.  Сүт сәл микроптың түсуімен ашып жарамай қалатыны сияқты амалдағы ниетімізге Алланың разылығынан басқа мақсаттар араласқаннан қабыл болмауы мүмкін. Сондықтан кез келген амалдың дұрыс орындалуының екі шарты бар. Біріншіамалдың ықыласты болуы, ал екіншісіамалды Пайғамбар көрсеткендей етіп атқару. 

Ғұламалар ықылас сөзіне төмендегідей анықтамалар берген:

Ықылас - тағат- ғибадаттардағы ниет арқылы Аллаһқа жақын болуды ғана мақсат ету.

Ықылас - барша ынта - назарды Аллаһқа дауамды түрде бұруменен адамдардың өзіне -деген көзқарастарын ұмыту.

Ықыластың ақиқаты - жүректі, оның тазалығын кетіретін қоспалардан арылту, Расында қоспа заттар өзгенің тазалығын кетіруі мүмкін. Сондықтан әрбір зат қоспадан арылса ықыласты (таза) болған болады. 

Ғұлама Фудаил Ибн Ғияз:

"Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен - де таза болу"- деген.

Ықылас – істеген амалына Аллаһтан өзге куәларді талап етпеу.

 

Құран Кәрімде ықыласқа бұйыратын аяттар көп, мысалы: 

Байина сүресінің 5 аятында Алла тағала: «Олар Аллаһқа шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген » -деген.

Ғұлама Абдур-Рахман ибн Мәһди (рахимаһуллаһ): "Мен бірнеше тараудан тұратын кітап жазар болсам, Омар ибн әл-Хаттабтан (р.ғ.) жеткен "Расында, іс-амалдар ниетке байланысты..." деп басталатын ықылас хадисін әрбір тараудың басына қоятынмын", – деген.[1]

Сондай-ақ, алғашқы буынның ғұламалары ықылас-ниеттің амалдан гөрі маңыздырақ екенін баяндап кеткен. Яхия ибн әби Кәсир (рахимаһуллаһ): "(Алдымен) ниетті үйреніңдер. Себебі, ол амалдан да маңызды", - деген.[2]

Ықылас дегеніміз ниетті Алланың разылығынан басқа нәрселерден тазалау!

Сонымен қатар "Қул һуәллаһу ахәд" сүресінің «Ықылас» сүресі деп аталуының себебі онда тек Алла ғана сипатталады. Ал басқа сүрелерде қияметтің жағдайы, отбасы мен тұрмыстық жағдайлар сияқты дүниелер араласқан. Яғни ықыласты болу дегеніміз  ниетімізді Алланың разылығынан басқа нәрселерден тазалау.

Ибн әл-Әсир (рахимаһуллаһ): "Ол сүренің Ықылас деп аталу себебі – онда тек қана Аллаһ тағаланың сипаты баяндалады. Басқаша айтқанда, ол сүрені оқыған адамның ықыласы артып, Аллаһ тағаланы жалғыз деп біледі" – деген.[3] Бұл тұрғыдан алғанда ықылас сөзі таухид сөзімен ұғымдас.

әл-Файруз Абадий (рахимаһуллаһ): "Аллаһқа ықыласты болды десек, ол "риядан аулақ болды" дегенді білдіреді" – деген.[4]

әл-Журжәний (рахимаһуллаһ): "Ықылас сөзі тілдік қолданыста Аллаһқа бойсұну ісінде риядан аулақ болу дегенді білдіреді" – деген.[5]

Ал "Шын мәнінде сендерді Аллаһтың ризалығы үшін ғана тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз" ("Инсан" сүресі, 9-аят) – деген аятта осы дүниедегі ықыластылық ақыретте жәннаты болудың кепілі ретінде сипатталған.

Ықыласты адам амалды жасай алмаса да, оның сауабына ие болады

Егер пақыр кісі ықылас-ниетін түзер болса, мал-мүлкін садақа етуші бай кісінің сауабына ие болатындығы да шариғи мәтіндерде айтылған. Мәселен, Әбу Кәбшә әл-Әнмаридің (р.ғ.) былай дегені жеткен: "Пайғамбар (с.ғ.с.): "Бұл үмметтің мысалы төрт кісінің мысалындай: Бір кісіге Аллаһ мал-мүлік пен ілім береді. Сонда ол мал-мүлкін амалға асырып, оны өз орнына жұмсайды. Келесі бір кісіге Аллаһ ілім беріп, мал-мүлік бермей қояды. Сонда әлгі кісі: "Ондағыдай мал-мүлік менде болса ғой, ол амал еткеніндей етіп мен де оны амалға асырар едім" – деп тілейді. Міне, бұл екі кісінің сауабы бір...", - деп айтты".[6]

Ықыласты адамның күнәлары кешіріледі

Ықылас – күнәлардың кешірілуінің негізгі себептерінен саналады. Ибн Тәймийя (рахимаһуллаһ) былай деген: "Пенде амалдардың бір ғана түрін ықыласпен әрі шынайы құлшылықпен жасаса, Аллаһ тағала сол арқылы оның үлкен күнәларын кешіріп жіберуі мүмкін. Абдуллаһ ибн Ъамр ибн әл-Ъастан (р.ғ.) жеткен хадисте Аллаһ елшісі (с.ғ.с) былай деп айтқан: "Қиямет күні үмметімнен бір кісі барша жаратылыстың арасынан дауыстап шақырылады. Оған әрбір жазбасының ұзындығы көз жетім жердей болатын тоқсан тоғыз жазба көрсетіледі. Содан соң, Аллаһ тағала: "Осы күнәлардың ішінен мойындамайтын бір нәрсең бар ма?" – деп сұрайды. Әлгі кісі: "Уа, Раббым, бәрін мойындаймын" – дейді. Сонда Аллаһ: "Саған зұлымдық етілмейді" – дейді. Сосын оның "лә иләһә илләллаһ" куәлігі бар алақандай парақшасы шығарылады. Ол: "Мұнша жазбаның қасында бұл парақшаның қандай салмағы болар дейсің?" – деп күмәнданады. Сонда парақша таразының бір жағына, ал бүкіл жазбалар екінші жағына қойылған кезде, парақша ауыр тартып, күнә жазбаларын басып тастайды".[7]

 

Ықыласты адамды Алла  тағала бүліктерден қорғайды

Ықылас арқылы пенде небір бүліктерден құтылады. Ықылас күшейген кезде нәпсінің құмарлығына қарсы, пасықтық пен арсыздықтың қармауына қарсы қорғаныш та күшейеді. Тарихи қиссаларға көз жүгіртсек, зор ықылас иесі болған Жүсіп пайғамбарды Аллаһ тағала Мысыр қазынашысының нәпсіқұмар әйелінің бүлігінен аман алып қалды. Құранда ол оқиға былай баяндалады: "Расында әйел одан ой қылды. Егер Раббыңның дәлелін көрмесе, Жүсіп те одан ой қылған болар еді. Жүсіптен жамандық, арсыздықты бұруымыз үшін осылай еттік. Өйткені, ол ықыласты құлдарымыздан еді" ("Юсуф" сүресі, 24).

Ықыласты адамның ризығы молаяды

Әнәстің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі: "Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): "Кімде-кімнің уайымы ақырет болса, Аллаһ оның жүрегіне байлықты ұялатып, тынышталдырып қояды және қаламаса да оған дүние келеді. Ал кімде-кімнің уайымы дүние болса, Аллаһ оның кедейлігін екі көзінің алдына ұялатып, тынышын алып қояды және оған шектеулі ғана дүние келеді", - деп айтты".[8]

Алла ықыласты пенделерін Қайғы-қасіреттерден құтқарады

Ибн Омардан (р.ғ.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді:

"Сендердің алдарыңда өмір сүргендерден үш адам жолға шығады да, бір үңгірге түнемек болып, ішіне кіргенде, таудан дәу тас құлап, үңгірдің (аузын) жауып қалады. Сонда олар: «Расында, бұл тастан сендерді қайырлы істеріңді[9] айтып Аллаһқа дұға қылуларың ғана құтқара алады»,—дейді. Сөйтіп олардың арасындағы бір кісі: «Уа, Аллаһ! Менің жастары келген қарт ата-анам бар еді. Олардан бұрын отбасыма да, құлдарыма да кешкі сүтті ішкізбейтінмін. Бір күні бір нәрсе іздеп алысқа кеттім де, кешке олар ұйықтағанға дейін келмедім. Кешке (ішетін) сүттерін сауып (әкелсем), екеуі ұйықтап қалған екен. Сүтті олардан бұрын отбасыма да, құлдарыма бергім келмей, ыдысты қолыма ұстаған күйі таң атқанша олардың оянғанын күтіп отырдым. Сосын екеуі оянып, сүттерін ішті. Уа, Аллаһ! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп[10] істеген болсам, бізді басымызға түскен мына тастан құтқара гөр»,—деді. Сол кезде (тас олар үңгірден) шыға алмайтындай боп сәл ашылады.

(Сосын) басқа бірі: «Уа, Аллаһ! Менің бір көкемнің қызы болатын, ол мен үшін адамдардың ең сүйіктісі еді. Оны айналдырған едім, қарсылық жасады. Сөйтіп бір құрғақшылық жылы келгенде, ол менен (жәрдем сұрап) келді де, оған дегеніме көнуі үшін жүз жиырма динар бердім. Ал ол келісті. Сөйтіп қолым жеткенде, ол: «Құқығынсыз (бұл) мөрді бұзуыңды дұрыс деп санамаймын»,—деді. Сонда мен үшін адамдардың ең сүйіктісі боп тұрса да, оған жақындасудан қысылып, кетіп қалдым және берген алтыным­ды да алмадым. Уа, Аллаһ! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп істеген болсам, бізді басымызға түскеннен құтқара гөр»,—дейді. Сол кезде (тас) олар шыға алмайтындай боп (тағы да біраз) ашылады.

(Сосын) үшіншісі: «Уа, Аллаһ! Мен бірнеше мердігер жалдап, ақыларын берген едім. Тек бір кісі ғана өзіне тиесіліні (менде) қалдырып[11] кетті. Ал мен оның ақысын айналымға салып, одан көп мал-дүние пайда болды. Біраз уақыттан соң ол келіп: «Ей, Аллаһтың құлы! Маған ақымды бер»,—деді. Мен оған: «Сен көріп тұрған (мына) түйе, сиыр, қой мен құлдың бәрі сенің ақыңнан»,—дедім. Ал ол: «Ей, Аллаһтың құлы! Мені келеке етіп тұрсың?»—деді. «Сені келеке етіп тұрған жоқпын»,—дедім. Сонда ол одан ешнәрсе қалдырмай, бәрін алып айдап кетті. Уа, Аллаһ! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп істеген болсам, бізді басымызға түскеннен құтқара гөр»,—дейді. Сол кезде (тас) ашылып, олар шығып кетеді".[12]

[1]"Жәмиъул-ъулуми уәл-хукм" (1\8).

[2]Халийятул-әулия (3\70), "Жәмиъул-ъулуми уәл-хукм" (13).

[3]Лисәнул-ъараб (7\26) және Тәжул-ъарус (4437).

[4]әл-Қамусул-мухит (797).

[5]әт-Тәърифәт (28).

[6]Ибн Мәжәһ (4228), Ахмәд (18053).

[7]әт-Тирмизи (2639), Ибн Мәжәһ (4300).

[8]әт-Тирмизи (2465).

[9] Яғни, тек Аллаһтың ризалығы үшін істелген амалдарыңды.

[10] Яғни, ата-ананы құрметтеуге қатысты бұйрығыңды шын ықыласыммен орындап, сол үшін Өзіңнен сауап алуды үміт етіп.

[11] Бұл жерде мердігердің еңбекақысын бұл адамға уақытша сақтай тұруы үшін қалдырғаны туралы айтылған.

[12]әл-Бұхари (2102), Муслим (2743).

 

asylarna.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: