Әр буынға бір садақа

Әр буынға бір садақа

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ОғанАлланыңигілігіменсәлеміболсын) буындарға қатысты бірқатар хадистер айтқан. Тіпті, адам денесінде қанша буын болатындығын нақты білдірген. Бір қызығы, сол хадистерде көрсетілген  буын сандарын қазіргі медицина дәлелдеп  шықты. 

Буын жайында айтқан Пайғамбарымыздың хадистері мыналар:

«Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла Тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, лә иләһа иллаллаһ, сүбханаллаһ десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастап отырса, я болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады».

«Әр буын үшін адам күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да  садақа, біреуге атына міну үшін көмектесу немесе қоржынын артысу да  садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да  садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да  садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да  садақа».

Тағы бір хадисінде сәске уақытында оқылған екі рәкат намаздың да сондай шүкіршілікке жататындығы айтылған.

Бухари мен Мүслимде риуаят етілген осы үш хадис адамның анатомиялық тұлғасын ашумен қатар құлшылық пен сауаптың кең мағынасын да қамтиды.

Бухари мен Муслимде риуаят етілген хадистер бір жағынан мұғжизалықты білдірсе, бір жағынан құлшылықпен қоса елге жақсылық жасаудың мәнін ұқтыруда.

Жоғарыдағы хадистерде келтірілген әр буын үшін садақа боп есептелген іс-әрекеттер мыналар: Алла Тағаланы пәктеу, шүкіршілік етіп, Оған мадақ айту, ұлықтау, жамандықтан тыйып, жақсылыққа бұру, сәске уақытында оқылатын екі бас намаз, лә иләһа иллаллаһ деу, Құдайдан кешірім тілеу, ел жүретін жолда жатқан тас, тікен, сүйек сияқты зиянды нәрселерді алып тастау, екі адам дауласса, әділ төрелік айту, бір адам атына мінерде демеп жіберу немесе қоржынын артысу, жақсы, ұнамды сөз айту, намаз үшін мешітке бару.

Бұл аталған жақсылықтардың әрбірі бір-бір буынның өтеуі, шүкірі, садақасы ретінде қабыл болады.

Буындар қалайша адам денесіндегі сүйектерді бітістіріп, тұтастай бір ағза ретінде қимылдауын қамтамасыз етсе, хадистерде айтылған жақсылық жасай жүру де ел арасындағы өзара бауырмалдықты, ағайындықты, сүйіспеншілікті арттыратын байланыстарға жатады.

Хадис астарынан ғылыми шындықпен қатар қоғамдық өмірдің тыныштығы мен бейбітшілігін нығайтатын әрі мол сауапқа кенелтетін іс-шаралар жатқанын көреміз.

ҚайратЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: