Иманды «күшейтудің» 10 қадамы

Иманды «күшейтудің» 10 қадамы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1. Құранды оқып, оның мағынасы жөнінде ойланыңыздар. Құран – адамның жанын жадыратып, оған тыныштық сыйлайтын Алла Тағаланың сөзі. Әрбір оқылған аят біздің жүрегімізді жұмсартады. Құранды басынан-аяғына дейін зуылдатып оқып шықпай, Құран оқудан өзіңізге мол пайда алу үшін, Құран оқу — бұл сіздің Алла Тағаламен тілдесуіңіз екенін әр кез есіңізден шығармаңыз. Әрбір аят туралы ойланыңыз, Алла алдында өзіңіздің кім екеніңізді, қандай адамдар санатына жататыныңызды, кемеліне жеткен мұсылман болу үшін сізге ненің жетіспейтіні туралы ойланып-толғаныңыз. Алла Тағаланың разылығын алуға ұмтылыңыз.

2. Алла Тағаланы еске алыңыз. Алла Тағаланың құдіреттілігі туралы ойланыңыз. Сізді қоршаған дүние, сіздегі нәрсенің бәрі – орнына ештеме  талап етпей, сізді Өз сүйіспеншілігі мен рақымына бөлеген, бәрін тегіс қамти алатын Жаратушының мейірімі.  Бізге есту, көру, дем алу қасиеттерін беріп, өмір сүру үшін барлық жағдайымызды жасаған Алла Тағаланы жиі есімізге алып, Оған алғысымызды айтып отырғаннан асқан игі амал жоқ шығар? Әр бір жаралған зат — Алла Тағаланың шебер Жаратушы екендігіне дәлел. Барлық нәрсе тек Оның рұқсатымен ғана іске асады. Алла Тағалаға барлық құпия мен жасырын дүниелер мәлім.

3. Білім алуға ұмтылыңыз, сіздің дін жөніндегі біліміңізді арттыратын кітаптарды оқуды өзіңізге міндет етіп алыңыз. Дінге, Алланың есімдеріне, оның мағыналарына, өмірге келу мен өлім туралы, Жұмақ пен Тозақ жайлы және исламдағы басқа да дүниелерге қатысты кітаптарды оқып-біліңіздер. Мұндай ілім сіздің иманыңызды нығайтып, оны толықтырып отыратын болады. Дін туралы біздің біліміміз артқан сайын, біз мықты түрде иман келтіретін боламыз.

4. Діни жиындарға барыңыз, мысалы үшін, жұма күнгі немесе діни мейрамдардағы қатысты жиындарға қатысып тұрыңыз. Мұсылмандар жиналып Алла Тағаланы еске алып, Оны мадақтағанда, періштелер жиналған әрбір адамды қоршап тұратын болады.

5. Жақсылық жасауға асығыңыз. Ислам – татулық, мейірімділік пен жақсылық діні. Шынайы мүмін – жақсылық жасап, жамандыққа жақсылықпен жауап береді. Мүміннің әрбір жасаған игі амалы, басқа адамға көрсеткен мейірімділігі - Алла алдында мүміннің дәрежесін көтереді. Бір жақсылық екінші бір жақсылықтың тууына себепші болады, ал жамандық - зұлымдық тудырады, сондықтан сіздер тек жақсылық жасауға асығыңыздар.

6. Өлімді естен шығармаңыз. Алланың жаратқан пендесі өлім жайында ойланса, оның өмірге деген көзқарасы мен қарым-қатынасы саналы да дұрыс арнаға түсетін болады. Адамның бұл дүниеде жалпағынан жайпап мәңгі жүре бермейтіндігін, күндердің күнінде бұл фәни дүниеде жиған-тергенін қалдырып, Алла алдына баратындығын  түсінуі — оны тақуа өмір салтын ұстануына мәжбүрлейді.

7. Ақиреттің түрлі деңгейлерін – адамды жерлеу, қабір азабы, сұраққа алыну, Жұмақ пен Тозақты есіңізде ұстаңыз.

8. Дұға жасаңыз. Дұға арқылы иман келтіргендер Алла Тағалаға бір қадам болсын жақындай түседі, Онымен тілдеседі, Одан қажеттісін сұрайды, Оған алғысын білдіреді. Аллаға жақын болу бақытынан бас тартпаңыз. Бойұсыныңыз. Біз Аллаға мұқтажбыз, біз Оған қайтарыламыз. Бұл дүние күйбең тірлігімен жүріп, ақиқатты ұмытып кетпеңіздер.

9. Өз амалдарыңызбен Алла Тағалаға деген сүйіспеншіліктеріңізді көрсетіңіздер. Алла Тағала біздің дұғамызды естіп, оған жауап береді деген үмітте болыңыз. Алланың қаһарына ұшырататын нәрселерді жасаудан үнемі қорқып жүріңіз. Әр күннің соңында күні бойы қандай амадар жасағаныңыз туралы ойланып жүріңіз.

10. Әрбір жасалған күнә бізді Алладан алыстататынын ұмытпаңыз, ал тәубеге келмеу – одан сайын Жаратушыдан алсытата түседі. Біздің иманымыз игі амалдардан нәр алып, өсіп отырады, ал күнәлардан, керісінше, әлсірей түседі. Біздің өмірімізде болып жатқан нәрселердің бәрі тек Алла Тағаланың қалауымен болып жатыр, сондықтан тағдырыңызға бойұсыныңыз.

Жаратушы  Алла мықты иман иелерінің әрі Өзінің сүйген мүміндерінің қатарынан етсін.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: