Шу ауданы тағы бір мешітпен толықты

Шу ауданы тағы бір мешітпен толықты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ескішу ауылдық округіндегі Еңбекші ауылында жұртшылық өкілдері күткен жарқын іс бастау алған еді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ауыл тұрғындары туып өскен жерлеріне имандылық жолында мешіт салуды көздеген болатын. Міне, көптен күткен аталмыш мешіттің құрылысы да аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр.

Мұсылманды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлмей, бастарын бір жерге тоғыстыратын құтты мекеннің ашылу салтанаты Бөлтірік шешен мешітінің имамы  Біржан Мұналбековтың Құран бағыштауымен басталды. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары  Ербол Аймамбетов ауыл тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен аудан басшысының және өзінің атынан құттықтады.

Ауданның бас имамы  Аят Дыбысұлы жиылған жұртты мешіттің ашылу салтанатымен құттықтап, ел үшін, жері үшін аянбай еңбек ететін білімді де білікті шәкірттердің шығуын тілеп, Жамбыл облысы "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаевтың сәлемін жеткізді.

Сонымен қатар, Еңбекші ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы  К.Дуанбаев, кеңес мүшесі  Р Өтеғұлов, ауыл жастары атынан  Б.Қосшыбаев та құттықтау сөздерін сөйледі.

Аудан имамы  Аят Дыбысұлы мешіттің қазығы қазылған уақыттан бері осы іске белсене атсалысқан ауыл тұрғыны О.Әзімбаевқа өкілдіктен  келген сыйлық қасиетті Құран кітапты табыс етті. Сонан соң ауылдың рухани болмысына жаңа серпін беретін сәулеті мен сәні жарасқан мешіттің лентасы да қиылды.

Айта кететін жайт, мешіт құрылысының жүзеге асуына ауылдың барлық тұрғындары атсалысыпты. Сонымен қатар, мешітте бір мезетте 100 ден аса адамның намазға жығылуына мүмкіндік бар. Аталған имандылық үйі ауданда ашылып отырған 25-ші мешіт екенін де жеткізе кеткен жөн.

Шара соңында игі істің қуанышын бөлісуге келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына дастархан жайылып ас берілді.

                                              Шу аудандық "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: