Ислам – бейбітшілік діні

Ислам – бейбітшілік діні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Алла тағалаға ғана тән. Және Оның игілігі мен сәлемі «бүкіл әлемге рахмет етіп жіберген» Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға, оның сахабаларына, үй-ішіне, үмметтеріне әрі ұрпақтарына болсын!

Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады. Ол Алла тағаланың «Сәлам» деген көркем есімімен сабақтас. Араб тілінен аударғанда «Ислам» сөзі бойсұну, бағыну, мойындау мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Аллаға тек оған ғана ғибадат етіп бағыну, бұйрықтарын орындау арқылы бойсұну және көпқұдайшылықтан арылу деген мағынаға ие. Алла тағала Құран кәрімде: «Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші,» – дейді.

Ислам – Алла тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы пайғамбары Мұхаммедке (с.а.у) жіберген діні. Ол адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы.

Қазіргі уақытта әлемде 1,5 млрд-қа жуық мұсылмандар өмір сүреді және жыл өте бұл көрсеткіш өсе түсуде. Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді. Ислам қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден басқа осындай ұлы мұратты да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі ісімен ғана Жаратушыға жақындайды.

Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін Ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай жағдайға душар болса да, Исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Өйткені белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстанымдары мен ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды. Сол себепті қоғамды дұрыс жолға шақырып, дәстүрлі дінімізді уағыздап жүрген имамдардың орны ерекше екенін байқай аламыз. Имамдардың атқарып жатқан жұмыстары, исламның бейбіт дін екенін дәлелдеп, жат ағымның, қоғамның бұзылуының алдын алу үшін салып жатқан күштерін елеусіз қалдыра алмаймыз. Әсіресе, қазіргі таңда білікті имамдар өте қажет. Бас муфти өз сөзінде «Біздің бағытымыз – дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабы мен Матруди ақидасын берік ұстану және оны насихаттау болып қана береді. Сонымен қатар, мешіт жамағатын мұсылмандардың ауызбірлігі мен еліміздің ынтымағын нығайта түсу үшін дәстүрлі Ханафи мазхабын ұстануға үндейміз» деп атап өткен болатын. Осыған орай, теріс ағымдармен жұмысты күшейту мақсатында имамдардың біліктілігін арттырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла қызмет атқаруымыз маңызды.

         Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру иелігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет.

         Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Бұл әуелден мұсылманшылықты ұстанған қазақ халқының татулығы мен қонақжайлығының көрінісі.

Ал енді өз еліміздегі діни ахуалға назар аударар болсақ, біз, әрине, зайырлы мемлекетпіз. Алайда зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Қандай да бір зайырлы мемлекетте дінге шектеу қойылмайды. Керісінше азаматтардың қалауына сәйкес діни наным-сенімдері заңмен қорғалады. Бірақ осындай демократиялық қоғамның кейбір еркіндіктерін қате түсініп, кейінгі жас ұрпақ ғасырлар бойы ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарымыздан ажырап қалмауы тиіс. Қорыта айтқанда, Ислам діні Отанды, ел-жұртты, мал-мүлікті қорғап, Жаратушы Иені еске ала отырып қоғамда тыныштық сақтауды қасиетті борыш деп санайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі тұғырнамасында атап көрсетілгеніндей, әрбір қазақстандық мұсылман баласы біздің Матуриди ақидасы мен Ханафи мәзһабын басшылыққа алған сүннит мұсылмандар екенімізді жадында сақтай отырып, Исламның басты қағидасының бірі бейбітшілік екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Сөз соңында, асыл дініміздің ұлағатты да тәрбиелі қағидаларынан дінаралық татулық пен үйлесімнің адамзат аталуының алдында киелі борыш екенін ескерсек, сол киелі борышымызды әр саналы азамат тиесілі дәрежеде атқарса, қоғамымыздың тыныш та бейбіт ғұмыр кешетіндігінде біздің күмәніміз жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір» деп үндеу тастағаны бізді дінаралық татулық пен өзара келісім негізінде тыныштық орнаған қоғамда ғана тілегіміз бен ізгі арманымыз орындалатынына нық сенім білдіруге болады. Осы татулық пен ізгілік жолында Ұлы Жаратушымыз бізге имандылық пен тақуалықты, береке-бірлік пен өркендеуді нәсіп етсін. Әмин!

Данияр ЖҰМАБАЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: