Қиындықтарға сабырлылық таныту

Қиындықтарға сабырлылық таныту

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы егіз төлдей қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы да. Себебі, өмір атты қиын жол сындарлы сынақтардан тұрады. Сондықтан, Алла Тағала кей кездері басымызға қуанышты да, қайғыны да бере отырып, біздерді ауыр сынақтардан өткізеді. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара сүресі, 155-аят) дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды. Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады.

Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді. Құран Кәрімде жетпістен аса жерде сабыр жайында сөз қозғалады. Сонымен қатар, Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүминдерді сабырлыққа шақырған хадистері де мол. Бұлардың барлығы Хақ дініміздің мұсылмандарды мейлінше сабырлыққа үндейтіндігін көрсетсе керек.

Сабырлық – қиындықтар мен қайғылы жағдайларда адам баласына күш-қуат беріп, басын идірмей, аяғын нық басуға көмекші болатын ерекше қасиет. Адам баласы сабыр ету арқылы тағдыр тауқыметінің кез келген түрін жеңіп шығумен қатар, Жаратушының сындарлы сынағынан да сүрінбей өтетіні сөзсіз.

Жазылмас дертке шалдығу, дүниенің қызығын тамашалар екі жанарыңның нұрынан айрылу пенденің басына келетін ауыр жағдайлардың бірі. Дегенмен, Жаратқанның жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр ете білу мүмин пендені күмәнсіз Алланың сүйіспеншілігіне бөлеп, ақыретте мол сауапқа кенелтеді. Бұл жайында Әли Имран сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді» делінсе, Нахл сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылған. «Сабыр түбі сары алтын» демекші сабырлы мүминдер сабырлылықтарының арқасында асыл арман, мәңгілік мекен – жәннатқа кіруге қол жеткізеді. Бұл хақында Имам әл-Бұхари мен Мүслімде Ата бин Рабахтан жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған Ибн Аббас радиАллаһу анһу:

– Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? - деді. Мен:

– Иә, көрсетші, - дедім. Сонда ол:

– Мына қара әйел Алланың елшісіне келіп: «Мен қояншық ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», - деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымыз:

– Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», - деді. Сонда, әлгі әйел:

– Сабыр етемін, - деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», - деді. Пайғамбарымыз оған дұға жасады».

Әнастан (радиАллаһ анһу) жеткен келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Алла Тағала айтады: «Құлымды екі көзін көр етіп сынағанымда сабыр ететін болса, ол екеуінің орнына оған жәннатты беремін» (Бұхари дереккөзінде). Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік жәннатқа кіруді армандайтын мүмин пенде сабырлыларға уәде етілген осы сауаптар жайында жақсылап ойланғаны жөн. Сонда басына келген қиындықтың қай түріне болмасын сабыр ете білу оған еш қиынға соқпасы анық.

Қиындықтарға сабыр ету үлкен жақсылыққа кенелуге себеп болса, сары уайымға салынып, сабырсыздық таныту да үлкен бақытсыздыққа жол ашпақ. Сабырсыздық – әлсіздіктің, дәрменсіздіктің белгісі. Кейде ол пендені жаман жолға түсуге, тіпті тағдырға налып, Жаратқанға тіл тигізуге итермелейді. Бүгінде кейбіреулер басына келген қиындыққа сабыр етіп, ұстамды болудың орнына дәрменсіздік танытып, ауыртпалығын сәл болса да ұмытпақ болып, шайтан судан ұрттап, соңында ішкілікке салынып кетіп жатады.

Енді біреулері өз-өзіне қол жұмсап, өзінің жанын қияды. Әсіресе, өлім-жітім кезінде жағаны жыртып, шашты жұлу, бақырып-шақырып жылау, қақысы болмаса да «не жаздым саған?» деп Ұлы Жаратушыға кінә артушылық та кездесіп жатады. Ендігі жерде бұлардың үлкен күнә екенін, тіпті діннен шығаратын ауыр іс екендігін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Сол үшін кез келген жағдайда, мұндай күнәлі істерден аулақ болып, басқа келген жағдайға сабырлылық танытуға тырысқан абзал. Егер, сабыр етуге тырысатын болсақ, Алла тағала өзі жәрдем береді. Бір хадисте «Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген» деп айтылған (Бұхари, Мүслим).

Бірде сахаба Мұғаз бин Жәбәл радиАллау анһу былай дейді: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың Елшісі саллАллау аләйһи уә сәлләм маған хат жолдады. Ол хатта былай делінген:

«Алланың Елшісі Мұхаммедтен (с.а.у.) Мұғаз бин Жәбәлға.

Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын! Алла сауабыңды арттырсын! Саған сабыр берсін! Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін! Расында біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары Алланың бізге берген тәтті сыйлары, әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары болып табылады. Алла саған ол баланы беру арқылы сені қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқағайсың, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қойғын! Жылап-сыздау өліні кері келтірмейді. Қайғыңды да кетірмейді. Болар іс болды» (Хаким, әл-Мустадрак).

Бұл хадис өлімге көңіл айтудың тамаша үлгісі. Сондықтан, әрбір мүмин жақын туысынан айырылған кезде Пайғамбардың (с.а.у.) Мұғаз бин Жәбәлға жолдаған осы бір хатын есіне ала отырып, оны тап өзіне айтылғандай сезіне білсе, қандай игі еді.

«Мүминнің ісіне таңқалмай тұра алмайсың. Оның барлық ісі оған қайыр әкеледі. Мұндай қасиет мүминнен басқа ешкімде жоқ. Егер басына жақсылық келсе, шүкір етеді. Бұл ол үшін бір жақсылық. Ал егер басына қиындық келсе, сабыр етеді. Бұл да ол үшін бір жақсылық» (Имам Бұхари, Мүслим) демекші, қорыта келе баршамызға Пайғамбарды (с.а.у.) сүйсіндірген сабырлы да шүкіршіл мүмин бола білуді баршамызға нәсіп еткей!

Ерғали АЛПЫСБАЕВ

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: