Қалай қызғаныш шегінен аспауға болады?

Қалай қызғаныш шегінен аспауға болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Отбасы берекесін қашырып, махаббатты талқандайтын себептердің бірі — ерлі-зайыптылардың бір-бірін шектен тыс қызғанулары. Негізінде, мүмін ер мен мүмін әйелдің байланыстары – адал да сенімді, егер Ислам тәлімдерін берік ұстанған болса. Алла тағала иман келтіргендерді осыған қатысты былай деп ескертеді: «Әй, иман келтіргендер, ойлардың көбісінен аулақ болыңдар, әрине, олардың кейбіреуі – күнә» («ал-Хужурат» сүресі: 12). Расында, көз жетпеген айғақсыз ойлар ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш тудырып, махаббат түйіні ағытылады, бұның кесірінен екеуінің бір-біріне деген сезімдері өзгеріске ұшырайды және қарым-қатынастары нашарлайды.

Бұл нәрсе жайлы Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да ескертеді: «Ойдан сақтаныңдар, негізінде, ой – өтірік сөздің атасы»[1].

Біз адамдар туралы көзімізге көрінген істері мен сөздеріне қарап қана ой айта аламыз, ал енді жүректері мен ниеттерін ғайыптарды білуші жалғыз-ақ Алла тағалаға тапсырамыз. Усама ибн Зайд шайқастардың бірінде бір кісіні, Алладан басқа тәңір жоқ деп куәлік айтуына қарамастан, өлімнен құтылуы үшін, өтірік айтып тұр деп оймен өлтіріп қояды. Сонда бұл хабарды естіген Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Оның айтқан айтпағанын жүрегін жарып білдің бе?…» – деп мазасызданады[2].

Ерлі-зайыптылар Исламның талаптарына сай өмір сүрген болса, ешқашан жүректерінде алдап жүр ғой деген күдік тумайды, қайта бір-біріне сенімдері артады.

София анамыз, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте иғтикаф құлшылығында болған еді. Кешкі уақытта мен оның хал-жайын сұрауға келдім. Сөйлесіп болып, үйге қайта бергенімде, мені шығарып салуға орнынан түрегелді. Сол уақытта ансарлық екі кісі қасымыздан өтіп бара жатты. Олар Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көре сала жүрістерін тездетті. Сонда Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол екеуіне: «Тоқтаңдар! Бұл – София ғой» – деді, ол екеуі: «Субханаллаһи, әй, Алланың елшісі» – деп жауап берді. Ол: «Расында, шайтан адамның бойындағы қан жүретін жолдармен жүреді, сол себептен жүректеріңе жаман ой сала ма деп қорқып кеттім» –дейді[3]. Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін күдікке түсірмес үшін және оларға күмән ұялатпас үшін, қандай әйелмен тұрғандығын түсіндіріп берді.

Ерлі-зайыптылар бір-бірінен қайда бардың, қайдан келдің, кіммен болдың, кімнің үйінен келдің деп әр нәрсенің егжей-тегжейін сұрап мазаларын алмаса, онда бір-біріне деген сенімдерінің берік болғаны. Алланың елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салиқалы әйелге берген сипаттарының бірі – мынадай: «..Күйеуі жоқ кезде, оның ар-намысын қорғайды»[4].

Қызғаныш – адамға тән әрі қажет табиғат. Жұбайын қызғанбау – айыпты қасиет, алайда шегінен асуы да мақсат емес, сол себептен оның көркі – орташалығында. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, қызғанудың Аллаға ұнамдысы да бар, жек көрініштісі де бар. Алла жақсы көретін қызғаныш айғақтың негізіндегі қызғаныш, ал Алла жек көретін қызғаныш – дәлелсіз қызғаныш»[5].

Қызғаныш шегінен асып кететін болса адамды жаман қылыққа итереді. Айша анамыз, Алла тағала оған разы болсын, – София секілді тамақты дәмді пісіретін әйелді көрген емеспін, – деді ол, – ол Алланың елшісіне тамақ пісіріп әкеледі, бұл уақытта пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менің үйімде болатын. Тұла бойым қалшылдап, қатты қызғаныштан дірілдген бойы қолымдағы ыдысты жерге түсіріп сындырдым, кейін бұл ісіме өкініп, Алланың елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл қателігімді қалай жусам болады?» – дедім, ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол ыдыстай ыдыс табасың және сол тағамдай тағам пісіресің!» – деп жауап берді[6].

[1] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[2] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[3] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[4] Әбу Дәуд келтірді
[5] ан-Насаи келтірді
[6] Әбу Дәуд келтірді

«Отбасы бақытына апарар отыз жол» кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: