Нəпақа табу - ердің міндеті.

Нəпақа табу - ердің міндеті.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Нəпақа» – «табыс», «несібе» дегенді білдіреді. Ал нəпақаның діндегі терминдік мағынасы − отбасы мүшелерінің тамағы, киім-кешегі мен баспанасы секілді күнкөрісіне керек дүниелер. Мұны Алла тағала еркектің мойнына жүктелген.

Нəпақаның көлемі əйелдің қалауы бойынша емес, ер кісінің шама-шарқына қарай белгіленеді. Алла тағала мұны Құран кəрімде былай баяндайды:

«Жағдайы бар адам (отбасының нəпақасын) байлығына қарай молынан берсін. Ал ризығы шектеулі адам Алланың оған нəсіп еткеніне қарай берсін. Алла тағала құлына бергенінен артық жауапкершілік жүктемейді».

Отбасы үшін жұмсаған ақшасының отағасы үшін ең қайырлы табыс екенін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадистерінде: «Кісінің жұмсаған ақшасының ең абзалы қолындағы бала-шағасына жұмсаған ақшасы, Алла жолында қолданатын ат-көлігі жəне Алла жолында жүрген достары үшін жұмсаған ақшасы».

Тағы бір хадисінде «Бала-шағаң, жұбайың жəне қызметшілерің үшін жұмсағандарың – садақа», – деп айтқан. Əйелі бай болса да, кедей болса да оны асырау күйеуінің міндеті. Дəулетті əйел өз еркімен күйеуіне көмектессе, онда игі ісінің сауабы Алла алдында ескерілетіні анық. Бір күні екі дəулетті əйел Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) күйеулеріне садақа беруге болар-болмасын сұраған кезде, ол кісі:

«Күйеулеріңе көмектессеңдер, сендерге екі сауап беріледі. Туысқандық пен садақа сауабы» дегенді айтып еді. Отағасы отбасын адал ризықпен асырауы тиіс. Бұл − əйелдің жəне бала-шағаның ақысы. Бұрынғы кездері салиқалы əйелдер отағасын сапарға шығарып салып тұрып:

«Отағасы, арам асты шаңырағымызға əкелме. Онымен аузымызды былғама. Қамшының сабындай мына қысқа өмірде аштыққа көнерміз, бірақ тозақтың отына шыдай алмаспыз», – дейді екен. Ал қазіргі таңда кейбір əйелдер: «Қайдан тапсаң одан тап, ұрлайсың ба, кісі тонайсың ба, онда шаруам жоқ, бізді ел қатарлы асыра» – деп, күйеуінің шақшадай басын шарадай етіп жатады. Жоғарыда сөз етілген нəпақаның ішіне баспананың да кіретіні айтылды.

Баспана – адамзаттың ең негізгі қажеттіліктерінің бірі. Мұсылман отбасының баспанасы Ислам дінінің талаптарына сай өмір сүре алатындай жағдайда болуы керек. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Адамның үш нəрсемен бағы жанады: салиқалы əйел, кең əрі жайлы үй жəне жақсы көлік», – деген.

Хадистегі «жайлы үйді» ғалымдар көршілері жақсы, мешітке жақын, ыңғайлы үй деп түсіндіреді. Баспана сатылып алынған жағдайда да, жалға алынса да төленетін ақы адал табыс, маңдай термен табылуы қажет. Арам табыспен баспанасын қамтамасыз етуге отағасының қақысы жоқ. Жұбайы мен бала-шағаның киім-кешектері де отағасының мойнына жүктеледі. Қоштасу құтбасында Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету əйелдеріңнің ақысы» деген.

Бір күні сахабалар Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Уа, Алланың елшісі, бізге жұбайларымыздың ақысы жайлы не өсиет етесіз?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) оларға былай деп жауап береді:

«Жегендеріңнен оларға да жегізіңдер, киінгендеріңдей оларды да киіндіріңдер».

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) отбасында жұбайларының киім- кешегі мен əшекейлеріне сараңдық танытпаған. Дінімізде əшекей бұйымдарды əйел адамның киім-кешегінің бір бөлшегі ретінде қарастырады. Себебі, ол да əйел баласының қажеттіліктерінің бірі. Хазірет Айша анамыздың бірнеше алтын жүзігі, алқасы болған екен. Эфиопия патшасы Нəжəшиден сыйлық ретінде келген опа-далаптарды Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жұбайларына бөліп берген. Үмму Хабибə анамыз пайына түскен опа-далапты қолданғанын, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұны көрсе де тыйым салмағанын баяндайды. Бірақ, Ислам дінінде əйел адамның сəнді киінуіне, опа-далап қолданып, əшекейлер тағуына рұқсат етілгенмен, бұны тек өзінің күйеуіне көрсете аларын, бөгде ер кісілерге көрсетуге болмайтыны айтылады.

Бір күні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) балдызы Əсма хазірет Айшаның үйіне үстіне əтір сеуіп келеді. Мұны байқаған Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) балдызына: «Əйел күйеуінің тысында өзгелер үшін үстіне əтір сеппеуі керек», – деп ескерту жасаған. Сондықтан сырт көзге түсерлік өрнекті əшекейлер, опа-далап пен иіссулар харам саналады. Жұбайын асырау күйеуінің міндеті болғандықтан, жарының дəрігерге қаралуы, дəрі-дəрмектерін табу күйеуінің тағы бір міндеті.

Тіпті кейбір кітаптарда ер кісінің əйеліне мұсылман əйел дəрігер тауып беруі қажет екені де айтылады. Көріп отырғанымыздай, қыз бала тұрмыс құрғанға дейін əкесінің жаңашырлығында болса, үйленгеннен кейін оны асырау толығымен күйеуіне жүктеледі. Бұл да дініміздің жаратылысы нəзік жандарға деген ерекше қамқорлығы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: