Зекет – Ислам дініндегі бес парыздың қатарына жатқызылған құлшылықтың бірі. Аллаға және Оның елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иман келтірген әрбір пенде мал-дүниесі белгілі бір нисабқа толғаннан кейін, сол мал-дүниесінен шариғат белгілеген мөлшерін Алла жолында жұмсауға міндеттелген. Алла Тағала қасиетті Құранда «Нұр» сүресінің 56-аятында:
«Намаздарыңды толық орындаңдар да, зекетті беріңдер, әрі Пайғамбарға бойұсыныңдар. Сонда Алланың мейіріміне бөленесіңдер» – деп әмір етеді. Көптеген Құран аяттарында зекет намазбен қатар бұйырылуынан оның қаншалықты маңызды құлшылық екенін түсінуге болады.
Алланың Елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі ме сәлемі болсын) Мұғаз Ибн Жәбәлді (оған Алла разы болсын) Йеменге жіберіп тұрып: «Ақиқатында сен кітап иелерінен болған қауымның арасына барасың. Оларға барған уақытыңда оларды «Лә иләһи иллАлла, Мухаммадун Расулуллаһ» – деп куәлік беруге шақыр. Егер олар бұған бойұсынса, Алла оларға бір күнде бес уақыт намазды парыз еткендігін хабарла. Егер олар бұған да бойұсынса, оларға олардың байларынан алынып, пақырларына берілетін садақаны (зекетті) парыз еткендігін хабарла. Егер олар бұған бойұсынса олардың мал-дүниелерінің жақсысын алудан сақтан. Зұлымдыққа (қиянатқа) ұшыраушының дұғасынан қорық. Өйткені, оның дұғасы мен Алланың арасында перде жоқ» - деді.
Жоғарыдағы аят пен хадисте түсіндірілетіндей зекет беру Алла Тағала алдындаға елеулі, әрі сауабы мол құлшылық екендігі даусыз. Олай болса, зекет сөзі араб тілінен аударғанда – көбею, өсу, тазару деген сияқты бірнеше мағыналарды қамтиды.
Зекет сөзінің шариғаттағы мағынасы Аллаға иман келтірген мұсылман пенде өзіне нәсіп етілген мал – дүниеден арнайы бөлікті, арнайы адамға Алланың разылығы үшін шариғатта белгіленгендей етіп бөліп беру.
Алланың разылығы мен рахымынан үміт етіп, шын ықыласпен Ұлы Алланың әміріне және Алла елшісінің (с.ғ.ғ.) сүннетіне бой ұсына отырып берілген зекет адам баласын екі дүниенің игілігіне жеткізіп, мәңгілік бақытқа жеткізері сөзсіз. Осындай ниетпен берілген зекет пенденің жүрегінде болған баянсыз дүниеге деген сүйіспеншілікті жояды, әрі мал-дүние табу жолындағы кеткен кемшілік, күнәларды тазартады. Яғни мал – дүниенің берекесін кіргізіп, тазартады.
Сондай-ақ, парыз етілген зекетті төлеу, кедейлер мен мұқтаждардың қажетін өтеп, қоғамдағы тепе-теңдікті қалпына келтіреді және зекет төлеушінің байлығының артуына себеп болады. Алла Тағала Құранда:
«Тиісті орынға бір нәрсе жұмсаңдар, сонда Алла тағы есесін береді» – деген.(Сәбә сүресі, 39 аят).
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Садақа беру мал-дүниені кемітпейді», «Мал-мүліктеріңді зекет берумен көбейтіңдер, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, түрлі қауіп қатерлеріңді дұға арқылы қайтарыңдар» - деген.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен мөлшерін және шарттарын ислам ғұламалары Құран аяттары мен Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті бойынша бекіткен.
Зекет беруші әуелі Алла разылығын табу мақсатымен ниет етуі шарт. Кейін дүние-малы шариғатымызда белгіленген мөлшерге толып, оның қолында бір жыл толуы керек. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисте:
«Бір жыл толмай байлыққа зекет берілмейді» - деген.
Зекеті алынатын байлық түрлері мен мөлшері мынадай:
- Алтын - 85 гр
- Күміс - 595 гр
- Түйе - 5 бас
- Сиыр - 30 бас
- Қой мен ешкі – 40 бас
- Сауда заттарында 85 гр. алтын мен 595 гр. күмістің құнына тең келетін кез келген тауар түрлері.
- Ақшалай 85 гр алтын мен 595 гр күмістің құнына тең болса
- Бау-бақша және егіс өнімдері.
Осы байлық түрлері көрсетілген мөлшерге жеткен әрбір мұсылман зекет беруі парыз. Қайсынан қанша беруін білмеген адам дін мамандарымен кеңесіп, білім алғаны дұрыс. Себебі, мұны әрбір адам біле бермейді.
Ал осы зекеттен тиісті үлесін алуға хақылы болған адамдар мыналар:
- Пақырлар. Яғни дүние-малы аз болған адамдар.
- Міскіндер. Еш нәрсесі жоқ адамдар.
- Зекет жинауға арналған арнайы адамдар.
- Ислам дінін жаңадан қабылдаған немесе қабылдауға ниеті бар адамдардың жүректерін жібіту үшін бұларға да жиналған зекеттен үлес беруге болады.
- Құлдар. Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі.
- Қарызға батқандар.
- Алла жолындағылар. Яғни Алла жолында білім талап қылушылар мен оларға білім беру жолында өмірін сарп еткендер.
- Қаржылары бітіп жолда қалғандар.
Ұлы Алла Тағала Тәубә сүресінің 60-шы аятында айтады:
«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға арнайы тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға) құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді».
Парыз етілген зекетті берудің сауабы қаншалықты үлкен болса, оны бермеудің жазасы да ауыр.
Зекет төлеуден бас тарту мал-дүниенін берекесін қашырып, пендені байлыққа құл болуға итермелейді. Ал мұндай пенде екі дүние бақытынан құр қалып, дүние мен ақыреттің бақытсыздығына душар болады.
Пайғамбарымыз Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистерінде:
«Мал дүниелерінің зекетін бермесе әлбетте Алла оларды ашаршылыққа душар етеді», «Мал –дүниелерінің зекетін бермесе алла әлбетте аспаннан жаңбыр жаумады» - деген.
Яғни кедейлердің ақысын аяқ-асты етіп, олардың мұқтаждықтарын өтемеген әрбір қоғам әр түрлі табиғи апаттарға ұшырайтыны ақиқат.
Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисинде былай дейді:
«Әрбір таңда көктен екі періште түсіп, бірі «Уа Алла, жомарттың малын арттырып, береке бер» деп, екіншісі «Уа Алла, сараңды опат қыл» деп Аллақа дұға етеді».
Ал бұл дүниедегі жағдай осылай болғанда, ақыреттегі ахуалды ойлаудың өзі қорқынышты.
Алла Тағала құранда:
«Сондай алтын күмісті жиып, оны Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Қиямет күнінде олар тозақ отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып:- «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар» - деп ескертеді. (Тәубә сүресі 34,35 аяттар).
Алла Елшісі Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
«Қиямет күні малынан зекет бермегеннің малы көздерінде екі қара дағы бар, қабығы түсіп түлеген улы жылан кейпінде оның мойнына орала, жағынан шағып: «Мен сенің байлығыңмын, мен сенің қазынаңмын» -деп айтатыны жайлы баяндағаннан соң:
«Алланың кеңшілігінен өздеріне нәсіп етілген нәрседен сараңдық жасағандарға, қиямет күні сол нәрселері мойындарына жылан боп оралады. Сондай-ақ, көктер мен Жердің мирасы Алланыкі. Әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі» деген аятты оқыды.
Яғни, Алла және Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иман келтірген әрбір пенде мал-дүниесі нисабқа толғаннан кейін, Алланың рақым-мейіріміне ұмтылып, азабынан сақтану үшін парыз болған зекетті өтеуге асыққаны жөн.
Алла Тағала Құран аяттарында:
«Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге Өз тарапынан кешірімі мен кеңшілігін уәде етеді». (Бақара сүресі 268 аят)
«Алла өсімнің берекесін кетіріп жояды, ол садақасы берілген малды берекеттендіріп арттырады» - деп ескертеді.
Олай болса, құрметті бауырлар, ел-жұртымыздың тыныштықта, береке-бірлікте өмір сүріп, ел экономикасының Алла Тағаланың жәрдемімен одан әрі қарыштап дамуын көксейтін болсақ, бес парыздың бірі болған, береке байлықтың кепілі болған зекетке мән беріп, орындауға асығайық.
Осыған орай, елімізде діни басқарманың қолдауымен ашылған зекет қорының да ел игілігі үшін қызмет етіп жатқанына біршама уақыт болды. Осы аралықта облысымызда қордың жұмысына атсалысып, бес парыздың бірі болған зекеттерін өтеп, Алланың ризалығын табуға ұмтылып жүрген азаматтар Аллаға шүкір баршылық. Алла Тағала олардың отбасыларына, мал-дүниелеріне береке беріп, ниеттеріне жеткізсін.
Небір қиындықтарды басынан өткеріп қаншалаған сынақтардан сүрінбей өткен халқымыз бабалары ұстаған ислам жолынан, имандылығынан ажыраған емес. Ендеше осы бір Алланың ризалығына жеткізіп, екі дүние игілігіне жетуге себеп болатын бес парыздың бірі болған зекет ғибадатын өз деңгейінде орындауға атсалысайық, ағайын!
Алланың игілігі мен сәлемі Оның Елшісі Мұхамедке, оның жанұя мүшелеріне, сахабаларына және қияметке дейінгі оның сүннетіне ерушілерге болсын!
Әссәләму ъәләйкум уә рахматуллаһи уә баракатуһ.
Субхәнәкәллаһуммә уә бихәмдик Әшһәду ән-лә иләһә иллә әнтә, әстәфирукә уә әтубу иләйк.