Құран үйренудің сауабы мен маңыздылығы.

Құран үйренудің сауабы мен маңыздылығы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің». (Тирмизи, Фадайлул-Құран 15).


Құран - бүкіл адам баласын қара түнектен, нұрлы жарыққа шығару үшін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтке (с.а.у.) түсірілген иләһи кітап. 


Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сендерден біреу Раббысымен мінәжат пен мукәлләманы (Оған жалбарынып, онымен тілдесуді) жақсы көрсе, шын жүрегімен Құран оқысын», - деген.  Сахабалар да осыған сәйкес, әр күндерін Құран оқумен бастайтын. Тіпті, хазіреті Осман (р.а.) Құранды көп оқығаны соншалық, екі Құранды ескірткен екен.


Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құранды үйренген әрі  үйреткен, бұйрықтарын толық орындаған адамды жұпар иісті әтірге бағаласа, Құраннан алыстардың жүрегін құлағалы тұрған үйге ұқсатқан. Хазіреті Омардың (р.а.) айтуы бойынша, Аллаһ елшісі (с.а.у.): «Аллаһ Тағала Құран арқылы кейбір қауымдардың дәрежесін жоғарылатады, ал кейбірінің дәрежесін түсіреді», - десе, келесі хадисте: «Үмметімнің ең қайырлы амалы - Құран оқу. Темір қалай тат басса, жүректерді де солай тата басады», - деді.  Саңлақ сахабалар: «Оның қандай емі бар?», - деп сұрағанда, Аллаһ елішісі (с.а.у.): «Құранды көп оқу және өлімді жиі еске алу», - деп жауап берген.


Мінезі Құран болған, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның тәрбиесінде жетілген сахабалар Құранды жиі оқып, тыңдауды басқадан артық көрген. (Әбу Нуғайм, Хилятул-Әулия, Бейрут 1967ж., І, 342).


Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына Құранды оқумен қатар, жаттауды насихаттап отырды. Қарилардың, яғни Құранды жатқа білушілердің абыройлы періштелермен бірге болатындығын сүйіншіледі. Өйткені, алғашқы Құран қарилары - Жәбірейіл (а.с.) періште мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) болды. Қарилардың дәрежесінің жоғары екендігін: «Мұрны кесілген қара құл  болса да Құранды көбірек жаттаған жан өзгелерден артық», - деп көрсетіп кеткен.


Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы өсиетін орындағандардың бірі, атақты сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.): «Өзінен басқа тәңір болмаған Аллаһқа ант етемін! Аллаһ Тағаланың кітабындағы әрбір сүренің қай жерде түскендігін білемін. Әрі Аллаһ Тағаланың кітабындағы әрбір аяттың кім жайлы түскендігін де білемін.  Басқа біреудің Аллаһтың кітабын менен жақсы білетінін естісем әрі оған түйемен жету мүмкін болса, еш ойланбастан сапар шегетін едім», -  деп, Құранға деген сүйіспеншілігін білдірген.
Аллаһ Тағала «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Аллаһ білімді қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Мұны ақыл иелері ғана  түсіне алады», - деп бұйырды.
Біз де өзіміздің саңлақ сахабалар секілді иманы берік, сөзі мен ісі бір-біріне үйлескен сүйікті құлдарының қатарынан болуды тілеп, Құран жолынан айырмауды сұрайық.

 

Камила Мырзабаева,
«Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған
қыздар сауат ашу курсының ұстазы.

 

 

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: