Өкіл имамы Мойынқұм ауданының зиялы қауымымен кездесті

Өкіл имамы Мойынқұм ауданының зиялы қауымымен кездесті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін, қасиетті жұма күні Мойынқұм ауданы әкімдігінде өкіл имам Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлы ауданның зиялы қауымымен кездесті. Кездесуді аудан әкімінің  орынбасары Бақытжан Есеев жүргізіп отырды.

- Облыс көлеміндегі діни ахуал қалыпты деуге болады. Әсіресе, Мойынқұм ауданында кереғар ағымдардың жоқтығы қуантады. Аудандағы тіркелген 13 мешіттермен тығыз қатынаста болып, олардың қызметтерінің сапалы болуын қадағалап отырамыз. Бір кездері ауданда мешіттерді тіркеу және олардың кадрлық мәселелерін шешу қиын болса, ал бүгінде аталған мәселелер оң шешімін тауып келеді.  Облыстық «Һибатулла Тарази» медресесінде ауданнан екі шәкірт білім алуда. Олар да күні ертең өз орталарыңызға оралатын болады, - деді Данияр қары Жұмабаев.

Өкіл имам сөзін жалғай келіп, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Қуат Дүйсенбайұлы аудандық мешіттің бас имамы қызметінен босатылып, Шу қаласында орналасқан «Жәми» мешітіне бас имам қызметіне тағайындалғандығын және Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы қызметіне осы ауданның тумасы Исаев Зият Мәдібекұлының тағайындалғандығын жеткізді.

Кездесуде сөз алған, еңбек ардагерлері Ж. Есеев, Ж. Қалыбаев, З. Әлімбетов, З. Қамшыбаевтар, Данияр Әлимұхаммедұлына ауданға арнайы келіп, діни ахуалды жандандыруға бағытталған әсерлі кездесу өткізгендігі үшін алғыстарын айта келіп, төрт жылға жуық ауданның бас имамы қызметін атқарған Қуат Дүйсенбайұлының жұмысына  жақсы баға беріп, имамдардың алдағы атқарар қызметтеріне табыс тіледі.

-Мойынқұм киелі жер. Осындай киелі жерде төрт жылдай маған қызмет ету бұйырды.  Осы уақыт аралығында аудан халқымен етене араласып, Ислам дінінің кең өркен жаюуы үшін қызмет атқарылды.  Менің осы абройлы қызмет атқаруымда көмек берген ауыл ақсақалдарына, аудан басшыларына, ауыл ағаларына басқа да жамағатқа алғысым шексіз. Зият мырзаның жұмысына табыс тілеймін, -  деді Қуат Дүйсенбайұлы.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Б. Есеев қорытындылап, облыс имамы Данияр Әлимұхаммедұлына алғыс айтып, жаңа тағайындалған имамдардың алдағы қызметтеріне табыс тіледі.

С. Абылашұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: