Мәуліт шуағы

Мәуліт шуағы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ағымдағы жылдың 13-ші қаңтарынан сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір айға созылатын мүбәрак Мәуліт мерекесінің басталғаны барша мұсылман халқына мәлім. Мереке ауданымызда да жоғары деңгейде аталып өтілді. Соның жарқын айғағы, 11 ақпан күні аудандық Мәдениет үйінде әкімнің ұйымдастыруымен осы Мәуліт мерекесіне орай арнайы шақырылған Оңтүстік Қазақстан облыстық «Асыл мұра» өнер орталығы өнерлілерінің қатысуымен «Қош келдің, Мәуліт айы» атты рухани мерекелік кеш өтті.

Әлемдердің Раббысы Пайғамбардың (с.ғ.с) сипаты туралы «Біз сені әлемдерге рақым ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107 аят) – дейді. Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің есімін қалайша ұлықтамасқа?!

Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, Пайғамбарлардың иманы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммед (с.ғ.с) Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, сансыз салауаты мен сәлемін арқалай келген оңтүстіктің «Асыл мұра» орталығы өнерлілерінің өнері жиналған жұртшылықты ұйытты. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың артуына бір себеп болғаны анық. Оны біз осы мерекеде анық байқадық. Өйткені, зал іші халыққа лық толды. Араларында ата да, әже де, жастар да, сәбилер де болды.

Мерекелік кешті ашқан аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулет: - Адамның ең ардақтысы, ең асыл қасиеті – рухани дүниесінде, адамның мәңгілік асылы болып саналатын сезімінде, талабында. Міне, сол талаптың тұлпарына мініп, сезімді серік еткен асылмұралықтар баршамызға асыл дүниелерін арқалай келіпті. Мәуліт айының шапағатын шаша келіпті. Баршаңызға Алланың нұры жаусын, - деп жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Бұдан соң ауданның бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз жайында кеңінен сөз қозғап, Шымкент қаласынан келген (өткен жылы Мәуліт мерекесінде де осында болып, өнер көрсеткені бар) өнер иелеріне алғыс айтты.

Рухани мерекелік кештің бағдарламасы негізінде іс-шара «Бисмилләдан» бастау алып, «Бейсеу ата» мешітінің бас имамы Таңат Талманбетовтың салауат айтуымен жалғасты. Жамағат оқылған құранға қол жайды.

Асылмұралықтардың жетекшісі әрі іс-шараны жүргізуші Бекзат Сәкенұлының келтірген монологы, орындаған әні, әртістердің көрсеткен қойылымдары жамағатты бір серпілтті. Аудан халқының бұл мерекеден рухани азық алғаны анық. Залдан шыққандар үлкен ойдың үстінде кетіп бара жатқанын аңғару қиын емес еді.

Халық көңілін сырттай бағдарлап тұрған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова: - Халық пайғамбарымыздың өсиеттерін тағы бір сезінген сияқты. Әсіресе, жастар адалдық пен арамдықтың, әділдік пен әділетсіздіктің, сабырлық пен шыдамсыздықтың қандай екенін жақсы түсінді. Бұл мереке бәрімізге рухани байлық сыйлады, - деді.

Расында, шарапатты бұл Мәуліт мерекесі адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың артуына сеп болғаны анық.

 

Дүйсенбек ОРМАНОВ Жамбыл аудандық

«Шұғыла-Радуга» газетінің тілшісі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: