ҚҰРАН ҚАЛАЙ ЖИНАҚТАЛДЫ?

ҚҰРАН ҚАЛАЙ ЖИНАҚТАЛДЫ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрім – Алла Тағаладан Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен иләһи кітап екені көпшілікке мәлім. Ал оның қалай келгенін, қолымыздағы бір том кітапқа қалай айналғанын біле бермейміз. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде Құранды жатқа білген сахабалар көп еді. Сонымен қатар оны жазу міндетін бірнеше сахабаға жүктеген болатын. Олардың қатарында Әли ибн Әбу Талиб, Убай ибн Кағб, Зәйд ибн Сабит, Муғауия ибн Әби Суфиян (оларға Алла разы болсын) тәрізді танымал сахабалар болды.

Алладан уахи келгенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хатқа жазушы сахабаларды шақырып, түскен аяттың Құранның қай сүресінің қай аятынан кейін жазылатынын айтып, жазып қоюды бұйыратын.

Бұл жайында Абдуллаһ ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі өзіне бір сүре түссе, жазатын адамдардың бірнешеуін шақырып, оларға: «Бұл сүрені мына, мына айтылған жерге қойыңдар»– дейтін», – деген. Құран аяттары ол заманда қағаз болмағандықтан, сүйек, тері, тас сынды жазуға жарайтын заттарға жазылған.

Әр жылы Рамазан айында сол уақытқа дейін түскен сүрелер мен аяттарды Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран кітабында келген қазіргі тәртібімен Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) періштеге тапсырып отырған. Сол сияқты сахабалар да жазған және жаттаған сүрелері мен аяттарын жыл бойы Пайғамбарға тексертіп отыратын еді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін мұсылмандардың халифасы болып Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) сайланды. Ол кезде уахи тәмамдалып, Құран аяттары әртүрлі заттарға жазылған. Сондай-ақ шашыраңқы күйде сахабалардың да жадында сақталған. Ямама шайқасында мұсылмандар көптеген Құран жаттаған сахабаларынан айырылады. Бұл жайт Омарды (оған Алла разы болсын) толғандырып, халифа Әбу Бәкірге Зәйд ибн Сабит, Убай ибн Кағб, Ибн Масғуд сынды Құран жаттаған сахабалардан да айырылып қалмай тұрғанда Құранды жинақтау мәселесін көтеруді ұсынады. Алайда Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі атқармаған істі мен қалай атқарамын?» – деп келісім бермейді. Кейін ойлана келе бұл істің дұрыс екеніне көзі жетті. Сосын халифа бұл істі Зәйд Ибн Сабитке (оған Алла разы болсын) тапсырады. Зәйд әртүрлі заттарға жазылған Құран аяттарын сахабалардан алып жинақтай бастайды. Жауапкершілігі ауыр іс болғандықтан, жанына Омарды (оған Алла разы болсын) да қосуды сұрайды.

Сахабаларға Құран аяттарын қабылдау үшін төмендегідей шарттар қояды: алып келген аяттардың жатқа білуі керек; Пайғамбарымыздың құзырында жазылуы керек; Пайғамбар құзырында жазылғанына екі адамның куәлік етуі керек. Құранды жинақтау жұмысы бір жыл көлемінде аяқталды. Шашыраңқы күйдегі аят пен сүрелерді белгілі тәртіппен, кітап түрінде жинақтаған уахи хатшысы Зәйд ибн Сабит Құранды Әбу Бәкірге тапсырды. Ол дүниеден өткеннен кейін Омардың қолына, ол да дүниеден өткеннен кейін Пайғамбарымыздың жұбайы Хафса анамыздың қолына тиеді.

Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) дәуіріндегі Құранды жинақтау жұмысынан кейін Османның (оған Алла разы болсын) халифалығы тұсында Құран кітабын көшіріп, көбейту жұмыстары жасалды. Оның себебі Османның халифалығы кезінде мұсылмандардың саны көбейіп, сахабалар Ислам мемлекетінің кеңейген аймақтарына бет алған болатын. Енді олар Құранды өздері естіп үйренгені бойынша оқыта бастады. Шамдықтар Убай ибн Кағбтың, куфалықтар Абдулла ибн Масғудтың, ал басқалары Әбу Мұса әл-Ашғаридың қырағатымен оқи бастады. Құран үйренуші жұрт Құранның жеті қырағатта түскенінен бейхабар күйде, қолында белгілі бір мұсхафы жоқ болғандықтан, өзара түсініспеушілікке ұшырады. Тіпті мұндай көрініс басқа аймақта ғана емес, Мәдина қаласында да орын алды. Бұл жағдай мұсылман елдері арасында тартысқа апарып соқты. Мұның жақсылыққа апармасын түсінген қолбасшы Хузайфа ибн Йәман (оған Алла разы болсын) халифа Османға келіп бұл мәселені тездетіп шешуді өтінді. Бұл мәселені түсінген халифа Осман мен сахаба Хузайфа ибн Йәман негізгі түпкі құрайыш диалектісін негізге ала отырып, барлық мұсылманға ортақ бір мұсхаф жазып, оны көбейту керек екенін аңғарды. Сөйтіп Осман Құран жаттаған төрт сахабадан тұратын алқа құрды. Олар хадисте келген Зәйд ибн Сабит, Абдулла ибн Зубайр, Сағб ибн әл-Ас, Абдуррахман ибн әл-Харис ибн Хишам болатын. Бұлардың соңғы үшеуі құрайыш руынан еді. Сосын Хафса бинт Омардан Әбу Бәкірдің тұсында жазылған мұсхафты алдыртып, соны негізге ала отырып мұсхафтарға көшіруді тапсырды. Ал Хафсадан алған Құран жинақтары өзіне қайтарылып, өмірінің соңына дейін сақталған. Осылайша Құран Кәрім ыңғайлы кітап ретінде біздің қолымызға жеткен.

Алла Тағаланың шексіз рақымының асыл айғағындай болған, Жаратқанның ең соңғы қасиетті кітабы Құран Кәрім – соңғы иләһи кітап әрі алдыңғы иләһи кітаптардың барлығының бір Жаратушы тарапынан түсірілгенін растайды. Бұл жайында Құранда: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші (Мұхаммед) Алладан саған алдындағыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді. Бұның алдында Таурат пен Інжілді түсірді» («Әли Имран» сүресі, 2-3 аяттар) делінген болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құран қарайған жүректерге нұр береді», – деген болатын.

Құран адамды рухани қиындықтардан, көңіл тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ұмтылған жандар үшін – үміт көзі. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір береді. Құран – рухани ауруларға қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады.

Мұсылман жаны қысылып, көңілсіз күйге ұшырағанда дереу дәрет алып, Құран оқығаны жөн. Көңілсіздіктің жалғыз шарасы – Құран оқу, оқыған Құранды тыңдау. Құран – жарық та айқын нұр, адамдарға шипа һәм тура жол көрсетуші. Құран – өзін ұстанғандар үшін құтқарушы. Ол қанша көп оқылса да ескірмейді. Оны көп зерделеп, үкімдерін орындау қажет. Құран сөзінен тысқары шықпау ләзім. Себебі Алла Тағала Құран оқылғанда оқылған әрбір әрпіне он сауап береді.

 

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

Жамбыл облысының бас имамы

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: