Имандылық

Имандылық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылманның бір парызы зекет деген ...

Құран кәрімде Алла тағала «адамзатты өзіме құлшылық үшін жараттым» дейді. Ал осы құлшылықтың бастауы адамзаттың ішкі дүниесімен үндестіктен туындайды. Ол жүректен шығатын сенім, сүйсіну, үміт, жақсы көру, қорқу, сүйіспеншілік сияқты ішкі сезімдер. Махаббатпен жаратқан жалғыз Аллаға арналып сезінген осы ішкі сезімдер жүректе толысып, тасып сыртқы амалдардан көрініс береді. Яғни, ол кісінің бүкіл жан дүниесі дене мүшесі, жиған терген мал дүниесі бір Аллаға құлшылық ете бастайды. Соның қатарында мал құлшылығы дініміздің бүтін бір негізгі бөлшегіне ұқсайды. Мал дүние көз тоймағандықтан ба, әлде тынымсыз еңбекпен біткендіктен бе адам баласына жақсы көрінген. Сондай жүрегіне жақын нәрсені Алла үшін деп жұлып алып, өзгеге беру өте қиын іс, ерлікті, иманды шынайылықты талап етеді. Алла оны осы себептен болар құлшылықтың ең көркем түріне жатқызады.

Алла тағаланың Құран аяттарында малмен жасалатын құлшылықтарға көбірек көңіл бөлуі тектен текке емес шығар. Оны ғибадаттың төресі болған намазбен ұдайы бірге атайды. Атауын зекет дейді. Арабшадан аударғанда зекет адалдық, тазалық деп түсіндіреді. Немесе жалпылама атауын садақа дейді. Яғни, шыншылдық, шынайылық деген мағынаны береді. Алпыс екі тамырын дүниеге құштарлыққа байлап, нәпсісі малды жан тәнімен қалап тұрса да, сол ризықтың шын иесін ойлап, Алла жолында жұмсауда жомарттық таныту, сенім тұрғысында шынайылықты білдіреді. Алланың садақа, шыншылдық деп атауының астары да осында.

Дүние адамның тек еңбегіне ғана бітпейді. Өмірде адамдардың бәрі бірдей бай өмір сүргісі келеді. Бірақ қанша таудай талабы болғанмен Алла бармақтай бақ бермесе, бір кем дүние жетер жетпей өмір сүреді. Сол үшін де бақ дарып, байлық қонған кісі Аллаға көп тәубешілікпен шүкіршілік қылуы керек. Алла Құран аяттарының бірінде кімді қаласам бай, кімді қаласам кедей қыламын деген ұғымда мысалдар келтіреді. Ал тағы басқа аятында байлық тек бар кісілердің арасында айналсоқтап, жүрмеу керектігін ескертеді. Қанша тырысып еңбектенсе де, сол дүниеге жете алмаған мұқтаж кісілерге, жоқ-жітікке, жетім жесірге, қарызға батқанға, жолда қалғанға, қайырымдылыққа, Алланың жолына берілу керектігін бұйырады. Алла әлбетте тек бұйырып қана қоймайды. Зекет есебімен мал дүниенді тазартып, берекесін беріп, көбейтемін деп уәде береді. Алла біздің берген дүниемізге емес, пейілімізге ырза болып, берер сауабын тек дүниеде ғана үйіп, төкпей ахиретке де қалдырып қояды. Ал керісінше зекет беруден қашқандарға дүниенің де, ахиреттің де ауыртпалығын жүктейді. Зекетін бермегеннің мал дүниесін Алла ұры-қарыға, ит құсқа жем қылады. Басына қайғы-қатер, деніне ауру, ұшырын бермесе жаңбыр, судан кенде қылады. Әлбетте бұл тек бұ дүниедегі қасіреті ғана, ал ахиреттегісі одан да қорқынышты.

Өткен жылы ҚМДБ-ның жанынан зекет қоры ашылған еді. Ол қордың мақсаты, осы бақуатты кісілерден зекетін жиып, яғни малын тазалап, тиісті мұқтаж кісілерге, Алланың жолына жұмсау болып табылады. Қорға жинақталған қаражат есебінен былтырдан бері жергілікті жерлердегі жағдайы төмен имамдарға жалақы беріле бастады. Биыл да аудан көлемінде иманын ойлаған бірқатар жандар зекет қорына өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, Нұрбол Темірбеков, Ерлан Рәтұлы, Сұлтан Месерханов, Талғат Қылышбаев, Алмас Жұмаділов, Жаңабек Шыршықбаев, Әуезхан Сәуленбаев, Лаваз Дазиев, Дәулет Шынәсілов, Сарыпбеков С. және т.б. жомарт кісілер. Бұл зекеттердің бірқатары ауыл, аудан тұрғындарынан тұрмысы нашар кісілерге үлестірілді. Біраз бөлігі облыстық ортақ қорға құйылды. Республикалық деңгейде ҚМДБ-ның көтеріп отырған бұл игі шараларға атсалысқан барлық азаматтарға өз алғысымызды білдіреміз.

Аллаға шүкір, береке-ынтымақ пен тыныштықтың арқасында күннен-күнге қарыштап дамып келеміз. Елу елдің шоғырына еніп, еңсемізді түзеп те алдық. Көбіміз бай-бақуатты өмір сүріп, мал-дүниеміз зекет нисабына жеткен жағдайымыз бар. Аллаға мың да шүкір делік. Енді бір сәт Жаратқанның бұйырғандарына зейінмен қарап, бар-жоқтың, обал-сауаптың парқын пайымдасақ екен.

Еліміз бай-қуатты болып, Патша Құдай берекемізді арттырсын!

А.Кенжемолдаев

Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық

мешіттің бас имамы, Жуалы ауданның бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: