«Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып» деген аятты қалай дұрыс түсінуге болады?

«Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып» деген аятты қалай дұрыс түсінуге болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сұрақ:«Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып» деген аятты қалай дұрыс түсінуге болады?

Жауап: Қасиетті Құранда Алла Тағала көктер мен жерді алты күнде жаратты деген бірнеше аяттар келтірілген. Мысалы: «Ол Алла, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты. Оның ғаршысы су үстінде еді…» (11:7). Ал басқа аятта былай келтірілген:  «Күдіксіз Раббыларың сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Алла, бүкіл әлемнің Раббы!» (7:54).

Келесі аяттар алты күн уақытты толығырақ ашып береді, көктер екі күнде жаратылса, ал жер төрт күнде жаратылған: (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер жерді екі күнде жаратқанға қарсы келесіңдер ме? Сондай-ақ Оған теңеулер жасайсыңдар ма? Бұл бүкіл әлемнің Раббы” де. (9)

Жерге үстінен асқар таулар жаратты да құт-береке қойып, жер жүзіндегілердің ризықтарын төрт күнде шамалады. Бұл сұраушылар үшін тура жауап. (10)

Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: “Екеуіңде ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер” деді. Екеуі де: “Бой ұсынған түрде келдік” деді. (11)

Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі, қорғауға алдық. Осы тым үстем, толық білуші Алланың тағдыры» (41:9-12).

Біз бір күн деп Жердің өз өсін толық айналып шығу уақытын айтамыз.  Біздің күніміз бен Алла Тағаланың Құранда келтірген күнінің ұзақтығы арасында айырмашылық бар. Уақыт салыстырмалы түсінік екені бәріне мәлім. Келесі аяттарға көңіл аударыңыздар: «Негізінде Алланың қасындағы бір күн, сендер санайтын мың жылмен тең» (22:47). «Ол жоғарғы орынға періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) мөлшері елу мың жылдық бір күнде шығады» (70:4). «Ол, көктен жерге дейін істі игереді. Сосын сендердің санауларың бойынша, мың жыл шамасындағы бір күнде Оған көтеріледі» (32:5).

Бұл аяттардан белгілі болғандай, біз күн деп санайтын уақыт ұзақтығы Алла айтқан күн ұзақтығынан өзгеше. Кейбір мүфассирлердің пікірі бойынша, «мың жыл», «елу мың жыл»  сөйлемшелер бұл кезеңнің ұзақтығын бізге түсінікті тілмен түсіндіру үшін метафора болып табылады.

Бір қызығы, егер үлкен жарылыс теориясына үңіліп қарасақ, оның пайда болған уақыты мен  галактикалардың пайда болуына дейін алты кезең болғандығын көреміз, жарылыс кезіндегі температура  12-14 триллион  градусты көрсеткен: 1-ші Кезең: Уақыт – жарылыстан кейін 1/100 секунд, температура жүз миллиард градуске дейін төмендеген.

2-ші Кезең: Уақыт – 1/10 секунд, температура отыз миллиар градус. 3-шіКезең: Уақыт – жарылыстан кейін бір секунд, температура он миллиард градус. 4-шіКезең: жарылыстан кейін он төрт секунд, температура үш миллиард градус. 5-ші Кезең:  жарылыстан кейін отыз бес минут, температура үш жүз миллион градус.   6-ші Кезең: жарылыстан кейін 700 000 жыл, температура бес мың градус, галактиканың пайда болуы. Шамамен алғандағы бүкіл әлемнің жасы жиырма миллиард жыл.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: