Көз тигенде қандай дұға оқылады?

Көз тигенде қандай дұға оқылады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Араб мақалында: «Көз адамды қабірге, түйені қазанға түсіреді»,-деп айтылғандай көз тию немесе назарлану деген жайт бар. Бұл хақында Құран Кәрімде: «Расында қарсы келгендер, Құранды тыңдаған сәтте, олар көздерімен ішіп-жеп, сені жыға жаздайды...[1]», - деп айтылған. Аталмыш аят тәпсірінде Ибн Аббас және Мужаһид (р.а.): «Алла тағаланың қалауымен, көз тию және оның зияны бар екендігіне осы аят дәлел»,– деген екен.

Көз тиюдің белгілері

Көз тиіп ауырған адамның бойында әлсіздік байқалып және жүзінде сарғылт, қызғылт немесе қара дақ белгілері пайда болуы мүмкін.1

Алла елшісі (с.ғ.с.) Үмму Сәләмәның үйінде қызметші қыздың жүзінде қаралау дақ барын көреді де: «Мына қызға дем салыңдар, ол назарланып қалыпты[2]»,– дейді.

Сахаба Саһл бин Ахнаф аққұба сымбатты кісі болған. Алла елшісі (с.ғ.с.) бастаған бір топ кісімен сапарда келе жатып, оған көз тиеді. Саһл назарланып денесін көтере алмай жатып қалады[3].

Көз тиген жанды қалай емдейді?

Ал, енді көз тиген адамды емдеудің бір жолы – шипа ретінде Қалам сүресінің 51-52 аяттарын және Мұминун сүресінің 97-98 аяттарын оқып дем салу қажет. Сонымен қатар, пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен шипалы дұғалар бар.

Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хусайнге: «Әъузу кумә би кәлимәтилләһи әт-тәммә мин кулли шайтонин уә һәмма, уә мин кулли ъайнин ләммә» (Алла тағаланың барлық сөздерімен әрбір шайтан мен зиянкестен және әрбір жаман көзден сен екеуіңе пана сұраймын),-деп дем салушы еді де, – Ибраһим (ғ.с.) осылайшы ұлдары Исхақ пен Исмаилге жасаған[4]», – деп айтушы еді.

Жәбир бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Алла елшісі (с.ғ.с.) мазасыздық сезген кезде Жәбірейіл (ғ.с.) келіп: «бисмилләһи урқикә мин кулли шайин иузикә мин кулли хасидин уә ъайнин уа Аллаһу иушфикә» (Алла тағала атымен саған дем саламын әрбір саған зиян ететін нәрседен, әрбір көре алмаушы мен көз тиюден Алла тағала саған шипа береді[5])»,– деп дем салған.

Сондай-ақ, назарланған адамды емдеудің тағы бір тәсілі: көзі өткен адам ыдысқа беті-қолын жуып дәрет алады. Сол сумен сырқаттанған адамның басынан бастап түгел денесіне құйып шығады. Алланың қалауымен шипасы болмақ.

Бұл жөнінде Айша (р.а.) анамыз: «Көзі тиген адамға дәрет алдыртатын, сол сумен назарланған адам жуынатын[6]»,– деп айтқан.

muslim.kz

[1] Қалам сүресі, 51-52 аяттар

[2] Бұхари, Муслим

[3]Ахмед, Ибн Мажаһ

[4]Тафсир Ибн Касир, 3-том, 663-бет

[5] Ахмад

[6] Әбу Дәуд


Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)
Осталось символо: 1000

Оқи отырыңыз: