Арыстанбаб.

Арыстанбаб.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Арыстанбаб

Арыстанбаб - әулие. Есімі Отырар, Сайрам, Ясы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде кеңінен жайылған. Оған зиярат етушілер бейсенбі сайын басына түнеп, ғибадат етеді. Сопылық ілімнің аса көрнекті өкілдерінің бірі С.Бақырғани: " Бабтардың бабы - Хорасанда, сансыз бабтар Үндістанда, Бабтар басы - баба Арыслан" деп жырлаған. Қазақ бақсылары да: "Түркістанда түмен баб, Сіздерден медеттілеймін, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, Ең үлкені Арыстанбаб, Сіздерден медет тілеймін" деп әулиелерден демеу сұраған. Әулие-әнбиелер иерархиясында Арыстанбабтың ең жоғары тұрғанын Алпамыс жырының бір нұсқасында Байбөріге перзентті болатындығы жайында хабар жеткізген Баба түкті Шашты Әзіздің:

 

 "Жам әулие жиналдық,
 бастығы болып Арыстанбаб" 

деген сөзінен де аңғаруға болады.

 

         Арыстанбаб туралы аңыз

"Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле" деген сөз де Арыстанбаб тұлғасының халық арасында үлкен орын алғандығын корсетеді. Арыстанбабтың Қожа Ахметтің ұстазы, пірі болғандығы жөнінде аңыз-әңгімелер де бар. Оның бірінде Ясауидің басына кесене орнатпақ болған Әмір Темірге "өуелі Ясауидің ұстазы болған Арыстанбабқа кесене тұрғызуың керек" деген аян берілген дейді. Екінші бір аңыз былай өрбиді: "Мұхаммед 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында халықты жинап, "кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен" деген өтінішіне 300 жастағы Арыстанбаб (Салман Фарс) үн қатады. Ол сол кезге дейін 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынсұнған адам екен. Арыстанбабтың келісімін алған Мұхаммед Алланың қалауымен аманатын Арыстанбабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстанбабқа 11 жасар бала: "Ата, аманатымды беріңіз" дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен". Бұл аңызды Бақырғани былай жырлаған:

 

"Субхан ием өсірді, Мұстафа (пайғамбарым) бұйырды, Арыстанбабам жеткізді, Шайхым Ахмет Ясауи". Жоғарыда келтірілген діни аңыздың негізгі ойы - Қожа Ахмет Мұхаммедтің ісін жалғастырушы болса, Арыстанбаб - оларды байланыстырушы дегенге саяды. Осы арада тағы бір атап өтетін нәрсе - Арыстанбабты аңыздың кейбір үлгілерінде Салман Фарс деп түсіндіру. "Хикметтер" мен Бақырғанидің еңбегінде құрманы әкелуші ретінде Салман Фарстың есімі мүлде аталмайды. Ал тарихта шындығында Салман Фарс есімді тұлға болған.

 

Ол һижра жыл санауы бойынша 35/36 жыл шамасы. (казіргі жыл санау бойынша 655/657 жыл шамасы.) дүние салған, қабірі Ирактағы Мадаина қаласында. Оның кесенесі де мұсылман сунниттердің зиярат ететін орны болып саналады. Әмір Темірдің "Аманат" деген тарихи шығармасында да Салман Фарстың кесенесі туралы айтылып, оны өз дәрежесінде ұстау үшін Маданын (Мадаина) қазынасынан қаражат (уакыф) бөлінгені жөнінде дерек кездеседі. Бұдан байқайтынымыз - Салман Фарс мұсылман әлемінде өз орны бар тарихи тұлға. Бірақ оның тегі - иран болған. Ал Арыстанбабтың тегі - араб ("Арабтардың ұлығы кіршіксіз таза затыңыз", 90-хикмет). Яғни Арыстанбаб пен Салман Фарс екі заманада өмір сүрген екі белек тарихи тұлға.


Ғұламалардың Арыстанбаб туралы еңбектері

Молла Мұса Сайрамидің "Тарих-и аминийа" атты еңбегінде 16 ғасырда өмір сүрген Әбілғазы Үбайдолла хан куәландырған Арыстанбабты Әзірет Әліден тарататын шежіре бойынша: Әлі имам Мұхаммед Ханафийа-Абд әл- Фаттах Баб-Абд әл-Жаббар Баб-Абд әр-Рахман Баб-Абд әр-Рахим Баб-Абд ел-Жалил Баб-Абд әл-Кәрим Баб - Ысқақ Баб-Исмайил Баб- Омар Баб-Осман Баб-Ифти- хар Баб-Махмуд Баб-Илйас Баб-Арыстанбаб Э.Муминов мұны Арыстанбабтың ата тегі деп танымайды. Шығыстанушының пікірінше, бұл Отырардың бас әулиесіне Мұхаммедтің өсиеті, ілімі кімдер арқылы жеткенін көрсететін тізім (силсила).

 

Арыстанбаб есімі Қожа Ахметтің "Диуани хикметінде" жиі аталады. "Арыстанбабам айтты", "Арыстан бабам сөздері, естіңіз, тәбәррәк" деген жолдар жиі қайталанатын тоқсаныншы хикмет Арыстанбаб өсиеттерінен тұрады десе де болады. Бұл хикметтерден байқайтынымыз, Арыстанбаб адамдарды инсаниат жолына шақырып, алдына "иншалла, есіткеңдерді хақтан тілеп алармыз, Шайтан жолынан алып, хақ жолына салармын, медет берсе, Мұстафа күнәларын тілермін" деп мақсат қойған. Арыстанбаб жайлы ең құнды мағлұматтар да осы хикметтерден кездеседі. Алайда үлгі-өнегесі елге аңыз болып тараған Арыстанбабтың түрмысы, тіршілігі жайлы нақты деректер сақталмаған. Оның дүниеауи өмірі жайлы өз хикметтерінде Ясауи "жатқан жері кедір-бұдыр, көргені қорлық пен зорлық" деп қана сипаттап өткен. Арыстанбаб жөнінде К.Г.Зелеман, В.Диваев, В.В.Бартольд, М.Е.Массон, А.А.Семенов, Д.Тирмингэм, И.Меликофф еңбектерінде кездеседі. Арыстанбаб тек Отырар өңіріне ғана емес, түркі әлемінің исламдануына септігін тигізген ірі тұлға болған. Отырар ауданында қазір Арыстанбаб атындағы мешіт, конақүй, т.б. мәдени мекемелер бар. Оның қабірі де сонда.
   

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: