Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) (1748-1819).

Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) (1748-1819).

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шал ақын 1748 жылы Көкшетау жерінде дүниеге келген. Ақынның ес біліп, есейген өңірі - қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы. Әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Тілеуке ақын өнерімен жас кезінен-ақ елге танылып, Шал ақын аталады.

 

Ақын толғауларында елін имандылық, адалдық, парасаттылыққа шақырады, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ізгілік пен надандық, адал мен харам мәселелерін көтеріп талқылайды. Шал - халық өмірін, жеке тұлғаның ішкі жан дүниесін терең философиялық деңгейде тебірене отырып жырлаған.

 

 

***

Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,

Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.

Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,

Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке.

 

Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,

Киім бүтін, тамағым тоқ демеңіз,

Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,

Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.

 

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.

 

***

... Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер.

 

Ел елдетер, елдетер,

Ашылған тұман желдетер,

Жақсылардың алдында

Біразырақ сөйлесем,

Онан да менің нем кетер.

 

Өлгеннен соң басыңа

Топырақ үйіп белгі етер,

Белгі еткеннің белгісі

Көміп бір тастап ел кетер.

 

... Біреуді жақсы демесең,

Біреуді жаман демесең,

Бұл дүниеден өткен соң,

Шын дүниеге жеткен соң,

Көтеріп көрге салған соң,

Көр қараңғы болған соң,

Кімнің жақсы, жаманын

Бір жаратқан Хақ білер.

 

Адамзаттың белгілі

Бұл дүниеден өтері,

Өлгеннен соң белгілі

Тірлік бір жауап бітері.

 

Бұл айтқан сөз, құрбылар,

Бір күні болар керегі.

Басты бір аяқ қылады

Бір Аллаһтың шебері.

 

Бақытты жігіт қол бастар,

Шешен жігіт дау бастар,

Әлемнен озған ала аяқ

Озып бір кетсе ойқастар.

Күнінде артықша туған жігіттер,

Жарысқа салмай кім тастар.

 

Елінде жақсы жігіттің

Алыста даңқы зор болар,

Мен сөйлейін, мырзалар,

Сөйлемесем бұл жерде

Қадірлі сөзім қор болар.

***

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,

Хақ деген пендең болса тастамайсың,

Су құйса төгілмейтін  боз жорғаның

Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.

 

Құдая, жаманыңмен теңді қылма,

Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.

Жаратқан барша жанды пәруардыгер,

Өзімдей пенделерге пенде қылма.

 

... Сөйтіп қал, қызыл тілім, жақ барында,

Кеудеде - ақыл, маңдайда бақ барында,

Мың сайтан, жүз пәлекет қамаса да,

Бір тәңірі қағып шығар сақтарында.

 

Күлен шешенге

Төрт ауылдың бір биі Күлен шешен,

Төреңізді тура бер құдай десең,

Өлсең де қабырыңда тек жатпайсың,

Төре беріп, біреуден пара жесең.

 

Төрт ауылдың бір биі Күлен қозған,

Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған.

Төре беріп біреуден пара жесең,

Қияметте жоқ дейді биден азған.

***

Қорқақ емей немене қашқан кісі,

Батыр емей немене шанышқан кісі,

Мың жылқылы байлардан несі кейін

Оразасын үйінен ашқан кісі.

 

***

Жастарға бақыт, байлық ден сау болса,

Тауфиқтан айырылады жемсау болса,

Ер жігіт қапалықпен қартаяды,

Қатын жаман, мінген ат қырсау болса.

 

Жастарға жақсы есім молла деген,

Арамға жарамайды Аллаһ деген,

Беліңді тәуекелге бек байласаң,

Бөрі мен ер азығы жолда деген.

***

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің,

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

Дәулетіңнің қадірін

Мал кеткенде білерсің,

Маңайдағы дұспанды

Түн жеткенде білерсің.

Қона берсе жерің тозар.

Шаба берсе елің азар,

Жасай берсе ерің азар,

Ерің азған кезіңде елің азар.

***

Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері,

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле шайтан-пері.

 

... Жарлығы екі болмас Хақ құдайым,

Жанында серігі жоқ, дақ құдайым,

Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,

Шайтанның қазасынан қақ, құдайым.

 

***

Бұл дүниенің мысалы

Ұшып өткен құспен тең,

Өмірде көрген жақсылық

Ұйықтап өткен түспен тең,

Атадан мирас ақылың,

Түзік айтқан мақұлың,

Ләзім болған іспен тең.

***

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

Атадан арыстан туып ассаң-дағы,

Аллаһтан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

 

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы, Аллаһты ойыңа алсаң,

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.

 

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,

Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ,

Жігіттер, жас кезінде тәубаға кел,

Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: