Жат ағым жүйкені жұқартты

Жат ағым жүйкені жұқартты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі. Алайда ислам атын қой терісін жамылған қасқырдай пайдаланып, халықты түрлі сенімге бөліп, өз мүдделерінің үдесінен шықпақ ниетті жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп отырғаны алаңдатады.

Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек. Мәселен, исламның атын жамылған уаһһабилер, құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, тәкфіршілер секілді ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндер әрекеті байқалады.  

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кеңге жаюда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажыра алмай дал. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, дана атанған халқымыздың салты мен дәстүріне дұшпандық жасап жатқаны жанымызға аяздай батады.

 Иә, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде.

Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары әу бастан-ақ күнделікті өмірінде өз орнын алғаны белгілі. Алла тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Ей, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойұсыныңдар», – деп бұйыруда. Міне, осы қағидатқа бабаларымыз қашан да берік болып, бөлінуге жол бермеген.

Қазіргі кезде бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті елге айдай анық көрінуде. Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз қалмай барады. Өйткені дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты кем қауым мен жастық желігі басылмаған жастардың қолымен от көсеуде. Олар, әлбетте, теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқан жайын біле бермейді. Нәтижесінде түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған қазақ отбасылары ойрандалуда. Ата-ана ұл-қызынан тірілей айырылып жер соғып қалуда.

Алла елшісі (с.ғ.с.) өз хадистерінде «Алла сендерден үш нәрсені ұнатады, олар: 1.Алаға ғана ғибадат ету, Оған серік қоспау; 2.Түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу; 3.Сендерге басшы болғандарға мойынсұну», – дейді. Өкінішке қарай, Ислам шариғатын теріс түсінген ағым өкілдері бұл сөзге бет бұрып, алған беттерінен қайтар емес. Алла разы болатын істі істемегеннің сауапқа қалмайтыны анық. Бейкүнә халықты ағым мүддесіне пайданалып, хақ дінге қарсы үгіттеу Алла тағала разы болатын істерден емес. Алла тағала оларға һидаят берсін.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай қорқытып, өзі ұстанған сенім жолына қалай түсіреді десек, оның басты амал-тәсілдері төмендегідей:

Біріншіден, кез келген діни ағым топқа жаңа қосылған жамағатты, ең алдымен, психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін «адасқан, кәпір» санатына қойып, сананы улайды. Осыдан кейін діні мен дәстүріне қарсы шығып, Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады.  

Екіншіден, дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан жаттана бастайды. Ұстазға тәуелді болып қалады. Демек осыдан кейін «періште» ұстаздан өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді.

Үшіншіден,  жамағаттың ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, ұстаздардың бір сарынды уағызын тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Исламнан нәр алған ата-бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болды. Ал, дініміз ислам мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы былай дейді: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Сондықтан қазіргі таңда біздің қоғамдағы ислам бағытындағы ең үлкен қайшылық уахаббизм, сәләфизм пікірін ұстанушылармен жүріп жатыр. Барлық нәрсенің Исламның алғашқы ғасырындағыдай болуын қалап, өз жамағатына

уағыздап, қарапайым мәзһаб ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсетіп бағады. Айтпақшы, елімізді паналаған кез келген ағымды жақсы-жаман деп бөлуге болмайды. Өйткені, олардың түпкі мақсатында «бөліп ал да, билей бер!» ұстанымы жатқаны анық нәрсе.

Шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман адам, біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқып, Алла тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Екіншіден, кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін», - деген. Ал, «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер», - дейді келер бір хадисінде. Ал, халқымыз «іштен шыққан жау жаман» дейді. Демек соңғы кездері халқымыздың ішіне іріткі салып жүрген «сәләфи» бағытының аясында жүрген жалған діндарлар мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Мұндай көзқарасты ұстанушылар исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес, тіпті Құран және хадистерден өздерінің істеріне дәлел етіп пайдалану себебінен, олармен күрес басқа жат діни ағымдармен күресуге қарағанда өте күрделі, нәтижесі барынша төмен болуда.

Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – ислам дінінің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін еш ұмытпаған жөн.

Жалпы, қай елге болмасын бөліну деген ешқашан береке әкелген емес. Оны тарихтың сарғайған парақтарынан білуге болады. Ал, бірліктің, бейбітшіліктің, татулықтың алмаған асуы жоқ. Оны да Исламның алтын дәуірі дәлелдей түседі.  

Ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) риуаят еткен хадисте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады», - деген. Яғни, жамағаттан алыстаудың нәтижесі діннен алыстау, тіпті исламнан шығып та кету қаупі бар екенін осы хадис білдіреді.

Демек, асыл дініміз Ислам көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жікке бөлінуді құптамайды. Хазреті Омар (р.а.) бірде: «Әй, адамдар! Мен сендердің алдарыңда тұрмын. Кезінде Алла Елшісі біздің ортамызда осылай тұрып: «Сендерге сахабаларымды өсиет етемін және олардан кейін келетіндерді өсиет етемін... Жамағатпен (көпшілікпен) болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар. Өйткені, шайтан жалғызға жақын, екеуден қашық. Кім жәннаттың төрін қаласа, көпшілікпен болсын»,  деп еді», – деген екен.

Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі кезеңде мектеп оқушылары мен студент жастар жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, соның әсерінен ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жататыны белгілі жәйт. Сол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін. Тіптен кей ата-ана баласының осындай ағым жетегінде кеткенін кеш түсініп, бармақтарын тістеп қалуда. Демек, ата-ана «сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.

Жастарымыз да кез келген діни ағымдардың зияндылығын танып-біліп, оның астарына үңіле білгені дұрыс. Мұны айтудағы себеп, намаз оқитын кей жастарымыз намаз оқымайтын ата-анасын «кәпірге» теңейді. Ислам дінін ата-анаға қарсы шығу деп түсінетін ата-ана діннен қорқуда. Ақиқатында Ислам діні ата-анаға қарсы зұлымдыққа емес, бауырмалдыққа, ізгілікке шақыратын бірден-бір хақ дін.

Әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік» деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Қашан да ынтымақты ту еткен ел азаматтарының қосқан үлесі бар деп білген жөн. Ал, егер ел ішінде діни алауыздық туындап жатса, ол елдігімізге нұқсан болары сөзсіз.

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: