Сараңдық

Сараңдық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ерте заманда, құйрығы келте заманда Шықбермес Шығайбай дейтін бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Қөңілі жай болыпты. Сол Шықбермес Шығайбай үйіне ешкімді қондырмайды екен. Қондырса дәм бермейді екен. Тіпті тастан да қатты сараң, өзі тойса да, көзі тоймайтын адам екен. Үйіне кісі келсе оның жауабы:

— Шық, әй! — екен. Осыдан жұрт оны Шығайбай атап кеткен екен. Шықбермес Шығайбайдың аты естілмеген ел болмайды екен. Оның «Шық, әйін» естімеген жан болмайды екен.

Қайтсем де, қалай болса да Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылған болады екен деп, басталатың Алдаркөседегі өте сараң Шығайбайдың әңгімесі көпке аян. Сондай шық бермес Шығайбайлар туралы азды көпті сөз қозғасақ. Өйткені, сараңдық адам баласын дүниеқоңыздылыққа, ашкөзділікке, қаңағатсыздыққа, өз қарабасын ғана ойлайтың өзімшілдікке, біреуге көмектесуді білмейтін, малынан зекет-садақа бермейтін, т.б. бойына жинайтын өте жаман қасиет. Сараңдық – Алланың берген нығметтерін, рызық-несібелерін басқа да жақсылықтарын ұмытып, тәкәппарлыққа салыну. Әр ғасырларда өмір сүрген ғұламалар мұңдай адам бойындағы жаман қаиеттерден халықты әркез сақтандырып отырған. Мәселен, өзбек ойшылы Әлішер Науаи: «Сараң – пайғамбардың жиені болса да, пейішке бармайды» десе, Түркістандық Ахмет Жүйнеки: «Сараң – дүниенің малын жиса да тоймайды» – дейді. «Дивани лұғат ат түріктің» авторы Махмұд Қашқари мұндайларды «Өзі жемей мал жиып сараң болады, содан күні қараң болады» – деп келемеждеген. Ахмет Йгенеки: «Сараң – малдың құлы», «Дүниенің малын жыйса да сараң тоймайды», «Берместің қолы бермеске бекем келер» – деп сараңдық адам баласын адамкершілікке емес көрсоқырлыққа, жақсылыққа емес жамандыққа, қанағаттылыққа емес ашкөзділікке апаратының айтқан. Құран Кәрімде «Кім бойындағы сараңдықтан сақтанса, міне, солар нағыз құтылушылар» («Хашыр» сүресі, 9 аят) десе, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сараң бір кісі қаншама ғибадат қылса да жәннәтқа кірмейді» –дейді.Міне, сондықтан да адам баласы өз ұрпағын сараңдықтан сақтандырып отырған. Қазіргі кезде де әрбір ата-ана өзінің перзентіне «Тәрбие – бесіктен басталады» деген дана халықтың айтқан сөзіне сай тәрбиені бесіктен беруі тиіс. Сүйіспеншілікке, ізгілік пен имандылыққа тәрбиелесе, онда ол өз қарабасын ойлап, сыбайлас жемқорлық сияқты көленкелі жолмен табыс тауып, халықтың жағдайын емес өзінің шүйкебасының қамын ойлайтын сараң да пайдакүнем де болмас еді. Сараңдық пайдакүнемдіктен туындайды. Пайда қуған адам шыншыл да, батыл да, өз парызына адал да бола алмайды. Мына ғибрақа толы хикаяға назар аударсақ, Емен аймағында тұратын жомарт бір адамның Сана қаласына жақын маңда жүзім, құрма және тағы басқа да жемістер егетін бақшасы болыпты. Ол кісі өнім жинайтын кезінде кедей-кепшіктерге, жаңашыры жоқтарға, шамасы жоқ әлсіздерге зекет беру үшін, өнімнің басым бөлігін арнайы бөліп алып, таратып шығатын. Қартайып бойынан қуаты кетіп, дүниеден өткенде, балалары дүниеге салынып: «Жанұямызда аз адам емеспіз. Асып баражатқан дүниемізде жоқ. Бұдан бұлай кедейлерге ештеңе бермейміз. Олар келмей тұрып, өнімімізді жинап алайық!..» – деп өзара келіседі. Алла Тағала олардың жаман ниеттеріне қарай бақшаларының астаң-кестеңін шығарып, жермен-жексен етеді. Орасан жерді алып жатқан бақша адам танымастай қалге келеді. Мұны көрген сараң жігіттер не болғаның білмей әбіржіп: «Біз осы жолымыздан адасып қалдық-ау шамасы?» – дегеннен басқа ештеңе айта алмай қалады. Олар әкелерінің жомарттық танытып, мұқтаждардың көңілін аулап, кедейлердің қайырлы дұғасын алуы бақшасының өнімін одан сайын берекеттендіретінінен мақрұм еді. Ол жердегі барша кедейлер мен жоқ-жітіктер бақшадан өз нәсіптерін алып жүретін-ді. Бірақ балалары әкелерінің таратқан зекеті орасан зор болып көрініп, оны бергілері келмейтін. Олар Алланың бақша мен егіндікке берген берекетінің қайдан келетінінен мақрұм болатын. Өйткені, ғапылдық пен дүниеге салынуы олардың жүректерін қарайтып көрсоқырлыққа итермеледі. Сондықтан да Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Ғапылдардан болма» («Бақара» 7\205). «Жақсыны арман аздырар, жаманды құлқын тоздырар» – деген нақыл сөздің сыры осында жатқан болар.

Қазақ халқында «Қас сараң өз тамағын өзінен тығады» деген нақыл бар. Өмірде қанша бай болса да, байлығын өз балашағасына, өзіне қимайтын Шықбермес Шығайбайлар бар. Америкалық қаржыгер Генриетта Хоуленд Грин Өз артынан 100 млн. доллар қалдырған ол күллі өмірін Чикагоның бүкіл пәтеріне иелік етіп тұрса да, арзан пәтердің бірінде өткізген. Бір күні оның баласы аяғын сындырып алады. Үш күн бойы тегін аурухана іздеп жүргенде, ұлының аяғы асқынып кетіп, оны тізеден кесіп тастауға мәжбүр болады. Сараңдық адамның жүрегін имандылыққа емес, дүниеқоңыздылыққа толтырады, соңдықтан ол өзін, отбасын ойлауды қойып, жатса-тұрса ойлайтыны байлығы болады.  «Өзі тоймастын көзі тоймас»-деген мәтелге сай өзінің байлығы өзгенікінен аз көрініп, қайтсем бәленшенің байлығынан асып түсемін деп, нешетүрлі қылмыстық әрекеттерге барып, көленкелі бизнеспен айналысу, қылмыстық топтар құру сияқты әрекеттерге барып жатады. Яғни «Сараңдықтың соңы – арамдық» – деген мәтелге сай болады. Өйткені, жүректе имандылық, сүйіспеншілік, адамгершілік сияқты қасиеттер қалмай, оның орнына байлыққа деген сүйіспеншілік, махаббат орнығады. Сүйтіп сараңдық адамды Алла Тағалаға құл емес, дүниеге құл етеді.

Бірде асқан бай әрі сараң адам данышпанға келіп ақыл сұрайды.

Данышпан оны терезенің алдына әкеліп:

– Терезеге қара не көріп тұрсың? – деп сұрайды.

– Жолдан ары-бері өткен жүргіншілерді және жолдың шетінде алақан жайып отырған тіленшіні көріп тұрмын, – деп жауап береді бай.

– Данышпан басқа бөлмеге кетіп, үлкен бір айнамен оралады да сараңнан:

– Ал бұл айнадан не көріп тұрсың? – деп сұрайды.

– Өзімді

– Көрдің бе, айна да, терезенің әйнегі де бір зат, яғни шыныдан жасалған. Бірақ айнаның үстінде жұқа күміс қабаты бар. Сол себепті өзіңнен басқаны көре алмайсың. Дәл сол секілді, асылында адамның жүрегі де мөлдір. Алайда алтын-күміс секілді дүние әшекейлерімен жүрегімізді қаптасақ, өзімізден басқа ешкімді көре алмаймыз... Яғни берер ақылым, ол жүрегінді тазала, – деген екен сонда данышпан.

Мен баймын деп, мақтаншылыққа салынып, ақшасын онды-солды шаша беруге де болмайды. Байлықты орынды жұмсап, ысырапшылыққа жол бермеу керек. Үнемділік сараңдыққа жатпайды. Ал ысырапшылдыққа тыйым салынады. Алла Тағала: «Сараң болма, ысырап та етпе!» деп бұйырған («Исра» сүресі 29 аят). Жомарттықты мақтағанда: «Олар шығынданған кезде ысырап та етпейді, сараңдық та етпейді. Екеуінің арасында орта жолды тұтады.» («Фурхан» сүресі 67 аят)  Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Ішіп-жендер, киініндер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкәппарлықтан сақтанындар!» – деп ысырапшылдықтан сақтандырған.(Бухари) Яғни қатып қалған сараң да болмау керек, мақтаншылыққа салынып ысырапшылыққа да, жол бермеу керек. Сараңдыққа қарама-қарсы ұғым – жомарттық. Жомартық деп біз байлығынан белгілі бір бөлігін Алла разылығы үшін мұқтаж жандарға, кедей-кепшіктерге риясыз жәрдем беріп көмектесу. Бұл адамдық қасиет. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Алла үшін надан да болса өзі жомарт пенде құлшылық етуші сараң құлдан жақсы» (Тирмизи, бирр, 40). «Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар» (Бухари, Тәмәнна, 5; Тәухид, 45). «Жомарттық – жақсы мінез болғаны соншалық, адамның жаман мінездерін жабады. Сараңдық жаман мінез болғаны соншалық, адамның жақсы мінездерін жабады» хадис шәрифі жомарттықтың жақсы екенің, ал сарандықтың жамандығын көрсетуде. Сараң болған ешбір адам Алланың досы бола алмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Жомарт Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, жаһанамнан алыс. Сараң Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһанамға жақын» деп сараңдықтың қаңшалықты жаман қасиет екендігін білдіруде. Тағы бір хадисте адам баласының аман-сау тірі кезінде жомарттық танытып, садақа беруге кеңес беріп: «Садақаның абзалы – өзің берген садақа. Садақа тірі, қолыңда бар кезде қалаған адамыңа қалауыңша бергенің. Әйтпесе, жан алқымға тірелген кезде кеш қаласың. Сендерден кейінгілер өз қалауынша жасайды» (Бухари, Уәсәиа, 14) дейді. Сол үшін барлығын кейін түсініп, өкінбеу үшін Алла Тағала алдын ала Құран Кәрімде: «Сендерден біреулеріңе өлім таяп: Уа, Раббым, мені жақын бір заманға дейін кешіктірсең, садақа беріп ізгілерден болсам» деуден бұрын, өздеріңе берген несібемізден (Алла жолында) жұмсандар» («Мұнафиқун» сүресі, 10аят) – деп садақаны өлместен бұрын тірі кезімізде Алла разылығы үшін беруімізді бұйырады. Бірде қолы қатты бір кісі базарда кетіп бара жатса бір тілемсек – бір дегене айран бер немесе соңы сатып алатын ақша бер деп соңынан қалмай қояды. «Кет басқа жаққа» десе де қоймайды. Бұл шарасыздықтан қалтасынан ақша шығарып жерге лақтырып жібереді. Ол сол күні кешке үйіне келіп ұйықтағанда түсінде жұмақты көреді. Өзі жұмақта жүр екен дейді. Кең жазықта үлкен ағаш әдемі бұлақтар сылдырлап ағып жатыр. Әрі бері жүріп шаршайды. Қарны ашады. Бірақ ағаш пен судан басқа жейтін ешнәрсе жоқ. Дәл сол кезде қарсы алдынан бір періште кезігеді. Оған: – Жұмақта неше түрлі тәтті тағамның бәрі бар дейтіні қане? Аштан өлейін деп жатырмын, – дейді. Періште: – Иә, рас айтасың бүгін кеште бір мүсәпірге бір табақ қатық беріп едің? Соңы саған әкелейін, – деп алдына бір табақ айран алып келеді. Бұның наны қайда? Деп сұрайды. Наның берген жоқсын, – деген жауап естиді. Содан: Е е, Бұл дүниеде не жіберсең соңы қияметте табады екенсің ғой, –деп ойлапты.

Алла Тағала адам баласын бұл дүниеге сынақ үшін жібергені белгілі. Сол үшін бай байлығынан, малынан зекет беру арқылы жүрегіне сараңдық сияқты жаман қасиеттерді орындықтырмай, қолы ашық жүрегі жомарт сияқты жақсы қасиеттерді орындықтыруы керек. Байларда кедейлердің қақысы бар. Егер зекет сияқты Алланың парыз еткен амалдарын орындамаса кедейдің малына қиянат жасаған болады. Сүйтіп Алла Тағала адамдарға бір-біріне қол-ұшын беріп, көмектесуге сараңдық атаулыдан тыйып, мұсылмандарды жомарт болуға шақырады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларында сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят) дейді. Алла біздің бергендерімізге мұқтаж емес, Алла разылығы үшін малымыздан зекет, садақа бермесек, ол өзіміздің сараңдығымыз. Тағы бір аятта: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, бұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Аллатікі. Алла Тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар» («Әли-Имран» сүресі, 180-аят), делінген.

Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр (р.а) былай дейді: Пайғамбарымыз(с.а.с)

Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде кейіп: – Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді, - деді. Мен зиянға ұшыраушылардың кім екенін білмек болып: – Уа, Алланың елшісі, сенің жолыңда әке-шешем садаға кетсін! Олар кімдер? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз: – Олар көп байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар, – деп, артынша былай деді: – Әттең, ондай дарқан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақыретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі сойқан азапты және бастай жөнеледі. Сөйткен бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді.

«Сыйлап берген су да тәтті» – деген нақыл сөз бар. Жомарт адамның бойы тұнып тұрған кішіпейділік, адамгершілік, көркеммінезділік сияқты қасиеттер болады. Сол үшін жомарт адамды Құран Кәрімде де Пайғамбарымыз (с.а.с) да мақтаған. Жомарт байдың берген зекеті бай мен кедейдің арасын жақындатады. Сөйтіп бір-бірінің арасында тату қарымқатынас орнап, сүйіспеншілік орнайды. Сөйіспенсілік болған жерде адамдық қасиеттердің бәрі болады. Сүйтіп қоғамда бай-кедей болып бөліну, бір-бірін алалау болмай қоғамда бірлік болады. «Бірлігі жарасқан ел озады» дейді, дана қазақ халқы «бірлік түбі тірлік» деген нақыл сөзде бар.

Пайғамбарымыз: «Алла Тағаланың сондай құлдары бар, өзгелерге де пайдасы тисін деп оларға мол нығмет беріледі. Кім бұл нығметтерге сараңдық танытса, Алла оны алып басқаға береді» (Ғазали, Мукашафатуль-кулуб, 137-б.) деп, байлықты беретін Алла Тағала екенін егер одан кедейлерге зекет бермей сараңдық танытса, одан байлықтың қайтып алынатынын сөйтіп басқаға берілетінің айтады. Сондықтан баймын деп мақтанбай, астамшылыққа салынып ысырапшылдыққа жол бермей, жүрегіміздегі сараңдық сияқты жаман қасиеттердің тамырын түбірімен жұлып, оның орнына иман нұрымен нұрланған жомарттық дәнін сепкеніміз абзал болады.

Нұрсұлан ҚАЛДАРХАНҰЛЫ,

Талас ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: