Алла үйінің ашылуында. Бас мүфти сөзі.

Алла үйінің ашылуында. Бас мүфти сөзі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

 

 

Құрметі бауырлар!

Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалғаны - оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, Отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Елдік мұрат пен ұлттық құндылықтарды имандылықпен ұштастырып, азаттықтың ақ таңын аңсаған қазақ халқы үшін «тәуелсіздік» қасиетті де қастерлі ұғым. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Біз тәуелсіздіктің қадірін түсінген халықпыз. Тәуелсіздік - Жаратқанның ұлы сыйы, үлкен нығметі.

 

Аллаға шүкір, бүгінде егемендігімізді алып, еңсемізді тіктеп, дамудың даңғыл жолына түстік. Ұмыт қала жаздаған ұлттық құндылықтармен қайта қауышып, дін мен дәстүрді түгендеп алдық. Имандылыққа шөліркеген халқымыздың құлшылыққа деген құлшынысы артты. Мешітке қадам басқан кешегі бес-алты қарияның қатары бүгінде тәуелсіз елдің ұрпағы - өресі биік өскелең жастармен толықты. Мыңдаған мешіттер бой көтерді.

 

Қадірменді жамағат!

Біз бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған берекелі де бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Білім алуға, қызмет қылуға, ел игілігі жолында ізгі істерді атқаруға мүмкіндік мол. Асыл дініміз Исламға ден қойып, имандылыққа бет бұрып, Құдайға құлшылық қылуға ешкім кедергі емес. Өзге елдердегі ішкі жағдайды, діни ахуалды байқап-бағамдап отырмыз. Түсінгенге бұл да бір сабақ. Бейбіт заманда өмір сүруіміздің өзі үлкен бақыт емес пе? Аллаға сансыз шүкірлер болсын!

 

Міне, біздер бүгін тоғыз жолдың торабында орналасқан шырайлы Шымкент қаласындағы сәні мен сәулеті жарасқан зәулім мешіттің ашылу салтанатына жиналдық. Елімізде мұндай мешіттер санаулы. Бір мезетте 5 мың адам намаз оқи алатын үлкен құлшылық үйінің Оңтүстік Қазақстан облысында салынуының себебі бар. Оңтүстікте дін мен дәстүрге деген құрмет жоғары. Оның айғағы, бұл өңірде әке тұрып бала, ана тұрып қыз сөз сөйлемейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өзгеге ілтипат таныту, қонақжайлық білдіру сынды қазаққа тән асыл құндылықтардың қаймағы бұзылмаған ортасы - Оңтүстік Қазақстан облысы. Еліміз бойынша мешіті көп аймақ та - Оңтүстік Қазақстан облысы. Облыста 895 мешіт бар. Бұл - жергілікті халықтың дәстүрлі дініміз Исламға деген ықыласының, бабалардан мирас болған имандылық жолын берік ұстануының айғағы, жарқын мысалы дер едім. Сауапты да салауатты істердің орталығына айналған мешіттеріміздің дінімізге, халқымызға аянбай қызмет етуіне өз тарапынан қолдау-көмек көрсетіп келе жатқан облыс әкімі Асқар Исабекұлы мырзаға ризашылығымды білдіремін.

 

Құрметті ағайын-туыстар!

Осындай ғажайып мешіттің ашылуы - Алланың бізге берген сыйы, тәуелсіздігіміздің тартуы, Елбасының ерен еңбегі деп бағалаймын. Ата-бабаларымыз аңсап, көре алмай кеткен қуанышты олардың бүгінгі ұрпағы - Сіз бен біз көріп отырмыз. Бұл халықтық мейрам, үлкен той. Аллаға мақтаулар мен мадақтар болсын!

 

Алла елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», - деп өз үмбетін сүйіншілеген. Бұдан асқан қандай бақыт бар? Осы мешіт Алланың қалауымен, Елбасының тікелей араласуымен бой көтерді. Президентіміз дініміздің жанашыры. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығы мен себепкерлігінің арқасында елімізде бірнеше сәулетті, зәулім мешіттер салынды. Осы ретте құрылыс шығындарына қаржы бөлген Біріккен Араб Әмірліктерінің Заид бен Сұлтан Әл-Наһаян қайырымдылық және гуманитарлық мекемесіне өзімнің, еліміздегі бүкіл мұсылмандардың атынан алғысымды, рахметімді айтамын. Алла үйінің мұсылман жамағатының игілігі үшін салынуына атсалысқан Елбасына, араб бауырларымызға, халық қамы үшін қызмет етіп жүрген асыл азаматтарымызға Алла разы болсын.

 

Мешіт - құлшылық үйі, рухани ілімнің ордасы, жастарды жақсылыққа, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін орталық, дұға қабыл болатын орын. Өскелең ұрпақты халыққа адал қызмет етуге, Отанды сүюге, ата-ананы сыйлауға, барша адамзатты құрметтеуге, жақсы отбасы құруға, инабатты болуға тәрбилеуде мешіт пен медресенің рөлі мен маңызы зор. Құнанбай бабамыз өз қаражатына Қарқарылыдан мешіт тұрғызып, Абайдай данышпан атамызды медресеге оқуға беруі тегін емес. Ислам ілімімен сусындап, ізгілікті ту еткен ортадан шыққан Абайды бүгінде әлем таниды. Қазақтың Мағжан, Міржақып, Ахмет, Мұстафа, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт секілді зиялылары, Алаш арыстары, ұлт жанашырлары мешіт пен медреседен тәлім алып, халыққа қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп кетті.

 

Құрметті халайық!

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» дегендей, баламыздың тәрбиесі мен болашағына сергек қарайық. Ол үшін ұрпағымыздың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, ұлттық құндылықтарды, имандылықты үйретуіміз керек. Ондай тәрбие беретін орта - мешіт. Еліміз бойынша жылдың кез-келген мезгілінде мешіттеріміздің жанынан діни сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Балаларыңыздың тәрбиесі, имандылығы үшін осы діни сауат ашу курстарына жіберулеріңізді сұраймын. Өйткені, Ислам - тұнып тұрған тәрбие діні. Асыл дінімізде ата-ананың разылығы - Алла тағаланың разылығымен тең. Ал біз үй ішінен үй тігіп, ата-анаға қарсы шығып, дін мен дәстүрді бір-біріне қайшы қоятын кез келген діни ағымды құптамаймыз. Дін - дәстүріміздің қорғаны. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл - бабаларымыздан келе жатқан жол. Қазақтың салт-дәстүрлері Исламның асыл құндылықтарымен бітеқайнасып кеткен. Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге жаңалық емес. Оған дәлел келтірудің өзі артық.

 

Мешіт - құлшылық үйі екенін айттық. Осы ретте баршаңызды Алла үйін саяхаттап, оны ғажайып ғимаратты тамашалау нысанына аналдырмауға шақырамын. Қазақ халқы мешітті құлшылық үйі деп босқа атамаған. Мешітте намаз оқылып, дұға жасалғаны, адамдардың имандылықты үгіттескені, игі шараларды, сауапты амалдарды жүзеге асырғаны абзал.

 

Құрметті бауырлар!

Алла тағала жаңа мешітімізді құтты еткей! Мешіт халқымыздың бірлігі мен ынтымағына қызмет етіп, жұртымыздың рухани шамшырағына айналсын. Сауапты іс-шаралардың, ізгі амалдардың орталығына айналсын! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болғай! Ел қамында жүрген Елбасымызға, дін жанашырларына, асыл азаматтарымызға Жаратушы Иеміз күш-қуат, иман байлығын нәсіп етсін! Баршамыздың жасаған дұғамыз қабыл, иманымыз кәміл болғай! Құтханаларыңыз құтты болсын!

 

Шымкент қаласы,

«Облыстық Орталық мешіті»,

31 мамыр, 2013 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: