Бас мүфти Жолдауды қолдауға үндеді

Бас мүфти Жолдауды қолдауға үндеді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

 

  

Ізгілікке үндеген Жолдау

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Дініміз бен діліміздің жанашыры Елбасы халыққа жолдаған Жолдауында ел тарихына енетін жұртымыз күткен 10 жаңашыл идеяны атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев бірлік пен татулық, рухани келісім мен өзара түсіністік сынды құндылықтар әрқашан біздің басты байлығымыз болып қала беретінін айтты. Өйткені, тыныштық пен тұрақтылық орнаған қоғамда игі жұмыстар жүйелі түрде өз кезеңімен жүзеге аса береді. Біз бүгінде берекесі қашқан елдің, мазасыз күй кешкен жұрттың жағдайымен етене таныспыз. Біз Алланың қалауымен, Елбасының ерен еңбегінің арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Шүкір етсек, Құдай ырыс-несібемізді арттыра береді. Осы мақсатта еліміздегі дәстүрлі дін көшбасшылары Елбасының берекелі бастамаларына рухани қолдау білдіріп, халықтың ынтымағын нығайтуға үлес қосып келеді. 


Президентіміз биылғы Жолдауында отбасы құндылықтарын, адамдар арасындағы мейірім мен сүйіспеншілікті ерекше атап өтті. «Отан – отбасынан басталады», – деген ұлағатты ұғым бар. Отбасында тыныштық пен татулық сақталса, онда Отанымыз көркейіп, ізгі ниетімізге жетеміз. Отбасы – отағасына аманат. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде әрбір адам өз ортасына, отбасына жауапты екенін айтқан. Ал қасиетті кітабымыз – Құранда: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» (Рұм сүресі, 21-аят), – деп баяндалған. Ислам діні отбасында, қоғамда, мемлекетте бірлік пен ынтымақ орнатуға үндейді.


Елбасы ғылым мен білімді жаңа деңгейге көтерудің маңызды тетіктерін сөз етті. Білімді дамыту – мемлекетті дамыту деп түсінуге тиіспіз. ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры екенін ұмытпауымыз қажет. Білім арқылы бәсекеге түсетін дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бұл салаға ерекше көңіл бөлген Ұлт көшбасшысы мамандардың жалақасы жоғары болатынын айтып, елдің еңсесін көтерді.
Тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ұлғаятын болды. Мемлекеттің қамқорлығын сезінген жұрт тек жақсылықтарға ұмтылады. 


Жуырда ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқасында 2014 жылда үш бағыт бойынша жұмысты жандандыру мәселесі талқыланды. Төралқа мүшелері, ғалым-дінтанушылар, облыстың бас имамдары үш бағыттың бірі – қайырымдылық іс-шараларды көбірек ұйымдастыруды бірауыздан бекітті. Елбасының Жолдауы баршамызды жігерлендіріп, қайырлы, ізгі істерге бастама болуға итермелеп отыр. Діни басқарма әрқашан мүгедектер мен қарттарға, жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетіп, оларды ізгілікке үндей береді. Баршамызды біріктірген ортақ мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру, өзара мейірімділік, халықтардың бірлігі, т.б.   

            
Игі жаңалыққа толы Жолдауда айтылған 10 жаңашыл идеяның біріншісі – патриотизм. Біреуге көмектесу, жақсы білім алу, халықты бірлікке шақыру, әділ болу, жамандыққа жол бермеу, менің ойымша, патриотизм осыдан басталады. Отан үшін жасалған әрбір жақсылық – ол патриотизм деп түсінемін. 
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек екенін айтты. 


Барша отандастырым мен бауырларымды игі мақсаттар мен қоғамның қамқорлығын көздейтін Жолдауды қолдауға шақырамын. Елдің игілігі үшін баршамыз бірігіп, Жолдауға үн қоссақ, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болмақ. 


Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!


Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!

muftyat.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: