Әдірахман Шетин: Еліміздің жетістігі мен жеңісіне қуанамыз.

Әдірахман Шетин: Еліміздің жетістігі мен жеңісіне қуанамыз.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемнің қырық шақты елінде қазақтар бар. Еуропаның дамыған мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қазақтар қауымдастығының басшысы, Әбдірахман Шетин мырзамен жуықта Алматы қаласында жолығып, ондағы қазақ ағайындардың тыныс-тіршілігі және Қазақ еліне деген ынта-ықыласы жайлы сұрақ қойған едік.  

Әдірахман Шетин:
- Біз атажұрттан алыста жүрсек те Қазақстанның жаңалықтарынан үнемі құлағдармыз. Бұл ретте шетелдегі отандастарға арналған "Caspіonet" телеарнасына рахметіміз мол. Осы арқылы Еуропадағы барлық қазақ атажұртта болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени оқиғалардан хабардар болып, қуанып жатады.
Қай кезде болмасын өзіміздің қазақстандықтармен қанымызбен бірге жанымыз бен тілегіміз де бір екенін айтқым келеді. Мәселен, осы жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар алып шаһардағы қазақ ауылына жайғасты. Ел намысын қорғауға келген інілерімізге барып сәлем беруді, олардың жанында болып қолдау көрсетуді парызым деп білген әрбір Еуропа қазағы сол жаққа қарай атбасын бұрды. Ол жерге күллі Еуропа, соның ішінде Германия, Швеция, Франция, Австрия мемлекеттерінен қазақ жастары жиналды. Біздің қазақ жастары олимпиадашылардың алғашқы жеңістеріне, қуанышты көз жастарына, өкініштеріне, батырлықтарына куә болды. Ойынның алғашқы күні Қазақстанның көк байрағы көкке көтерілген кезде біздің көкірегімізді мақтаныш кернеді. Бәріміз: «Бұл - қазақтың байрағы, менің байрағым!» деп жар салдық сүйіншілеп тұрып.
Мұндай мерейлену Еуропа қазақтарының құрылтайы кезінде, сонау 2008 жылы Парижде өткен айтыс кезінде де болғаны есімде. Еуропа қазақтары осындай шара¬лардың басы-қасында жүргендерін мәртебе тұтады, сондай-ақ жыл сайын Қазақстанға баруға да асығады. Оған, әрине, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жыл сайынғы басқосуы себеп. Әлемдегі қазақ атаулыны бір атажұрттың шекарасына өтуге ықпал ететін Қауымдастық - күллі қазақтың қара шаңырағы.
Биыл да сондай торқалы той жыл сайынғы дәстүр бойынша Данияның Аархус қаласында өтті. Бұл жолы біздің Кіші құрылтайға Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржылай демеушілік жасап, ағайынның арқасына түсетін ауыр жүктің біраз бөлігін көтеріп алды. Осы қордың тізгінін ұстаған азаматтарымызға алғыс айтуды жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта да Қазақстан тарапынан осындай демеушілік танытушылар игі іске мұрындық болады деген үмітіміз бар.
Біз, Еуропа қазақтары, жанымызбен, жүрегімізбен Қазақстан үшін болысамыз. Әрдайым елдің жетістігі мен жеңісіне қуанамыз.


Бекен Қайратұлы
baq.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: