Тәуелсіздіктен түйген ой

Тәуелсіздіктен түйген ой

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

16-желтоқсан – біздің тәуелсіз Қазақстан атты алып еліміздегі елеулі мерекелердің ішіндегі шоқтығы биік мерекелердің бірі.Иә, тамырын тереңнен тартқан тәуелсіздік жайлы сөз бастау оңай емес, ұлан-байтақ атамекеніміздің әр тұтам жерінде, оның басынан кешкен әрбір мезетінде бұдан 23 жыл бұрын қол жеткізген тәуелсіздігіміздің шежіресі ұшан-теңіз.

Атыңнан айналайын, тәуелсіздік бізге оңай келмеді, шынтуайтына келсек, осы жолда қаншама талай-талай атамыздың қаны төгіліп, анамыздың жасы тамғаны анық. Атамыз бен анамыз ғана емес, жиырмасында бір рулы елге билік айтып, жауға ағасының сауытын сұрап киіп шапқан аға-әпкелеріміздің кешегі желтоқсандағы көзсіз ерлігі де осы бір киелі АЗАТТЫҚ атты аяулы ақ таңның тезірек атуына себепкер болды. Міне, осылардың арқасында Жаратушы Иеміздің қалауымен осы бақытқа қол жеткіздік.

Қалың ел шапқыншылыққа, аштыққа, ақтабан шұбырындыға ұшырады, бодандыққа мойынсұнуға мәжбүр болды. Кешегі қылышынан қан тамған қызыл империяның жазықсыз жазалауын көрді. Тәуелсіздікке жетер жол ешқашан жеңіл болған емес. Біздің халқымыз тым ұзақ, һәм қиын, тар жол тайғақ кешуі мол санқилы жолдардан өтті. Сан қилы зұлматты басынан кешірген қазақ халқының тарихында 1986 жылдың 16-желтоқсан оқиғасының алар орны ерекше.

Осы бір қанды қырғын оқиғада ата-ана құшағында бұла өскен боздақтарымыз қыршын қиылды. Олардың есімдері ел есінде мәңгілік ұмытылмақ емес. Өйткені олар шейіт болды.

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.

1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы желі, талай қазақ жастарының жүрегінде өз ызғарын қалдырса да, сол оқиға ел тәуелсіздігінің бастамасы ретінде ұлы өзгерістерге жетелегені даусыз. Сол тарихи сәттен бастап ел алдында, елге тұтқа болар ерлер алдында оның шаңырағын құлатып алмау мақсаты тұрғандығы мәлім.

Біз бүгінгі күнге тарихи сыннан өтіп, өзімізге деген сенімімізді нығайтып, ел болып есейіп, өзіміз таңдап алған – Қазақстандық жолға түсіп, әлемдік деңгейге белгілі болған жетісіктерімізді орнықтырып, әлемнің талай-талай елдеріне үлгі боларлықтай дәрежеге жеттік. Құдайға мың шүкір, мемлекет құру қиынның қиыны.

Ол дегеніміз тыңға түрен салу деген сөз. Ендеше, еңселі еліміздің тәу етер тәуелсіздігін біз болып сіз болып бірлігіміз жарасқан түрде еліміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруымыз қажет. Бұл әрбір Қазақстан азаматының алдында тұратын үлкен міндет болуы тиіс. Өйткені, бірлік пен ынтымақ болған жерде береке де әрдайым қатар жүрмек. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Бөлінбеңдер», - дейді (Әли Имран, 103-аят).

Алла елшісі де осы мағынадағы бір хадисінде: «Бірлік – мейірім, ал бөлінушілік – азап» деген (Ахмад, 4/278). Демек, халқымыз бен мемлекетіміздің күшті, қуатты болуына бірлік пен ынтымақ ауадай қажет. Ал, бөлінушілік соңы әлсіздікке әкеп соғады. Қазағымыз ертеден-ақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бірлік түбі – береке» деп бекер айтпаған.

Бүгінгі заман өлшемі мемлекеттің өркениетті болуын талап етеді, демек өркениетті өлшемдерге сай мемлекет құру ісі осы заманның мызғымас талабы. Мемлекеттің кемелденуі үздіксіз үрдіс, алайда оның іргетасын қалап орнату ісі еліміздегі қоғамдық және саяси тұрақтылық.

Елдегі тұрақтылық деген айтуға жеңіл, соған жете алмай қан қақсап жатқан өзге елдердің ахуалы түсінігі мол, саналы жанға үлкен сабақ емес пе? Бәрін айт та бірін айт, өз қотырымызды өзіміз қасып, қоғамдық және мемлекеттік құрылымның іргелі принциптерін айқындап, тәуелсіздіктің аясында тыныстағалы да еліміз қаншама биік белестерден өтіп ілгері басқан біраз игі істердің куәсі болып жатқанымыздың өзі қуаныш емес пе? Бәрінен де ешкімге жалтақтамай сөйлейтін еркіндігімізді айтсаңызшы.

Ата дініміз Исламға деген құрметпен көзқараста бір діннің діңгегін нық етіп ұстануы қазақтың мәртебесін өсіріп, жігерін жықпады. Ата-бабаларымыз осыншама ұлан-байтақ жерді тек қана найзаның ұшы, білектің күшімен емес, бір Аллаға деген сенімімен және озық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен осылардың бәрін бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып қорғап қалды.

Енді сол кісілердің үміт артқан ұрпақтары мына біздер осы жолдан айнымай үкілі үміттерін ақтауымыз қажет-ақ. Бүгінгі жалындаған жастар ертеңгі біздің болашағымыз. Сондықтан иманды жастардың қатарын көбейту – иманды мемлекет болуға талпыну дегенді білдіреді. Дінсіз ұлт, ұлтсыз дін болмайды.

Дін – ұлттық дүниеге көзқарастың наным-сенімінің рухани діңгегі, идеологиялық қайнары. Қазақ халқы ата-бабадан жалғасқан ұлттық дәстүрде мұсылмандықты ұстанып келеді. Исламдық қағида сан ғасырлар бойы біздің салт-дәстүрімізбен біте қайнаса, ұлттық ұйысуымыздың бөлінбес бөлшегіне, татулық пен бірліктің, имандылық пен ізгіліктің қайнар көзіне айналды.

Қазақ елі ежелден өзін елдігіне сын болған жауапкершілік заманнан, бодандық дәуірден, саяси дағдарысты кезеңдерден де осы рухани келбетін жоғалтпай ұлттық дәс-түрінде де Мұхаммед (с.а.у.) үмметінің дағдыларын ұстанып келеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарымыз, енді осы жолдан аумай, тәуелсіздігімізді мәнді әрі баянды етуіміз үшін аянбай тер төгіп елді, дінді биік дәрежеге жеткізу. Еңселі еліміздің тәу етер тәуелсіздігі құтты болсын, ағайын!!!

Дәуренбек Жандосұлы
Аудандық «Қордай» мешітінің
наиб имамы, дінтану магистрі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: