Өлімге, жаназаға қатысты сұрақ-жауаптар (жалғасы)

Өлімге, жаназаға қатысты сұрақ-жауаптар (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күллі облыстардағы өкіл имамдарының қатысуымен ҚМДБ төралқасында талқыланып бекітілген. Барлық жерде орындалуы міндетті.

Сұрақ: Жол апатынан қаза болғандарға арнап жол бойына белгітас қою шариғатта бар ма?
Жауап: Апат болған жерде белгітас қою шариғатта жоқ. Марқұм үшін ондай белгі қойғаннан гөрі оның атынан сауап үшін садақа беруге болады.

Сұрақ: Қабірстан басына гүл шоқтарын (венок) қоюға дініміз рұқсат ете ме?
Жауап: Қабірстан басына венок және гүл шоқтарын қоюға шариғатымыз тиым салған. Сондықтан оларды сатып алған қаражат міскін-жетімдердерге садақа етіп берілсе сауап болады.

Сұрақ: Зиратты жөндеуге бола ма?
Жауап: Болады, тек қазуға болмайды.

Сұрақ: А) Біреулер марқұмның киімін үлестіргенде жаңа киім талап етеді. Ә) Мәйіттің мал-мүлкін бөліске салады.
Жауап: Марқұмның киімі, қаржысы яғни барлық мал-мүлкі оның дүниесі саналады. Сондықтан ең әуелі артында қалған мал-мүлкі марқұмды кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса өтеуге жұмсалады. Одан артылған жағдайда өсиет етілген адам болса, соған беріледі. Өсиет етілген мөлшер қалған мал-күлкінің үште бірінен аспауы шарт. Ал одан қалған мүлкі шариғат бойынша мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі. Марқұмның киім-кешектерінен тәбәрік ретінде таныстарына немесе садақа ретінде мұқтаж адамдарға беруге болады. Жаңа киім сатып алып тарату, таратылуын талап ету дұрыс емес.

Сұрақ: Жыртыс жырту, киім үлестіруге бола ма?
Жауап: Біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс "парыз" амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды жасамаған жағдайды ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден қайтыс болған кісінің киімін ертеректе "тәбәрік" ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз әдетке ойысқан сияқты. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше дүкеннен жаңадан сатылып алынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті бәзбіреулер "ұят болмасын" деген түсінікпен қарызданып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзгелермен бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн.

Сұрақ: Кейбіреулер жерлеу рәсімі біткен соң мәйітке жабылған кілемді үйіне алып кетеді. Осы дұрыс па?
Жауап: Мәйітке жабылған кілем де мәйіт иелерінің мүлкі саналады. Сондықтан мәйіт иесі мүлікті қаласа садақа ретінде, әйтпесе, өздеріне алуы немесе мешітке беруіне болады.

Сұрақ: Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштауға бола ма?
Жауап: Болады. Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштау сауапты амалға жатқандықтан шариғатымызда рұқсат етілген.

Сұрақ: Кейбіреулер мәйітке Құран оқығаны үшін ақша талап етеді. Сол дұрыс па?
Жауап: Шариғат бойынша Құран оқығаны үшін ақша талап етуге болмайды.

Сұрақ: Кейбір жерлерде бейіттің әр бұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратылып, төрт адамға Құран оқытылады. Құран оқу ұзақ уақытқа созылады. Осындай амал шариғатқа сай ма?
Жауап: Шариғатымызда бейіттің әрбұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратып, төрт адамға Құран оқыту жоқ, бірақ Құран оқытып, сауабын өліге бағыштау бар. Қабір басында Құранды бір адам оқыса да жеткілікті. Ауа-райының ыстық-суықтығын, әрі бейіт басына барған кейбір адамдардың қарт, науқас және асығыс екендіктерін ескеріп, қабір басында бірнеше адамның ұзыннан-ұзақ Құран оқымағаны жөн. Құранды кейіннен толықтай хатым етіп, сауабын бағыштауға да болады.

Сұрақ: Қайтқан кісіге әр жұмада Құран оқыту үшін ас дайындап, молда шақыру қажет пе?
Жауап: Бұл нәпіл садақа түріне жататын амал. Яғни, істесеңіз сауабы өліге жетсе деп үміт етіледі. Бірақ жасалмаған жағдайда күнә емес. Сондай-ақ, Құран оқыту үшін міндетті түрде ас дайындап, дастархан жаю да шарт емес. Дастархан жаймай-ақ, кез-келген уақытта өзіңіз білген аятты оқып, сауабын марқұмға бағыштай беруге болады. Ал егер көп кісі шақырсаңыз, жұртқа діни уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін имам, молдаларды, шақырған жөн. 

Сұрақ: Мәйітке арнап жетісін, қырқын, елу екілігін және жылын беру шариғатта бар ма?
Жауап: Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да туған-туыс, жора-жолдастарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес. Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгіленбегендіктен оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Сондай-ақ, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал елу екінші күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген таяз түсініктердің исламда ешбір негізі жоқ. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс. 

Сұрақ: Қайтқан кісінің 5, 10, 15, 20 жылдығы деген атпен ас беруге бола ма?
Жауап: Жағдайы бар адамға қайтқан кісінің артынан құдайы ас беру шариғатта тиым салынбаған. Бірақ, сол үшін қарызданып, несие алып өзіне қиындық тудыру дұрыс емес. Ол ысырапкершілікке жатады.

Сұрақ: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сою да талап етіліп жатады. Осы дұрыс па?
Жауап: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап ету – харам. Оны бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Садақаны әркімнің шамасына қарай беруіне болады.

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде немесе мейрамханаларда ас беруге шариғат қалай қарайды?
Жауап: Қаза болған үй иесінің мәйіт жерленгеннен кейін қоғамдық дәмханаларда ас беруіне болады. Бірақ, ас беру әрбір мұсылманға міндет болмағандықтан, ас беруім керек деп қолындағы аз дүниесін шашуға немесе шаш етектен қарыздануға болмайды. Әркім ол істі шама-шарқына қарай атқаруы тиіс.

Сондай-ақ, ас – мәйіт жерленгеннен кейін ғана беріледі. Алыстан келген көңіл айтушыларға көрші, ағайындары тамақ әзірлеп берсе болады. Алайда кейбір жерлерде кісі жерленбей жатып, көпшілікті, жергілікті тұрғындарды шақырып қонақасы беріп жатады. Бұл дұрыс емес. 

Сұрақ: Ас беру кезінде жарыса сөз сөйлеген дұрыс па?
Жауап: Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырылғаны дұрыс. 

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде сол жылы құрбан айттан бір күн бұрын шек шалу дұрыс па? 
Жауап: Алла разылығы үшін, сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбан шалуға болады. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың (ﷺ) екі қошқардың біреуін өзі үшін, ал екіншісін үмметі үшін шалғандығы сахих хадистерде риуаят етілген. Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал шалғысы келген кісі, егер, өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, (қарызы жоқ және негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын құнына тең қаражаты бар адам) онда өз атынан да құрбан шалуы шарт. Ал егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім. Ал шариғатта құрбан шалуға міндеттелмеген жандар (негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын құнына тең қаражаты жоқ жандар) өздерінің атынан немесе қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалуларына рұқсат. Тағы бір ескеретін жайт, сауабы қайтыс болған кісіге бағышталып шалынатын құрбанның құрбан айтқа бір күн қалғанда шалынуы шарт емес. Құрбан айт күндері шалынатын малдар өте көп болғандықтан, нәпіл құрбандарды бір күн бұрын шалып, етін мұқтаж жандарға тарата беру кейбір жерлерде үрдіске айналған. Алайда, нәпіл құрбандарды құрбан айт күндерінде де, басқа уақыттарда да шала беруге болады. 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: