Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне қалай бөленуге болады?

Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне қалай бөленуге болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сүйіспеншілік – жоғары адамгершілік пен мейірімділік білінетін адами сезімдердің ең ұлы сезімі. Мейірімді адам ғана сүйе алады. Сүйіспеншілік – Алла Тағаланың бізге сыйлаған таңғажайып сезімі: осы сезім арқылы біз Оған, ата-анамызға, апайларымызға, бауырларымызға, достарымызға, жұбайларымызға, жануарларға және Оның жаратқандарының бәріне деген сүйіспеншілігімізді білдіре аламыз. Басқа бір адамға деген сүйіспеншіліктен сенің жүрегің жарылардай болып қуануды сезіну не деген бақыт десеңізші!? Бізді адами қасиеттен айырмайтын осы сезім емес пе?

Сүйіспеншілік – күллі әлем мен адамзатты ұстап тұрған сезім. Сүйетін адам, жек көруге қабілетті емес. Ал сүйіпеншілікке орын қалмаса, онда оның орнына ашу, әділетсіздік, жек көрушілік келеді де барлық жарқын дүние күйрейді.

Исламдағы сүйіспеншілік сезім мен эмоция шегінен асып кетеді, өйткені исламдағы сүйіспеншілік – міндеттеме болып табылады. Сүйіспеншілік – мүмін әлемге қарап, қоршаған ортаны қабыл ететін призма. Сүйіспеншілік – Алла Тағалаға құлшылық. Бұл өмір салты, ағлақтық пен адамгершіліктің кілті. Исламдағы сүйіспеншілік – игілік пен кемелденуге бағытталған күш-қуат.

Біздің жақсы көретініміз тікелей Алла Тағаланың жақсы көретінімен байланысты. Құранның сүрелері бізге шынайы махаббаттың не екенін баяндап берген. Өкінішке орай, қазіргі заманда сүйіспеншілік көбіне тілекпен әрі қызығушылықпен теңдестіріледі, негізі, нағыз махаббат ашық әрі әрқашан шынайы болып келеді. Исламдағы сүйіспеншілік – мейірімділік, жомарттық, жақсылық әрі сыйластық, игілікке бағытталған осы қасиеттер арқылы басқа жанға жақсылық жасау.

Қасиетті Құранда Алла Тағаланың кейде адамдар өздеріне қайырлы болмайтын нәрселерді жақсы көреді дегені келтірілген: «(Әй мүміндер!) Сендерге сүйкімсіз болса да соғыс парыз қылынды. Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер» (2:216).

Басқа аятта былай айтылған: «Ол сондай Алла, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан біле тұра Аллаға шерік қатпаңдар» (24:22).

Алла Тағала сүйіспеншілігі – әр адамның өміріндегі басты махаббат, оның екі дүниедегі игілігі соған байланысты. Алла сүйіспеншілігі – Оның разылығында. Алла Тағаланың разылығына ұмтылу арқылы біз дүниедегі ең құнды нығметке қол жеткізе аламыз. Алла Тағала нені жақсы көреді? Қасиетті Құранда былай айтылған:

«Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» (2:222).

«Олай емес! Кім өз уәдесін орындаса, Алладан қорықса, расында Алла (Т.) тақуаларды жақсы көреді» (3:76).

«Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді» (2:195).

«Қаншалаған пайғамбар онымен бірге көптеген құдайшылдар соғысқан болатын; сонда бастарына келгенге олар босамады да осалдамады. Сондай-ақ именбеді. Алла қажырлыларды жақсы көреді» (3:146).

«Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр. Егер олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді» (5:42).

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» (3:159).

«Күдіксіз Алла (Т.) өзінің жолында мықты қаланған дуалдай сап болып, соғысқандарды жақсы көреді» (61:4).

Осы сегіз қасиет – Алла Тағала сүйетін қасиеттер. Алла Тағала қателесіп, тәубесіне келіп, қайтадан Оған қайтатындарды жақсы көреді. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Қателеспейтін Адам баласы болмайды, қателесушілердің ең жақсысы тәубесіне келгендері». Адамға бәрін қайтадан бастауға мүмкіндік беретін тәубеге келуде адамның Жаратушыға сүйспеншілігі әрі Жаратушының адамға деген бәрін тегіс қамти алатын сүйіспеншілігі жатыр.

Сүйіспеншілік – өзін-өзі кемелдендіру, яғни, адамның өзінен бастау алып, басқаларға таралатын сезім. Алла Тағала өзіне ғана пайда келтіріп қоймай, сонымен қатар, өзгелерге де пайдасын тигізетіндердің дәрежесін көтеріп қойған. Игілікке ұмтылуда адам сабыр мен табандылықтың арқасында кемелділікке келеді. Хадисте айтылғандай: «Үнемі жақсы істер жасайтын адамдар – Алланың сүйіктілері».

Алла сабырлы мен әділді жандарды жақсы көреді әрі біздің де сондай болуымызды міндеттейді. Бұл қаситтерден айырылсақ, біз өзіміздің жақындарымызға, Аллаға деген сүйіспеншілігімізден әрі Алла Тағаланың бізге деген сүйіспеншілігінен айырыламыз.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: