Мұхаммед Пайғамбарымыздың (ﷺ) ашуға қатысты берген кеңесі

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (ﷺ) ашуға қатысты берген кеңесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ашу— табиғи нәрсе, ол ашуға булыққан адамға да және оның ашуы кімге бағытталса, соған да зиян келтіретін сезім. Біз қателіксіз емеспіз әрі кей кездерде шектен шығу мен өзімізді қолда ұстай алмауымыз бізге тән нәрсе, бірақ өзінің теріс сезімдерін бақылауға тырыспайтындар – Алла разылығын алудан алшақтайды. 

Ашу адамдарды бір-бірінен алыстатып, тіпті ең мықты деген қарым-қатынастарды үзіп,  адамның жан тыныштығын алып қоюға қабілетті. Кейде ашуға қалай беріліп кеткенімізді өзіміз де байқамай қаламыз, өзімізді дөрекі ұстап, ең жақын деген адамдарымыздың көңілін қалдырамыз. Біздің сезіміміз өзімізден күшті болып кететіндей болып көрінеді. Уыстан шығып кеткен ашу  — шайтан қаруларының бірі, сол арқылы ол адамдарды хақ жолдан тайдырып, Жаратушы разылығынан айырады.

Қоршаған орта оқиғалары мен адамдардың мінез-құлықтарына қалай әрекет етуіміз – осы дүние сынақтарының бірі болып табылады. Ашу мен ыза екі дүниеде де қайғы мен қасіретке әкеледі, ең қорқыныштысы – Алладан алыстатады, өйткені реніш пен ашуға толған жүректе Аллаға деген сүйіспеншілікке орын қалмайды.

Сабырлық таныту, өзін-өзі ұстау және мейірімділік — міне, осыларға біздің дініміз үндейді. Алла Тағала былай айтқан: «Неліктен сендер өздеріңе жақсылық жасағандарға ғана жақсылық жасап, сендермен жақсы қарым-қатынаста болғандармен ғана жақсы қарым-қатынаста боласыңдар? Неліктен сендер сендермен сөйлесетіндермен ғана сөйлесесіңдер? Неліктен сендерді тамақтандырғандарды ғана тамақтандырасыңдар да сендерге құрмет көрсеткендерді ғана сыйлайсыңдар? Ешкімге де артықшылық берілмеген. Ақиқатында, иман келтіргендер — оларға зұлымдық жасағандарға жақсылық жасайтындар; олармен туыстық қатынасты үзсе де олар туыстық қатынасқа берік болатындар; оларға көмек көрсетуден бас тартқандарға кешірім беретіндер; оларды сатып кеткендерге сенім артатындар; олармен араласуын қойса да олармен сөйлесетіндер; оларды қорлағандарды - сыйлайтындар".

Ашу адамның денесінде пайда болып, сосын оның сөзі мен әрекетіне көшеді. Ашуға берілу адамға тән нәрсе, бірақ ол әр кез осы сезімін басып отыруы керек әрі ашудың оны, оның сөзін, әрекетін баурап алуына мүмкіндік бермеу және басқаларға зиянын тигізбеуге тырысуы тиіс.

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Біреуді жеңіп кететін адам күшті емес, ашу кезінде өзін ұстай алған адам күшті» (әл-Бұхари мен Мүслим).

Кез-келген түсініксіз жағдайға душар болған мүмін жер бетіндегі ең көркем үлгі болар Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріне сүйенуі абзал.  Адам кемелденіп, өзін жөнге салып отыруы керек, ал егер ашу қыса бастаса, онда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетіне сүйенуі қажет:

Біріншіден, тыныштық сақтап, сабырлық таныту қажет. Ашуланып тұрған адам аузына келгенін айтуы мүмкін, бірақ ол кейін өкінетін болады. Үнсіздік сақтау — ашуланбаудың ең жақсы әдісі.  Алла Елшісі (ﷺ) айтқан:

«Егер ашулансаң, онда үндеме».

Екіншіден, мүмін кез-келген жағдайда шайтаннан Аллаға сиынып, Одан пана іздеуі керек. Алла Тағала Құранда былай айтқан:

«Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, сонда Аллаға сиын. Өйткені Ол, толық естуші, өте білуші» (7:200).

Сүлеймен ибн Сурад (р.а.) былай айтқан:

«Екі адам бір-бірімен ұрсыса жөнелгенде мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасында отырған едім. Әлгі екі адамның біреуінің ашуланғаннан беті қызарып, тамырлары білеуленіп кетті. Сонда Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын естідім:

«Мен бір сөзді білемін, соны айтқан адам өзін ашуынан арылтар еді. Егер ол: «Шайтаннан пана іздеп Аллаға сиынамын», — десе оның бойын кернеп тұрған ашу жоғалар еді».

Үшіншіден, адам ашуын басып, біраз ойлануы үшін тұрған қалпын өзгертуі керек. Егер адам тұрған қалпында ашуланса, оған отыру қажет, ал егер отырса, онда жатқаны дұрыс болады. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:

«Егер ашуланған біреу тұрып тұрса, отырсын, ал егер ашуы тарқамаса, онда жатсын».

Сондай-ақ, адамды ашу қысқан кезде, оны басудың бір тәсілі дәрет алу болып табылады. Хадистердің бірінде былай айтылған:

«Асылында, ашу – шайтаннан, асылында, шайтан оттан жаралған, отты сумен сөндіретіндей, сендерден біреу ашуланса, дәрет алсын».

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: