Жас ерекшелігі жайлы не біліміз?

Жас ерекшелігі жайлы не біліміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халқымыз көнеден бері адам жасына байланысты түрлі атаулар берген. Отбасы тәрбиесінде және қоғам өмірінде сол жас ерекшеліктер бойынша аталып, ақыл-кеңес беріліп отырған. Қала берсе, өлең-жырларға да қосқан. Әрине, мұндай жас ерекшеліктердің атауы әр ұлтта бар дәстүр. Бірақ қазақ халқының бұл атаудағы дәстүрі ерекше екені анық. Халқымызда әрбір шаққа қатысты төмендегідей атаулар берілгенін атап өтейік:

  • 1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте;
  • 1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек;
  • 2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін;
  • 3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған;
  • 6 жастан 7 жасқа дейін – сәби;
  • 8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы;
  • 13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала;
  • 16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала;
  • 20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт;
  • 30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт;
  • 40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі;
  • 50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы;
  • 60 пен 70 жас аралығы – ел ағасы;
  • 70 пен 80 жас аралығы – ақсақал;
  • 80 жастан жоғары – қарт, қария.

Мүшел жас:

  • Мүшел – 13 жас (ер жете бастау);
  • 2 – мүшел – 25 жас (жігіттік жас);
  • 3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату);
  • 4 – мүшел – 49 жас (орта жас, кемелдену);
  • 5 – мүшел – 61 жас (орта жас);
  • 6 – мүшел – 73 жас (қарттық);
  • 7 – мүшел – 85 жас (кәрілік);
  • 8 – мүшел – 97 жас (қалжырау);
  • 9 – мүшел – 109 жас (шөпшек сүю);
  • 10 – мүшел – 121 жас (немене сүю).

Кейбір жас ерекшеліктері:

  • 10 жасқа дейін – қозы жасы деп қозы, лақ бақтырған;
  • 10 мен 20 жас аралығын – қой жасы деп қой, ешкі бақтырған;
  • 20 мен 30 жас аралығын – жылқы жасы деп жылқы бақтырған;
  • 30 жас – орда бұзар;
  • 40 жас – қылыш жас, қырықта қамал алар;
  • 50 жас – ел ағасы, ердің жасы;
  • 60 жас – пайғамбар жасы, алпыстың асқары, алпыстың асуы, асқаралы алпыс;
  • 70 жас – жетпістің белесі;
  • 80 жас – сексеннің сеңгірі.

Шариғат бойынша жергілікті қолданыстағы дәстүр ислам дініне қайшы болмаса, ондай дәстүрді жалғастыруға, ұстануға рұқсат етеді. Жоғарыда аталған жас ерекшеліктерге байланысты қолданылған атаулар діни сенім мен қағидаларға қайшы болмағандықтан бабаларымыз өз тұрмыс-тіршіліктерінде дәстүр ретінде сақтады. Ал, ислам діні бойынша мұндай жас ерекшеліктер бар ма деген сұрақ туындайтыны анық. Дінде жас ерекшеліктердің атауына қатысты арнайы ереже болмағанымен кейбір жастар жайында айтылған. Шариғатта адам жасына қатысты айтылған мәселелер негізінен құлшылықпен байланысты қарастырылған. Мәселен, мына хадисте баланы 7 жастан бастап намазға үйрету бұйырылады.

Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Балаларыңыз жеті жасқа келгенде намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, (жалқаулық танытса), тәртіпке салыңдар. Әрі олардың жатын орындарын бөлектеңдер» (Имам Ахмет, Әбу Дәуіт риуаят еткен).

Шариғат бойынша адамның Алла құзырында жауапты болатын жас «балиғат» жасы деп атайды. Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы. Әр аймақтың климатына байланысты адамдардың физиологиялық тұрғыдан жетілуі әр түрлі. Сол себепті ұлы сөзде ұят жоқ демекші, қыз бала етеккір көргеннен бастап балиғат жасына толған болып саналады. Қазақ халқының «Он үш жаста отау иесі» деп, осы жаспен мүшелге толтыруы жай айтылмаған. Өйткені шариғат бойынша 13-тегі жасөспірім балиғат жасына толып діни құлшылық жасаумен міндеттеледі. Балиғат жасына қатысты ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде айтылған.

Алланың Елшісі ﷺ бір хадисінде былай дейді: «Үш адамнан қалам көтерілген (күнә жазылмайды): балиғатқа жеткенге дейін сәбиден, оянғанға дейін ұйқыда жатқаннан және айыққанға дейін ақылынан адасқаннан» (Ахмет, Термези риуаят еткен).

Алланың Елшісі ﷺ бірде Әбу Бәкір қызы Әсмаға: «Уа, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды», – деп, қолдары мен жүзіне ишарат еткен (Әбу Дәуіт риуаят еткен).

Дінімізде 40 жас мәселесі де айтылып өткен. Шариғатта 40 жас адамның кемелденген, ақыл тоқтатқан, тәжірибелі ғұмыр белесі ретінде айтылады. Сол секілді осы жаста көптеген пайғамбарларға пайғамбарлық келген. Ардақты Пайғамбарымызға ﷺ да 40 жасынан бастап уахи түсе бастады. Көптеген дін ғалымдарының да осы жастан кейін қалам алып, кітап жазғаны туралы тарихи деректер де бар.

Құран Кәрім сол 40 жас жайында былай дейді: «Адамды біз атааналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Адамдарды анасы ауырлап жүріп, құрсағында көтерді, қиналып босанады. Құрсақ көтеру, емшек емізіп бағу мерзімі отыз айға созылады. Нәресте өседі, қырық жасқа да толады. (Сонда ол): «Тәңірім! Сенің өзіме берген және ата-анама берген игілігіңе шүкірлік етуім үшін, сен риза болатындай ізгіліктер жасауым үшін маған медет бер. Менің ұрпағымның да тағдырын оңда. Мен Саған шынайы тәубе еттім. Мен шынайы мұсылманмын», - дейді» («Ахқаф» сүресі, 15-аят).

Халқымызда «40 жас – қылыш жас, қырықта қамал алар» деген нақыл тектен тек айтылмаған.

Дінімізде алпыс үш жас «Пайғамбар жасы» деген түсінік қалыптасқан. Себебі Мұхаммед ﷺ пайғамбарымыз алпыс үш жасында қайтыс болған еді. Пайғамбарымыздың ﷺ үш халифасы да алпыс үш жасында дүние салған. Сондықтан 63 жасқа толғанда «Пайғамбар жасына келдім» дейтін дәстүр халық арасында кең тараған. Алайда бұл һижри бойынша есептелген, оны миләди жыл санауымен есептесек, 61 жас болады.

muftyat.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: