Оптимист бол!

Оптимист бол!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَال: اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُل قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ فَإِنَّ  لَوْ تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ (мағынасы) «Алла үшін күшті мүмін әлсіз мүміннен қайырлы әрі сүйікті.

Әрқайсысында да қайырлылық бар. Өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер cаған бір нәрсе бола қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады»[i], – деді.         

Осы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырыс» деген сөзінде, біздің айқындалған мақсатымызға жетуіміз үшін, адал амалдың кез келген түрін пайдалану керектігі ұйғарылады. Ал, «Алладан көмек сұра» деген сөз болса, бұны пайда әкелетін нәрсеге жету жолында имандылығымызды бірінші орынға қою керектігін білдірген болса керек. Яғни, Аллаға иман келтірген мұсылман адалға жақын, арамнан алыс жүреді және сол арқылы өзінің көздеген дүниелік әрі ақыреттік мақсат-мұраттарына талпынып, тырысады.         

Хадистің жалғасында Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарды қолды қусырып қарап отырмауға, әлсіздік танытпауға шақырады. Мұсылман адам Алланың кеңшілігінен, мейірімінен, медетінен үмітін үзбеуі тиіс. Ал, қиындықтар болса, ол – Алланың сынағы. Кейде мұсылман адамның күнделікті күйбең тіршілігінде «әттеген-ай» дейтін жағдайлар орын алып жатады. Өтіп кеткен, болған жайтқа өкініп, өткен істі өзгерткісі келеді. Сөйтіп, хадисте айтылғандай «егер былай істегенімде олай болмас еді» деген сияқты сөздерді айта бастайды. Мұсылман адам кезінде болып кеткен немесе әп-сәтте орын алған жайттарға уайымдап, күйзеліске ұшырап, өзін жазғырмағаны абзал. Себебі, «егер» деген сөзді айту шайтанға жол ашады. Керісінше, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айтқандығы жөн. Алла Тағала берген жаңа күнді, жаңа сәтті пайдаланып, өткен қателіктерді түзетуге, жасай алмай қалған істеріңді жүзеге асыруға бар күш-жігеріңді жұмсаған абзал.         

Позитивті ойлау, оптимист болу – сүннет! Позитивті адамдар әдетте болар істің нәтижесіне және оған тиімді жету жолдарына көбірек көңіл бөледі. Олар өткенін қазбалай бермейді, дәл қазіргі сәтті, не болмаса болашақты ойлайды. Құдси хадисте Алла Тағала: «Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын...»[ii], – дейді. Жақсы ойлар жақсылыққа жетелейді, амал-әрекеттерде жақсылықты үміт ету – жұмыстың оң нәтижесін береді. Мұсылман адам әр кезде дұғада болып, ісін толығымен Аллаға тапсыру (тәуекел ету) керек. Егер істің қорытындысы күткендей болып шықпаса, демек «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» дегенді білдіреді.         

Мұсылман адам өзінің атқарып отырған амалдарында, жұмысында, жасаған дұғасында пессимистік көңіл-күйден барынша қашық болғаны жөн. Өйткені, негативті ойлар әрбір жасағалы жатқан істі құрдымға кетіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің жақсыларың өмірі ұзақ, амалы ізгі болғандар»[iii], – деген. Әр бір жаңа күн – Алланың құлдарына берген сансыз нығметтерінің бірі. Жаңа күн, ол – жаңа мүмкіндіктер. Жаңа күн – өткен қателіктерді түзетіп, жаңа тың жобаларды іске асыратын, жақсылықта жарысып, жамандықтан қайтаратын керемет сәт. Сондықтан, «Өлгеннен кейін (түнгі ұйқыдан кейін, таңертең) қайта тірілткен Аллаға мадақ болғай! Әрі біз Оған қайтушымыз!»[iv].               

Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ


ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: