Көркем мінезге жетелейтін 5 әдет

Көркем мінезге жетелейтін 5 әдет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көркем мінез – адамға киім секілді қажет болған асыл қасиет. Ислам діні тән тазалығымен бірге жан тазалығы, яғни, ішкі әлемнің көркем болуын, жайсаң мінезді болуды міндеттейді. 

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен көркем мінездерді кемеліне жеткізу үшін келгенмін» — десе, Құран Кәрімнің «Қалам» сүресінде Алла Тағала соңғы пайғамбарына: «Әлбетте сен ұлы мінезге иесің!» — деп, оның мінезін кемелдендірген. Әрбір адам, әрбір мұсылман баласы көркем мінезді болуды қаласа оған пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінен, оның мінезінен асқан мысал жоқ.

Осы орайда пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірін үлгі ете отырып, мына 5 әдет мінезіміздің көркем болуына жетелейді деген сенімдеміз.   Алладан дұға тілеу «Дұға – мұсылманның қаруы» дегендей, Жаратқаннан үнемі мінездің көркем болуын сұрап, дұға тілеу керек. Алла елшісі (с.ғ.с.) Құдайға жалбарынғанда және айнаға қараған кезде «Уа, Раббым! Менің сыртқы болмысымды да, мінезімді де көркем ете гөр!» деп дұға еткен. Кешірімді, мейірімді болу Сәл нәрсеге ренжіп, адамдарға үнемі шамданып жүру денсаулыққа да, рухани жан-дүниемізге де зиян. «Мейірім етпегенге мейірім танытпайды» демекші, болмашы бір жағдайларда ұрыс-жанжал шығармай, мейірім таныту, ауыр да болса басқаның қатесін кешіру – көркем мінезге жетелейтін жақсы қасиет.

Бұған Тайыфқа барып, тастың астында қалып, басы жарылып, меселі қайтқан пайғамбардың (с.ғ.с.) сол адамдарға кешіріммен қарауы дәлел бола алады. Мұны көркем мінездің, кешірімнің шырқау шегі деп баяндаған ғұламалар да бар. Ашуын жұту (тыю) «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дейді бабаларымыз. Ал хадистерде: «Нағыз батыр – соғыста жауын жеңген емес, нағыз батыр – ашуы қатты қысқан кезде өзін ұстай алған адам» — делінген. Ашулану – адамға тән қасиет, бірақ оны ұстау, сабыр сақтау – ақылды адамның ісі, көркем мінезді болудың басты шарттарының бірі. Шыншыл болу «Әзілдеп болсын өтірік айтпаған адам жәннатқа кіреді» дейді хадисте. Үнемі шындықты ғана айту адамды сенімді, аманатшыл тұлғаға айналдырады.

Мысалы, пайғамбарлық келмей тұрып та Мұхаммед (с.ғ.с.) өте шыншыл еді, оны Құрайыш тайпасы «Сенімді Мұхаммед» деп атап кеткен. Көп күлмеу және аз сөйлеу Күлімдеп жүрудің сүннет екенін жақсы білеміз, ал күлуге келсек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аузын ашып қатты күлмейтін. Дауысы қатты да емес, бәсең де шықпайтын. Өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласып, сөз шығындамаған. Сөйлесіп тұрған адамынан ол бетін бұрмайынша назарын басқа жаққа аудармаған.  

Түйін. Көркем мінезді адам деп әр нәрсеге көне беретін, Абайша айтсақ, «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» емес, керісінше, ақиқатқа келгенде қара қылды қақ жаратын, бірақ мәселені ақылмен, парасаттылықпен, сабырлықпен шешетін адамды айтамыз. Сондай-ақ, «баланың өзін тусаң да, мінезін тумайды екенсің» деп кей аналардың сөзіне сүйеніп, мінезді өзгерте алмайсың деуге әсте болмайды. Себебі, Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында өмір сүрген сахабалар иманға, исламға келгеннен кейін жаман әдеттерін тастап, мінездерін түзеп әрі жақсы әдеттерін одан да көркем қыла түскен.

 kazislam.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: