Рамазандағы жалпы қателіктер (жалғасы бар)

Рамазандағы жалпы қателіктер (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көпшілігіміз үшін Рамазан айы өз рухани мағынасын жоғалтып, құлшылықтың орнына механикалық жаттығуға айналып бара жатқандай. «Тірі өлік» құсап таң атқаннан кеш батқанша ауыз бекітеміз, өйткені айналамыздағылардың бәрі де ауыз бекітеді. Ана көршінің баласы қаршадай болып аузын бекітіп жүргенде мен одан неге қалуым керек? Мен де ораза ұстай аламын. Ұстаймын да. Міне, көптеген адамдардың ораза туралы пайымдауы осындай, өкінішке орай. Бұл біздің жүрегіміз бен жанымызды зұлымдық пен күнәлардан тазарту уақыты екенін ұмытып кетеміз. Дұға жасауды ұмытамыз, Алладан  күнәларымызды кешіріп, бізді Тозақ отынан сақтауын сұрауды ұмытамыз. Негізі, біз тек ішіп-жеуден тыйыламыз әрі оразада біздің бар жасайтын амалымыз осы ғана. Қане, енді Рамазан айында  кеңінен таралған қателіктерді қарастырып көрейікші.

 Ішіп-жеу туралы көп уайымдау

Кейбір адамдар үшін Рамазан айы тек тамақ төңірегінде ғана шектеледі.  Олар құлшылыққа, Құранның оқылуына және басқа да құлшылық түрлеріне көңіл бөлгеннің орнына күні бойы мәзір дайындаумен, тағамдар сатып алумен, дастархан әзірлеумен, қысқаша айтқанда, тек тамақты ойлаумен өткізеді. Олардың бар ойлайтыны тек тамақ, қарынның қамы болғандықтан, Рамазан айын мол тамақ айына айналдырып жібереді.   

«Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» (7:31).

Әсіресе, кейбір қыз-келіншектердің ауыз ашарға түрлі тамақ жасап әуре болатындары сондай, оларда тіпті  құптан, Тарауық, тәһәжүд намаздарын оқымақ тұрмақ, Құран кітабын ашып оқуға шамалары жетпей қалады.  Бұл мейірімділік пен кешірім айы, сондықтан да тамақ мәзірін азайтып, иманымызды арттырайық, ағайын!

Шамадан тыс тамақтану

Кейбір адамдар сәресіде әбден тойғандарынша ішіп-жейді, молынан тамақтанса, олардың күндіз қарындары ашпайтындай болып көрінеді, ал ауыз ашарда бұл олардың соңғы ауқаттары сияқты тамақтанады, күндізгі ішіп-жемегендерінің орнын осылайша толтырмақ болады.  Алайда мұндай әрекет Сүннетке қарама-қайшы келеді. Бәрінде де ұстамдылық қажет. Әр нәрсенің өз орны мен шамасы болғаны жөн.

Пайғамбарымыз + былай деген: «Шамадан тыс тамақ парыз және нәпіл құлшылықтардан адамның көңілін бөледі әрі жүрегіне бейқамдық орнатады. Егер сіз өз тәбетіңізді ауыз ашар кезінде де бақылай алсаңыз, онда сіздің оразаңыздың зая кетпегені. Тойып жеу сізді жалқау етеді әрі Тарауық намазын оқуға кедергі келтіреді».

Күндіз бойғы ұйқы

Кейбір адамдар оразаның көп бөлігін ұйықтаумен өткізеді. Осы игілікті айда бізден ұйқы талап етілуші ме еді? Бар уақыттарын ұйқыда өткізумен бұл адамдар Рамазанның басты мақсатын жіберіп алады, өйткені олар жеңілдік пен оңайлықтың құлдарына  айналып кетеді. Олар көп ұйықтайды, өйткені аштыққа шыдамайды әрі байсалдылық таныта алмайды. Ораза ұстап жүрген жанға күнінің көп бөлігін ұйқыда өткізу - немқұрайлылық болып табылады. 

Уақытты бос өткізу

Рамазан айының уақыты  – бұл үлкен құндылық, көзді ашып-жұмғанша, тағы да бір мейірімділік пен кешірім айы өтіп кетеді. Сондықтан да бұл айдың әрбір минутын Аллаға құлшылық жасаумен өткізіп, қасиетті айдың қайыр-берекесіне бөлінуге тырысу керек. Дегенмен, кейбіреулеріміз күні бойғы уақытты бейне ойындар ойнап, музыка тыңдап, фильмдер мен күмәнді бағдарламалар көрумен өткіземіз. СубханАлла! Алланың бұйырғандарын орындамасаң, Оның разылығына қол жеткізе алмайсың!

Ораза ұстап, бірақ тыйым салынғаннан тыйылмау

Көпшілігіміз таң атқаннан күн батқанша аузымызды бекітеміз-ау, алайда өсектен, ұрсысудан, бәдік сөздерден, реніштен және тағы басқалардан тыйыла алмай жүргеніміз. Ал қалғанымыз тыйым салыңған дүниелермен айналысамыз — ішімдік сатамыз,  азғын әрекеттер жасаймыз және т.б.

Қасиетті Құранда былай айтылады:

«Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар» (2:183).

Пайғамбарымыз + былай айтқан: «Егер сендердің біреулерің өтірік айту мен басқа да надандықтың дүниелерін жасауды қысқартпаса, онда Аллаға оның ішіп-жеуден тыйылуы қажет емес» (Бұхари).

Сәресіге немқұрайлы қарау

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай айтқан:

«Сәресіде ішіп-жеңдер, өйткені онда береке бар» (Бұхари, Мүслим).

Сондай-ақ, Алла Елшісі + былай деген:

«Біздің қауымға нәсіп етілген ораза мен Кітап иелеріне берілген оразаның айырмашылығы сәресіде, яғни, таң атып келе жатқан уақытта жейтін тамақта ғана» (Мүслим).

Сәресіге ұйықтап қалып, ораза ұстамау

Кейбір адамдар сәресіге ұйықтап қалса, ораза ұстауға қорқады. Алайда бұл қорқақтық оңай өмірге деген бейімділік болып табылады. Егер сіз біраз тамақты артық жемей қалсаңыз, онда тұрған не бар? Сіз одан өліп қалмайсыз, сіздің санаңыз, сіздің тәніңізден басым болсын. Аллаға деген үміт пен сенім бәрін де жеңіп шығатынын ұмытпаңыз.

Азан шақырылған соң, ақшам намазының уақыты шыққанша ішіп-жеуді жалғастыру

Кейбір адамдар ауыздарын ашып алған соң да, ыдыстарына мол тамақты салып алып, ішіп-жеулерін жалғастыра береді, жалғастыра береді, осылайша ақшам намазының уақыты да шығып кетеді. Асылында, бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай бірнеше құрма жеп, бір жұтым сумен ауыз ашу, содан кейін бірден ақшам намазын оқыған жөн. Намазыңызды оқып болған соң, дастархан басына келіп, қалауыңызша жеңіз.

Дұға қабылдануының алтын мүмкіндігін жіберіп алу

Ораза ұстап жүрген адамның дұғасы аузын ашқан кезде қабылданатыны белгілі. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай айтқан: «Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: ата-ананың балалары үшін жасаған дұғасы, аузын ашқан кездегі ораза ұстаған адамның дұғасы және жолаушының дұғасы» (Бұхари).

Осы қымбат уақытта отырып дұға қылудың орнына, көптеген адамдар өз мүмкіндіктерін жіберіп алады. Олар ас дайындаумен, бос әңгіме құрумен, тамақ ішумен, ыдыстарын асқа толтырумен айналысады. Күнәлардың кешірілуі мен құлшылықтардың орындалуынан тамақтың маңызды болғаны ма? Ауыз ашардан бұрын өз қажеттіліктеріңізді айтып шын жүректен Аллаға сиынып, дұға жасаңыздар, әрине, өзге де мұсылман бауырларыңыз жайында дұға тілеуді де ұмытпаңыздар, ағайын.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: