Жәбірейіл періште (ғ.с.) жөнінде не білеміз?

Жәбірейіл періште (ғ.с.) жөнінде не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз исламда Жәбірейіл періште (ғ.с.) маңызды періштелердің бірі болып саналады. Жәбірейіл періштенің (ғ.с.) басты міндеті – Алла Тағаланың сөздерін Оның Пайғамбарларына жеткізу. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) Алла Тағала тарапынан түсірілген Қасиетті Құран 23 жыл бойы Жәбірейіл періште (ғ.с.) арқылы жеткізіліп тұрған.

Қасиетті Құранда Жәбірейіл періште (ғ.с.) өз атымен тек бірнеше аяттарда ғана келтірілген:

«(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: «Кім Жебрейіл (Ғ.С.) ге дұшпан болса, (Алланың дұшпаны) Өйткені ол, Алланың бұйрығы бойынша бұрыңғыларды растаушы. Құранды сенушілер үшін туралық әрі қуандырушы түрде жүрегіңе қондырды. Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне сондай-ақ Жебрейіл, Мікәйіл (Ғ.С.) ғе дұшпан болса, әлбетте Алла (Т.) кәпірлерге дұшпан» (2:97-98).

«Егер екеуің Аллаға тәубе етсеңдер жақсы. Расында жүректерің ауытқыды. Егер екеуің Пайғамбарға қарсы бір-біріңе болыссаңдар, оның иесі Алла және Жебрейіл (Ғ.С.) де, игі мүміндер де, тағы олардан кейін періштелер де оған болысады» (66:4).

Өзге бірнеше аяттарда Жәбірейіл Періште (ғ.с.) «Рұх» сөзімен сипатталған. Мұсылман ғалымдары бұл аяттарда Жәбірейіл періште (ғ.с.) айтылған деген пікірді бірауыздан қолдайды.  

«Күдіксіз бұл Құран әлбетте әлемдердің Раббының түсіргені. Оны сенімді Рұх (Жебрейіл) келтірді. Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды. Ап-ашық бір арап тілінде» (26:192-195).

«(Мұхаммед Ғ.С.) Жебірейіл, Құранды шынайы түрде иман келтіргендерді бекемдеу әм Мұсылмандар үшін туралық әрі қуаныш түрінде Раббың тарапынан түсірді» (16:102).

Ал Жәбірейіл періштенің (ғ.с.) болмысы жайында толығырақ мәліметтер Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерінен белгілі.  

Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарымызға (ﷺ) белгіленген уақытта келіп, Алла тарапынан түсірілген Құранның аяттарын жеткізіп әрі өзінен кейін қайталауын талап еткен. Алла Елшісі (ﷺ) тыңдап, қайталай отырып, аяттарды есінде сақтап алып отырған. Алланың Пайғамбарларына Жәбірейіл періште (ғ.с.) жиі адам кейпінде келетін болған, бірақ көбіне оның тек дауысы ғана естіліп, өзі көзге көрінбейтін болған.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) келтірген бір хадисте, бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) өткізіп отырған жиынға қою қара шашты, аппақ қардай киімі бар бейтаныс адам келеді. Әлгі адамның Пайғамбарымызға (ﷺ) жақын отырғаны сондай, олардың тізелері түйісіп тұрды. Бейтаныс жан ислам діні жөнінде сұрақтар қойып отырған. Сол кезде бейтаныс жанның қойған сұрақтары мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сұрақтарға берген жауаптарының дұрыстығын растап отырғаны сахабаларды қатты таңқалдырып еді. Бейтаныс жан жиыннан кеткен кезде ғана Пайғамбарымыз (ﷺ) әлгі жанның адам кейпінде келген Жәбірейіл (ғ.с.) екендігін айтқан.

Алайда Алла Елшісіне (ﷺ) Жәбірейіл періштені (ғ.с.) алғашқы жаратылған кейпінде көруге нәсіп етілген. Пайғамбарымыз (ﷺ) Жәбірейілді (ғ.с.) былай сипаттаған: «Жәбірейілдің (ғ.с.) жер мен көктің арасын көмкеріп тұратын алты жүз қанаты бар». Миғражға көтерілген түні Алла Елшісі (ﷺ) Жәбірейілді (ғ.с.) осы қалпында көрген болатын.

Ал Жәбірейіл періштенің (ғ.с.) құдіретіне келер болсақ, бүтін қаланы бір қанатының ұшымен құртып жібергендігі келтірілген. Алайда Жәбірейілдің (ғ.с.) басты міндеті – Алла Тағала тарапынан түсірілген уахилерді Оның пайғамбарларына жеткізу.

 asyldin.kz  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: