Мұсылман еместермен адал қарым-қатынас жасау туралы 9 хадис

Мұсылман еместермен адал қарым-қатынас жасау туралы 9 хадис

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құранда Алла Тағала Өзінің Елшісі (ﷺ) туралы былай айтқан: «(Мұхаммед Ғ.С.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» (21:107).

Алла Елшісінің (ﷺ) мейіріміне мұсылмандар мен мұсылман еместер, адамдар мен жындар, тіпті жануралар мен жансыз нәрселер де бөленуде. Тіпті оған (ﷺ) қатысты әділетсіз болып, оны өлтіргісі келгендерге де Пайғамбарымыз (ﷺ) мейірімділік танытқан.  

Бұл мақалада Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірінен мұсылман еместерге деген көркем қарым-қатынасынан бірнеше хадистерді келтіреміз.

Әсіресе бұл хадистер сіз ислам дінін жаңадан қабылдаған болсаңыз әрі мұсылман емес таныс-туыстарыңызбен қарым-қатынасты қалай жасау керектігін білмей жүрсеңіз, сондай-ақ, сіз кәсіпкерсіз делік және мұсылман еместермен бірігіп бизнес жасайын ба әлде жоқ па деп ойланып жүрген болсаңыз – бұл сізге таптырмайтын нұсқаулық болып табылады.

Мұсылман емес туыстарыңызға жақсы қарап, жұмсақтық танытыңыз.

1. Асма бинт Әбу Бәкір (р.а.) былай айтқан: «Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзінің тірісінде маған анам келді, ол көп құдайға табынатын еді. Мен одан (ﷺ): «Маған анам келді, менімен кездескісі келеді. Онымен араласуыма болады ма?» - деп сұрадым. Менің бұл сұрағыма Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә, анаңмен қарым-қатынасыңды  үзбе»», - деп жауап берді (Бұхари, Мүслим).

Туыстарыңыз сіздің дініңізге теріс қабақ таныта ма? Онда олар үшін дұғада болыңыз.

2. Әбу Хурайра (р.а.) сахаба Туфайл бин Амрдың басынан өткен бір оқиғаны келтірген:

«Меккеде мен Әбу Хурайрамен (р.а.) бірге Пайғамбарымызға (ﷺ) келдім. Пайғамбарымыз (ﷺ) менен:

- Туфайл, нендей жаңалық бар? – деп сұрады.

Мен:

- Адамдардың жүректері пердемен бүркемеленген, әлгі перде жүректерден ақиқатты жасыруда. Онда құдайсыздық көп… Даус тайпасында бассыздық пен бойұсынбаушылық басым, - деп жауап бердім.

Алла Елшісі (ﷺ) орнынан тұрып, дәрет алып, намаз оқып болып, екі қолын көкке көтерді.

Мұндай көріністі көріп мен қорқып кеттім, Пайғамбарымыз (ﷺ) менің еліме жаманшылық тілеп жатыр ма деп ойлап қалдым.

Мен:

— Уа, менің халқым! – дедім.

Алайда Алла Елшісі (ﷺ) :

— Уа, Алла, Даус тайпасын оң жолыңа сал гөр. Уа, Алла, Даус тайпасын оң жолыңа сал гөр. Уа, Алла, Даус тайпасын оң жолыңа сал гөр…», - деп дұғасын жалғастыра берді (Бұхари).

Сыйлықтар сыйлаңдар

3. Абдулла бин Омар (р.а.) өзінің әкесі туралы былай айтқан:

«Омар ибн әл-Хаттаб базардан бір қымбат ала шапан көреді. Пайғамбарымызбен (ﷺ) кездескенде Омар (р.а.): «Уа, Алла Елшісі, базардан ала шапан көрдім. Сіз соны сатып алып, сізге арабтардың делегациясы келгенде киіп жүрсеңіз жақсы болар еді», - дейді.

Оған Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ақиреттен үлесі жоқ адам ғана бұл дүниеде жібектен киім киеді», - деп жауап береді.

Кейін Пайғамбарымызға (ﷺ) осындай көп киімдер алып келгенде ол (ﷺ) біреуін Омарға, екіншісін Усама ибн Зайдке, ал енді біреуін  Әли ибн Әбу Тәліпке беріп жібереді.  Омар әлгі киімді алып Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Уа, Алла Елшісі, сен мынаны маған беріп жіберіпсің, бірақ кеше бұл жөнінде айтқаның есімде!» - дейді.

Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Асылында, бұл киімді сен кисін деп жібермедім!» - деп жауап береді.

Сонда Омар әлгі киімді Меккеде тұратын бауырына беріп жібереді, ол кезде бауыры пұтқа табынатын еді. Ал Алла Елшісі (ﷺ) оның әрекетін сынға алмаған» (Бұхари).

4. Алла Елшісі (ﷺ) мұсылман еместерден де сыйлықтар қабылдайтын.

Имам Бұхари иман келтірмеген бір әйелдің оқиғасын келтірген. Әлгі әйел Пайғамбарымызға (ﷺ) қойдың етін пісіріп беріп жібереді, бірақ кейін белгілі болғандай бұл тағам уланған болып шығады. Алайда Алла Елшісі (ﷺ) сол әйелге кешірім береді.

Мұсылман еместердің құқықтарын сақтаңдар

5. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім му’ахидке (мұсылманның панасында тұратын мұсылман еместі) қыспақ көрсететін болса немесе оның мүмкіндігінен тыс міндет артатын болса, не болмаса оның келісімінсіз бір нәрсесін алатын болса, онда, асылында, Қиямет күні сол адамға мен қарсы куәлік беретін боламын» (Әбу Дәуд).

6. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы да былай айтқан: «Му’ахидті өлтіруші Жұмақтың иісін де сезбейтін болады, дегенмен оның иісі қырық жыл жол аралықта сезілетін болса да» (Бұхари).

Науқастардың көңілін сұраңдар

7. Алла Елшісінің (ﷺ) қызметінде бір яһуди ұл болады. Бірде әлгі бала ауырып қалады да Пайғамбарымыз (ﷺ) оның қалін сұрап барып, бас жағына отырып: «Исламды қабылда», - дейді. Сонда бала өзінің қасында тұрған әкесіне қарайды, әкесі болса: «Қасымның әкесін, яғни Пайғамбарды (ﷺ) тыңда», - деп айтады.  Үйден шығып бара жатып, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мына баланы Тозақ Отынан сақтаған Аллаға шүкір!» - деген екен (Бұхари).

Мұсылман еместермен сауда жасаңдар

8. Алла Елшісі (ﷺ) мұсылман еместермен сауда-саттық жасаған. Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) темір сауытын кепілдікке қалдырып, бір яһудиден қарызға тамақ сатып алған» (Бұхари, Мүслим).

Қайтыс болған мұсылман еместерге құрмет көрсетіңдер

9. Жабир бин Абдулла (р.а.) былай айтқан:

«Бірде біздің қасымыздан қайтыс болған яһудиді әкетіп бара жатқанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) орнынан тұрды, біз де тұрдық» (Бұхари).

Алла Тағала мұсылмандардан немесе мұсылмандар еместен болсын әділдікті, жақсылықты, жақсы қарым-қатынасты және әділ жазаны талап етеді: «Алла (Т.) дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді» (60:8).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: