Бұл әйел бір қамалды аман алып қалған

Бұл әйел бір қамалды аман алып қалған

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Мен оған кейін қорықпау үшін қазірден қорқыныштың не екенін үйрете берейін».

Сафия Абдулмутталибқызы – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) немере әпкесі, Исламды қабылдаған алғашқылардың бірі. Қайратты да қайсар, ер мінезді бұл әйел Исламды қабылдағаннан кейін қалған бүкіл өмірінде дағуат жолында Алла елшісіне (с.а.с.) жәрдемдесумен өткен. Мұның айқын дәлелі Ахзаб шайқасында көрініс табады.

Бұл шайқаста құрайыш, ғатафан, бәну суләйм рулары яһудилермен қол біріктіріп, Исламның тамырына балта шабу үшін Мәдинаға келеді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) қаланы қорғауда Салман Фарисидің (Алла оған разы болсын) ұсынысымен бұрын-соңды арабтар қолданбаған бір тәсілді пайдаланды. Мұсылмандар Мәдинаның атырабынан үлкен ор қазады. Бірақ ор қаланы түгелдей айналдыра қазылмайды, тек әскердің негізгі өткелі Мәдинаның солтүстік тарабы бөгелді. Өйткені ор қазу оңай шаруа емес еді, оның үстіне, уақыт та өте тығыз болатын. Дегенмен қаланың батыс және шығыс тараптары үлкен-үлкен қой тастармен қоршалған, жау оңайлықпен өте алмайтын тастақ жерлер, ал оңтүстігі таулы аймақ болатын. Мәдинаның оңтүстік-шығысында, бәну құрайзалық яһудилердің үйлері орын тепкен-ді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) яһудилерден Мәдина халқының басына әлдеқандай күн туар болса, қаланы бірлесе қорғауға келісім алған-ды. Шайқас басталмас бұрын осы келісімді тағы бір бекітіп алмақ болады. Яһудилер: «Біз сенімен біргеміз», – деп уәделерін береді.

Мұсылмандардың өздеріне үйреншікті емес бұл айла-тәсіліне кезіккен жаудың қалың қолы орға келіп тіреліп, абдырап сасып қалады. Қаншама рет ордан өтуге тырысқанымен, әрекеттерінен еш нәтиже шықпайды. Мұсылмандар ордың бергі бетінде олардың әрбір қимылын көз жазбай аңдиды. Сонда да болса, сақтық шараларын қарастырған Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаның бар әйел, бала-шағаларын қаланың орта тұсындағы бір қамалға орналастырады. Әйелдермен бірге қамалда аурулар, жас балалар ғана болады. Олардың арасында ересек кісілерден жалғыз сахаба Алла елшісінің (с.а.с.) ақыны Хассан ибн Сәбит (Алла оған разы болсын) бар еді. Хассан жүрегі әлсіздеу, соғыс істерінен хабары жоқ кісі еді. Осы себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны қамалда қалдырған болатын.

Шайқас қарқынды белең алып, қалың нөпірден қорыққан мұнафықтар бірінші болып мұсылмандар сапынан тайқып шығады, сосын оларға иманы әлсіз мұсылмандар қосылды. Ақырында Алла елшісінің (с.а.с.) қасында ерік-жігерін жоғалтпаған үш жүздей кісі ғана қалады. Осы уақыт аралығында мүшріктер Мәдинаның оңтүстік-шығысындағы бәну құрайзалық яһудилермен келіссөз жүргізуге кірісіп, бірнеше рет үгіттеудің нәтижесінде оларды мәдиналық мұсылмандарға қиянат жасауға көндіреді. Яһудилер Пайғамбарымызбен (с.а.с.) жасаған келісімдерін бұзғандықтары жайлы тіс жармастан, қамалдағы әйел-балалар мен мал-мүлікті басып алуға ниеттенеді. Бұл жоспарларын жүзеге асыру үшін яһудилер әуелі қамалда күзетшілердің бар-жоқтығын біліп келуге барлаушылар жібереді. Қамалды барлауға келген шолғыншыларды бірінші болып Сафия байқап, сезіктеніп, әйелдермен кеңеседі. Яһудилердің тегін жүрмегенінен қауіптенген әйелдер егер олар қамалда күзет жоқтығын білсе, істің насырға шабатынын жақсы біледі. Ақылдаса келіп әйелдер Хассанға барып:

– Бұл шолғыншы тегін жүрген жоқ, барып оны өлтір, – дейді. Сонда Хассан:

– Алланың атымен ант етемін! Бұл менің қолымнан келмейді, – деп, өзінің соғыс істерінен хабарсыз екенін жеткізеді.

Осы кезде Сафия «мұсылмандар әскеріне хабар жеткізу үшін біраз уақыт қажет, оның үстіне, оларда қамалды қорғауға мүмкіндік бар ма, жоқ па?..» деп жағдайды ой елегінен өткізе келе, тіпті ер адамдардың қолынан келе бермейтін батыл әрекетке барды. Бұл жайында ол өзі: «Киімімнің етектерін жинап, ықшамдап, еркектерше киініп алдым да, шатырдың тіреуін қолыма алып жасырынып тұрдым», – дейді. Осылайша Сафия жасырынып тұрып шолғыншы яһуди жақындап келгенде, күтпеген жерден шыға келіп, оны таяқпен қойып қалады. Бастан тиген қатты соққыдан яһуди есеңгіреп жерге сұлап түседі. Осы сәтті пайдаланған Сафия пышақ алып әлгінің басын кесіп алады. Кесілген басты қолына алған өжет әйел қамалдың төбесіне шығып, оны яһудилер жаққа лақтырады. Мұны істеген әйел кісі екенінен яһудилер мүлдем бейхабар еді. Олар лақтырылған басты көріп, қорқып кетеді. Алла тағала Құранда:

«Оларды (яһудилерді) өмірді ең қатты қалайтын (адамдар) ретінде көресің»1, – деген.

Бұл жайттан кейін қалған шолғыншылар алды-артына қарамай қашып, қауымдарына келіп: «Қамал толы еркек, біздің барлаушымыз қайтпады, оның басы ғана қайтты», – дейді. Яһудилер жіберген шолғыншылары осындай нәтижемен келген соң, қамалды жайына қалдырады. Осылай батыр да батыл, ержүрек ана белең алған қауіптің бетін қайтарған болатын.

Сондай-ақ Сафия өзінің осы қасиеттерін ұлы Зубәйр ибн Аууамның (Алла оған разы болсын) бойына сіңіретін. Зубәйр анасының тәрбиесі жайлы былай әңгімелейді: «Анам мені небір қараңғы түндерде елсіз жерлерге апарып тастап кететін. Бұл кездерде мен бар-жоғы бес жаста едім. Үрейленіп, қорқып жылайтынмын». Сафия адамдардың «Баланың жүрегін аласың ғой» дегендеріне: «Мен оған кейін қорықпау үшін қазірден қорқыныштың не екенін үйрете берейін», – деп жауап қайтаратын. Шындығында да, Зубәйр ибн Аууам қорқыныштың не екенін білмейтін біртуар батыр болып өседі. Тіпті Зубәйрдің ұлы Абдуллаһқа:

«Мен ешқашан ешкімнен қорыққан емеспін. Алланың атымен ант етемін! Менің бүкіл денемде найзаның ұшы мен қылыштың жүзі тимеген жер жоқ. Тіпті әуретім де сау емес», – дегені хабар етіледі.

Міне, Сафия Ислам үшін осындай өжет, қайсар батырды тәрбиелеген болатын. Алла оған разы болсын!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: