Тараз имамдары Тәуелсіздік күні қарсаңында көне мешітті зиярат етті

Тараз имамдары Тәуелсіздік күні қарсаңында көне мешітті зиярат етті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлының ұйымдастыруымен қала имамдары «Қарахан», «Дәуітбек» кесенелерін және ашық аспан астындағы ежелгі Ислам мешітін зиярат етіп, экскурсия жетекшілерінің көмегімен кесенелердің тарихымен танысып қайтты.

«Қарахан» кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) Тараз қаласының орталығында орналасқан. Ортағасырлық Рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. 1961 жылы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. 1836-1936 жылдар аралығында қаламыз Қараханның құрметіне «Әулиеата» деп аталды.

Сол дәуірдегі ескерткіштерден бізге жеткен тағы бір жәдігер – Дәуітбек кесенесі (ХІІ ғ.). Оның толық аты-жөні – Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек-Шамансұр. Кесене алғашында күмбезі жартылай иілген аркаға бекітілген төрттаған түрінде болған. Аркалар плиталардан қаланған тұғырға орналасты. ХІХ ғ. соңында аркалы кіре берісі мен қабырғалары кірпішпен қайта өрілгендіктен кесене қазіргі қалпына енді. Оңтүстік бұрыштарының жоғарғы жағы минарет тәріздес етіп жасалған. Қабірстанда: «1262 ж. 31 наурызда қайтыс болған түркілік қолбасшы, «қалам мен қылыштың иесі, жаны таза момындардың жанашыр қорғаушысы» жерленген» деген жазулар бар.

Талай ғасырдан бері тарих қойнауында қалып келген ерте ислам дәуірінің мешіті 2006 жылы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары ба­рысында анықталыпты. Қаз­ба барысында VІІІ-ІХ ғасыр­лар­дағы несториандық хрис­тиан шіркеуінен сол ІХ-ХІІ ғасырларда қайта жасақталған мешіт құрылысының орны табылған. 

Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сейітжан Ілиястың айтуынша, қирандыны тазалау кезінде бағаналардың тұғыр тастары, шығыс жағында сәкі және батысында мінәжат ететін михрабтың орны анықталған. «Кешенді зерттеулер нәтижесінде табыл­ған нысанның VІІ-ХІІ ғасыр­мен мерзімделетін Қазақстан жеріндегі ерте ислам дәуірі кезінде салынған құрылыс орны екендігі және христиандық ғибадатханадан қайта жасақтал­ған мұсылмандық мешіт екені дәлелденді», дейді ол.

Ерте ислам дәуіріндегі мешітті аралап көрген имамдар, сол ғасырларға жататын Керуен сарайын көрді. Бұл жерге қазба жұмыстары кезінде табылған монеталар мен қыш-құмыралар қойылыпты. Сонымен қатар жалпы саны сегіз бөлме болуы мүмкін ғимараттың үш рет қайта жасақталғаны да белгілі болған. Екі ғимараттың да ең төменгі еден деңгейінен бастап табылған қытай және түргеш теңгелері және мұнан кейінгі деңгейлерде кезең-кезеңімен сақталған артефактілер екі ғимараттың да қайта жасақталу кезеңдерінің бір мезгілде жүріп отырғанын көрсетеді.

Ашық аспан астындағы ежелгі «Ислам» мешіті Қазақстандағы салынған алғашқы мешіт болып табылады.

Имамдарды бастап келген өкіл имам Данияр Әлимұхаммедұлы Қазақстан-Тараз телеарнасына сұхбат беріп, имамдардың бұл зияраттан алған әсерлерімен бөлісті.

 

«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: