Пайғамбарымыз (ﷺ) Тозақтағы күнәһарлардың халін қалай сипаттаған?

Пайғамбарымыз (ﷺ) Тозақтағы күнәһарлардың халін қалай сипаттаған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) бірінші көкке көтерілу оқиғасы.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Біз бірінші көкке көтерілгенде, Жәбірейіл (а.с.) көк қақпасын қақты. Бұл қақпа "Баб әл-Хифз", яғни  «Қорғалатын Қақпа» деп аталады. Қақпа қызыл лағылдан, ал құлпы – інжуден болды. Бұл қақпаның қорғаушысы Исмаил есімді періште болды. «Бұл кім?» - деп сұрады ол. Мен бұрын-сонды мұндай дауысты естімеген едім.

Жәбірейіл (а.с.):

- Бұл Жәбірейіл, - деп жауап берді.

- Қасыңдағы кім?

- Мұхаммед.

- Мұхаммед шақыртылып па еді?

- Иә.

Қорғаушы: «Рақым етіңіз», - деп қақпаны ашты. Исмаилдың қарамағында он екі мың періште болды, ал олардың әрбірінің қарамағында сонша періште болды. (Бір риуаятта жүз мың періште және оның әрқайсысында жүз мың періште болғандығы келтірілген).

Содан кейін мен көктің бірінші қақпасына кірдім де қатқан таза судай аспанды көрдім. (Ал енді бір риуаятта аспан зүбаржат түсті болып, ал оның ұзақтығы бес жүз жыл болғандығы келтірілген). Осы көкте мен көп таңғажайып құбылыстарды көрдім».

Біз сіздерге осы құбылыстардың бірнешеуін айтып береміз.

Біріншісі: Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Сол жерде мен көп періштелерді көрдім. Олардың бәрі бойұсынған түрде қиямда тұрып "Суббухун куддусун раббил мелаикати уаррух" – «Періштелер мен Рухтың  Иесі пәк әрі қасиетті», - деп зікір айтып тұрды.

Мен Жәбірейілден (а.с.): «Бұл періштелердің құлшылық етуі осындай ма?» - деп сұрадым. Ол (а.с.): «иә, олар жаратылғаннан бастап Қиямет күніне дейін қиямда болады. Алла Тағаланың сенің үмбетіңе осы құлшылықты нәсіп етуін сұра», - деп жауап берді. Мен Алла Тағаладан сұрап едім, менің тілегім қабыл болды. Бұл құлшылық - намазда жасалатын қиям.

- Бұл періштелердің саны қанша? – деп сұрадым.

Жәбірейіл (а.с.):

- Олардың санын бір де бір жаратылған білмейді, - деп жауап берді.

Екіншісі: Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Мен Адам Атаны (а.с.) көрдім. Ол бастапқы жаратылған бейнесінде болды.  Ол інжуден жасалған тақта отырды, ал оның киімі нұрдан болды. Алла Тағала Адам Атаға (а.с.) оның барлық үрім-бұтағының рухтарын көруге мүмкіндік берген. Ол мүміндердің жандарын көріп қуанып, кешірім мен мейірім сұрап дұға жасап отырды. Оның көзінше олар жоғары Иллиййунге жіберіліп тұрған.

Ал кәпірлер мен екіжүзді-мұнафықтардың жандарын көргенде қамығып, лағынет айтқан. Кейін бұл жандар Сиджинге жіберіліп тұрған. Жәбірейіл (а.с.): «Бұл сенің арғы әкең, оған барып сәлем бер», - деп айтады.

Мен оған жақындап, сәлем бердім. Ол сәлеміме қуана жауап берді. Адам Атаның (а.с.) оң жағында бір есік болды әрі одан жағымды иіс сезіліп тұрды. Ол оң жағына қарап қуанды. Оның сол жағында да бір есік болды, сол жақтан жағымсыз иістер сезіліп тұрды. Сол жаққа қарап, ол қамығып, жылады.

- Бұл қандай есіктер? – деп сұрадым мен.

Жәбірейіл (а.с.):

- Оның оң жағындағы есік Жұмаққа шығатын есік. Бақыт нұрына бөленген жандар әлгі есіктен өтеді. Ал оның сол жағындағы есік Тозаққа апарады. Зұлымдардың жандары сол есік арқылы Тозаққа кіреді. Оң жағындағы есіктен тақуалардың жандарын көріп қуанып, мақтан тұтады, ал сол жағындағы есіктен зұлымдарды көріп, қапаланады.

Үшіншісі: Пайғамбарымыз (ﷺ) сөзін әрі қарай жалғастырып, былай айтты: «Мен бір қауымды көрдім. Олар бидай егіп, бидайлары масақ тастап, әп-сәтте пісіп жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

Жәбірейіл (а.с.):

- Алла үшін құлшылық жасағандар», - деп жауап берді.

Төртіншісі: Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтты: «Мен бір қауымды кездестірдім. Періштелер олардың басын езіп жатты, ал олардың бастары қайтадан қалпына келіп жатты. Қайтадан езіп тастаса, қайтадан қалпына келіп жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

- Бұлар жұма намазын оқымағандар, жамағатпен құлшылық етпегендер, руқуғ пен сәждені тиісінше орындамағандар, - деп жауап берді».

Бесіншісі: «Бір қауымды кездестірдім. Олар аш-жалаңаш болды. Тозақ сақшылары оларды отар сияқты қуалап жүрді.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым.

- Бұлар мұқтаждарға мейірімсіз болып, зекет бермегендер, - деп жауап берді Жәбірейіл (а.с.)».

Алтыншысы: «Мен бір қауымды кездестірдім. Олардың алдарында дәмді тағам тұрды. Ал бір жағында өлімтік жатты. Олар дәмді тағамды жемей, өлімтікті жеп жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

- Халалдан бас тартып, харамға жақын болғандар, халал тағамдары бола тұра харам тағамдарды жеген ерлер мен әйелдер, - деп жауап берді Жәбірейіл (а.с.)».

Жетіншісі: «Бір қауымды көрдім. Олар оттан болған үйде жанып жатқан ыстық шоқтарға тасталған. Бұл үйлер тікенек сияқты өткен-кеткендердің киімдерін жыртып жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым.

- Бұлар жолдың шетінде тұрып арлы-бері өткендерді келеке етіп, бет-ауыздарын қисайтып, мазақ еткендер, - деген жауап берілді».

Сегізіншісі: «Арқасындағы ауыр жүктің салмағынан орнынан қозғала алмай тұрған бір адамды көрдім.  Жүре алмай тұрғанына қарамастан ол адамдардан оның үстіне тағы да жүк салуын сұрады.

- Бұл кім? – деп сұрадым.

- Бұл біреудің сенімін аяқ асты етіп, иесіне аманатты қайтарудан бас тартқан жан. Адамдардың ақысын бұзып, одан әрі әділетсіздік жасауын жалғастыруын қоймаған, - деп жауап берді Жәбірейіл (а.с.)».

Тоғызыншысы: «Отты қайшымен тілдері мен еріндерін кесіп жатқан, бірақ кесілген мүшелері қайтадан қалпына келіп жатқан бір топ адамдарды көрдім.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

- Бұлар патшаларға, мемлекеттік лауазымдағы адамдарға келіп жәдігөйленіп, жағымпазданып, олардың өтіріктерін қолдаған тобыр. Олар билеушілерді күнәдан сақтап, халықты қанаудан тоқтатпағандар, - деп жауап берді ол (а.с.)».

Оныншысы: «Өз еттерін кесіп жеп жатқан бір топ адамдарды көрдім.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым.

Жәбірейіл (а.с.):

- Бұлар өсек-аяң айтып, оны таратқандар, - деп жауап берді».

Он біріншісі: «Көздері ағарған, үстіңгі еріндері маңдайларына жеткен, ал астыңғы еріндері аяқтарына дейін салбыраған беттері қап-қара түнек болған бір топ адамды көрдім. Олардың ауыздарынан қан аралас ірің ағып жатты. Оттан болған ыдыстармен оларға Тозақтағы уланған қан мен іріңді ішкізіп жатты. Олар есектер сияқты ақырып жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

- Бұлар мас қылатын ішімдік ішкендер, - деп жауап берді ол (а.с.)».

Он екіншісі: «Тілдері бастарынан жұлып алынған адамдарды кездестірдік. Олардың сыртқы келбеттері өзгерген, шошқаға айналып, азапталып жатты.

Жәбірейіл (а.с.):

- Бұлар жалған куәлік бергендер, - деп айтты.

Сол жерден көп ұзамай біз іштері көгеріп ісіп, жер сызған адамдарды кездесірдік. Олардың қол-аяқтары байлаулы болды. Олар тіпті орындарынан да тұра алмай жатты. Мен Жәбірейілден (а.с.) бұлардың кімдер екенін сұрадым.

- Бұлар артығымен жегендер, - деп жауап берді ол (а.с.)».

Он үшіншісі: «Біз беттері түңерген, көздері солғын тартқан бірнеше әйелдерді кездестірдік. Олардың киімі оттан болды. Періштелер оларды оттан жасалған күрзімен соққылауда болды. Олар итше үріп, шошқаша қорсылдады.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

Жәбірейіл (а.с.):

- Бұлар – зина жасап, күйеулерін ренжіткен әйелдер, - деп жауап берді».

Он төртіншісі: «Біз отты қайшылармен адамдарды қайшылап жатқан періштелерді көрдік, бірақ адамдар қайтадан тіріліп жатты. Қайтадан кесті, қайтадан тірілді. Осылайша, періштелер оларды азаптап жатты.

Бұлар туралы Жәбірейіл (а.с.) былай айтты:

- Бұлар – адамды өлтіруге қақысы болмай тұрып, адам өлтіргендер».

Он бесіншісі: «Біз ауада ілініп тұрған бір топ адамдарды көрдік. Олардың құлақ, мұрын, ауыздарынан жалын шашып тұрды. Олардың әрқайсысына қолдарында отты шоқпарлары бар періштелер қойылған. Әрбір шоқпардың жетпіс дөңесі бар. Әрбір дөңестің үлкендігі таудай. Осы шоқпарлармен олар адамдарды ұрып жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

Жәбірейіл (а.с.):

- Бұлар – екіжүзділер, мұнафиқтар», - деп жауап берді.

Он алтыншысы: «Мен Тозақтың шыңырауына тоғытылған бір үлкен топ адамдарды көрдім. От оларды жалмап алады, бірақ олар қайтадан тіріліп отырады. Қайтадан жанып, қайтадан қалпына келіп отырады.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым.

- Әкелеріне бағынбағандар, - деп жауап берді Жәбірейіл (а.с.).

Он жетіншісі: «Кеуделеріне оттан болған үлкен ыдыстар қойылған адамдарды көрдім. Періштелер оларды шоқпарлармен ұрып, азаптап жатты.

- Бұлар кімдер? – деп сұрадым мен.

- Бұлар әншілер мен музыканттар, - деп жауап берді Жәбірейіл (а.с.)».

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Мен әтеш бейнесіндегі бір періштені көрдім. Белінен төмен ол оттан болса, ал белінен жоғары – қардан болған. Қар отты сөндірмеді. От қарды ерітпеді. Бұл періште үнемі тәсбих тартып, Алланың атын қайталап жүрді.

- Бұл қандай періште? – деп сұрадым мен.

Жәбірейіл (а.с.) былай айтты:

- Бұл періштені Алла Тағала Өз құдіретімен жаратты да бұлттарға жауапты етіп тағайындады. Егер Алла бір жерде жаңбыр жауғанын қаласа әлгі періштеге бұйырады.

Сол жерден мен тілмен айтып жеткізу мүмкін емес таңғажайып бір теңізге жеттім. Оның суы сүттен ақ болса, ал тоқындары таудай-таудай болды.

- Бұл не теңіз? – деп сұрадым мен.

- Бұл өмір теңізі деп аталады. Алла Тағала адамдарды қайтадан тірілте бастағанда осы теңізден жаңбыр жаудырады. Шіріп, күлге айналған денелер тіріліп, жаңа өсіп шыққан шөптей өз қабірлерінен шығатын болады».

 "Пайғамбарлар тарихы" кітабынан

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: