Орталық мешітте "Пайғамбарға сағыныш" атты рухани кеш өтті

Орталық мешітте "Пайғамбарға сағыныш" атты рухани кеш өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзаттың асыл тәжіне теңелген Пайғамбарымыздың жүріп өткен жолы барша мұсылман баласы үшін ардақты. Күллі әлемге рақым етіп жіберілген Алла Тағаланың сүйікті құлы діни ахуалдың мүшкіл кезеңінде мейірім мен мейірбандықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың үлгісін көрсетті. Сол себепті де хазреті Пайғамдарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік күні бүгінге дейін артпаса кеміген жоқ. Алла елшісінің бұл дүниеге келуінің өзі ақиқат іздеп, тура жолға бет түзеген мұсылманның мерейлі мерекесінен саналады.

Облыстық орталық "Һибатулла Тарази" және "Ар-Рахман Ар-Рахим" мешіттерінің әйел ұстаздарының ұйымдастыруымен орталық "Һибатулла Тарази" мешітінде сексеннен астам нәзік жандылардың қатысуымен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айына арналған "Пайғамбарға сағыныш" атты рухани кеш өтті.

Ұлық мерекені атап өту Жаратушы Алла Тағаланы мадақтауға бағытталған Құран Кәрім аяттарын оқудан басталды. Салтанатты шарада "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Алдасаева Гүлжан жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, "Пайғамбарға сағыныш" деген тақырыпта уағыз айтты.

Рухани кеште Әсия есімді шәкірт қыз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнау айтып, жиналған жамағаттың көзіне жас үйірді. "Ар-Рахман Ар-Рахим" мешітінің шәкірттерінің Әбу Ханифаның өмір жолы туралы қойған көріністері кешке көрік берді.

Мәуліт күніне арналған шарада ардақты Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауаттар айтылды, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, діни әндер орындалып, тыңдаушының тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірінен викториналық сұрақтар қойылып, сұраққа дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар берілді.

Кеш соңында жиналған қауымға дастархан жайылды, ақ жаулықты әжелеріміз кешті ұйымдастырушыларға үлкен алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: