Кімде-кім дәрет алған соң осы дұғаны оқыса, оның алдынан Жұмақтың 8 қақпасы ашылады

Кімде-кім дәрет алған соң осы дұғаны оқыса, оның алдынан Жұмақтың 8 қақпасы ашылады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қыс туралы ойлағанда біздің ойымызға бірінші оралатын нәрселер – аяз, қар, ыстық шай, жылы көрпе, қысқа күн және ұзақ түн. Қаһарлы аяздары мен күннің ерте батуы салдарынан қыс мезгілін адамдардың басым көпшілігі жақсы көре бермейтіні өтірік емес. Көбіміз суық ара-райы мен ерте түсетін қараңғылыққа наразылық танытып жүргенде, біздің тақуа ата-бабаларымыз қылышын сүйретіп жеткен қысты қуана қарсы алатын болған.

Имам Хасан әл-Басри былай айтқан: “Мүмін үшін ең жақсы мезгіл – қыс. Құлшылық ету үшін түндері ұзақ болса, ораза ұстау үшін күндері - қысқа”.
Алла Тағала қысты біз үшін мейірім ретінде жаратқан – қыстың қысқа күндерінде сауабымызды кемітпей ораза ұстап, ал ұзақ түндерімізді Алла разылығы үшін құлшылық етіп, тәһәжжүд намазымызды оқумен өткізуімізге мүмкіншілік тудырған.
Ал Омар (р.а.): “Қыс – тақуа мүміндер үшін олжа”, - деп айтқан.
Құлшылықтың қай түрі болса да суық күндері асқан қиыншылықпен жасалатыны белгілі: жылы төсектен тұрып, таң намазымызды оқуға тұру да, суықта ораза ұстау да қиын, өйткені ағза қосымша күш-қуатты қажет етеді, тіпті суықта дәрет алу да ыңғайсыз болады, алайда Алла жолында қиыншылықтардың кездесетінін әрі сол ауыртпалықтар үшін мұсылманды ерекше сый күтетінін ұмытпау керек.

Төменде дәрет алудың 8 қасиетін келтіреміз, солардың арқасында құлшылықтың осы түрін қақаған суық күндері де жасайтын боласыз:

1. Күнәлардың кешірілуі.
“Лайықты түрде дәрет алғанның денесінен, тіпті тырнақтарының астынан да күнәлары кететін болады” (Мүслим).
«Кімде-кім лайықты түрде дәрет алса, оның алдыңғы күнәлары кешіріліп, ал оның намазы мен мешітке барғаны үшін ол қосымша сый алады» (Муслим).
«Мұсылман дәрет алып, бетін жуғанда дәрет алған сумен немесе судың соңғы тамшысымен оның көзімен жасалған күнәлары кешіріледі. Қолдарын жуу арқылы дәрет алған суымен немесе судың соңғы тамшысымен оның қолдары жасаған күнәлары кешіріледі. Аяғын жуу арқылы дәреттің суымен немесе соңғы тамшысымен аяқтарымен жасалған күнәлар кешірілетін болады. Осылайша, адам барлық күнәларынан тазарады» (Мүслим).

2. Алла Елшісі (ﷺ) мүміндерді дәрет алған іздерінен білетін болады.
Әбу Хурайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) қабір басына келіп, оның мекендеушілеріне былай айтқанын келтірген: «Уа, мүміндер, сендерге Алланың сәлемі болсын, егер Алла қаласа біз де сендерге қосыламыз, мен де бауырларымды көргім келеді!»
Сахабалар: «Уа, Алла Елшісі, біз сенің бауырларың емеспіз бе?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер – менің сахабамсыңдар, ал бұл дүниеге әлі келмегендер менің бауырларым болып табылады», - деп жауап береді.

Сахабалар: «Сенің әлі дүниеге келмеген үмбетіңнің мүшелерін біз қалай білеміз, уа, Алла Елшісі?» - деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Айтыңдаршы маған, адам маңдайында ақ жұлдызы және аяқтарында ақ білезіктей белгілері бар аттарын қара жылқыларының арасынан бірдей таный ала ма?»
Сахабалар: «Әрине, таниды, уа, Алла Елшісі!» - деп жауап береді.
Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) былай жауап берген екен: «Асылында, дәрет алудың арқасында олардың маңдайларында нұрын шашқан ақ жұлдызы және аяқтары мен қолдарында ақ білезіктей белгілері болатын болады, ал мен оларды Қәусәр бұлақтың қасында күтетін боламын» (Мүслим).

Ал басқа бір хадисте бұл жөнінде былай айтылған: “Қиямет күні менің үмбетім алған дәреттері себепті әл-Гурр әл-Мухаджалун деп аталатын болады” (Бұхари мен Мүслим).
Бұл хадисте қолданған “Гурр” сөзі «нұр» деген сөзді білдіреді әрі маңдайында анық көрінетін ақ белгісі бар аттарға қатысты қолданылады. Қиямет күні мүміндердің жүзі дәрет алудан нұрланып тұратын болады әрі ерекше белгісіне айналады.
Сондай-ақ, “мухаджалун” сөзі де аттың бояуына қатысты айтылады, тек бұл жерде алдыңғы және артқы аяқтары сөз болып отыр, яғни, мүміндерді де сипаттай отырып, Қиямет күні олардың да аяқ-қолдары дәрет алу себепті нұрланып тұрады деп түсіну керек және осы белгілеріне қарап Алла Елшісі (ﷺ) оларды білетін болады.

3. Дәрет алу – нұр, бұл нұрды мұсылмандар арттыра алады.
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: “Ақиқатында, Қиямет күні дәрет алу себепті менің үмбетімнің жүздері, аяқтары мен қолдары нұрланып тұратын болады. Кімде-кім бұл нұрды арттырғысы келсе, дәрет алсын” (Бухари, Муслим).

4. Дәрет алып ұйықтағандар үшін періштелер Алладан оларға кешірім беруді сұрайтын болады.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: “Кімде-кім дәрет алып ұйқыға жатса, оның бас жағында тұрған періште міндетті түрде: «Уа, Алла, пәленше деген Сенің құлыңды кешірші, өйткені ол дәрет алып жатқан», - деп айтатын болады” (Табарани).

5. Дәрет алғанда жуылған дене мүшелері жұмақтық әшекейлермен безендірілетін болады.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: “Жұмақта мүміннің дәрет алып жуған жерлерін әшекейлер жауып тұратын болады” (Муслим).

6. Дәрет алу және одан кейін айтылатын дұға Жұмаққа кірудің себебі бола алады.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: “Кімде-кім лайықты түрде дәрет алып, содан кейін: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне куәлік беремін және Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін» (Әшхаду алля иляха илля-Ллаху уахда-ху лә шарикя ля-ху уа ашхаду анна Мухаммадан 'абду-ху уа расулю-ху) деп айтса, оның алдынан міндетті түрде Жұмақтың 8 қақпасы ашылатын болады және ол қалаған қақпасынан кіреді” (Мүслим).

7. Дәрет алу – иманның нышаны.
Алла Елшісі (ﷺ): “Мүміндерден басқа ешкім дәрет алмайды”, - деп айтқан (Ибн Маджа)

8. Қиын жағдайларда дәрет алу мүміннің күнәсін кешіріп, оның дәрежесін көтереді.
Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағала сендердің күнәларыңды не арқылы кешіріп, не арқылы дәрежелеріңді көтеретінін айтайын ба?» - деп сұрайды. Сахабалар: «Әрине, уа, Алла Елшісі!» - деп жауап қатады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан екен: «Қиыншылықтарға қарамастан толық дәрет алуларың, мешітке қарай жасаған көп қадамдарың және келесі намазды күтулерің, бұл сендер үшін рибат болып табылады» (Мүслим).

Аталмыш хадистегі қиыншылықтар, соның ішінде, суық сумен немесе суық кезде дәрет алу айтылып отыр. Осы амал үшін Алла Тағала пенделеріне рибатта қызмет еткендей сый нәсіп етеді. Бұрындары шекара күзетшілері қызмет атқаратын шалғай орындар рибат деп аталатын, бұл жердегі әскери-күзетшілер шабуылшылардың алғашқы соққысын өздері қабылдап алып, төтеп беретін болған.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: