Менің әйелім...

Менің әйелім...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әдетте, ер кісінің әйелін мақтауы немесе әйелдің күйеуін мақтауы құлаққа ерсі естілетін сияқты. Қала берді, қазақи болмысқа сай келе бермейтіндей көрінеді. Солай да шығар. Алайда, кейде ерлі-зайыптылардың бірі өзінің бақытсыз екеніне шағымданып, әу баста басқа біреумен шаңырақ көтерсе, әлдеқайда бақытты боларын айтып жатады. Меніңше, көп адам өзін жәбірленушінің кейпінде көрсеткісі келеді. Оған тиесілі бақытты басқа біреу иеленіп кеткен сыңайлы көңілде жүруді қалайды. Алайда, Құрандағы:

وَلَا تَنْسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ

«...Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар...[1]», -деген аят ажырасқан ерлі-зайыптыларға қатысты түскен. Олай болса, араларын неке сияқты киелі байланыс ұстап тұрған жұптар бұдан көп ғибрат алуы керек емес пе?

Осылайша, мен өзімнің отбасым, жұбайыммен ара-қатынасымыз хақында ойланып көрдім. Әрине, мейлінше, арамыздағы қарым-қатынасқа әділ баға беруге тырыстым. Бұл менің иманым мен намысым алдында өте маңызды. Нәтижесінде, жұбайымның сүйіспеншілігі мен оны жақсы көргеннен әлдеқайда артық екенін еріксіз мойындауға тура келді. Өйткені, киім-кешегім, ас-суымнан бастап, жұмысқа көтеріңкі көңіл-күйде шығуыма, кешке жайдары боп күндізгі шаршағанымды ұмытуым үшін құрақ боп ұшып-қонып жүреді екен. Тіпті, арадағы ұсақ-түйек ұрыстың өзі менің дұрыс тамақтануым, уақытылы ұйықтауым үшін болады екен. Іштей риза боп қалдым. Кейде, жоспарларымды мұқият тыңдап, ұтымды ұсыныстар да айтады екен. Ұсыныстарының жақсы екенін әйеліме айтпасам да, пайдасын көріп жүрмін.

Ал, үй шаруасы мен бала-шаға күтімі жайлы өздеріңіз де білесіздер. Төркіндеп кетіп бір күн үйде болмаса, үй ішінде шұлық тұрмақ, өзіңді жоғалтып ала жаздайсың. Балалардың сабағын тексеремін деп біршама жүйкемді жұқарттым. Қаным қарайып, маңдайынан сүйіп жүрген баламды ұра жаздадым. Ал, шешелері болса, күнде үн-түнсіз (кейде айқай-шумен) сабақтарын оқытып жатады. Оның нәтижесін ата-аналар жиналысына барған мен көріп келемін. Бар мақтауды өзім естіп келемін.

Сонымен қатар, кейде құрбылары арасында күйеуге құрмет көрсету, қолдау білдіру сияқты әңгімелер қозғап жүргенін құлағым шалып қалады. Міне, осыдан кейін өз ар-ожданым алдында өзім таңдап алған әйеліме наразы болуым пендешілік екенін түсіндім. Мұндайды пайғамбарымыз () құптамайтынын да іштей біліп тұрмын. Ендеше, достар, «Тазы ашуын тырнадан алыпты» дегендей, болғанға да, болмағанға да әйелді кінәлай беруді қою керек. Барымызды бағалайық.

 

Мұса ЕРБАТЫР

 

[1]"Бақара сүресі", 237-аят

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: