Наиб имам облыстық кітапхана оқырмандарымен кездесті

Наиб имам облыстық кітапхана оқырмандарымен кездесті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік. 

Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен оқырмандар арасында отбасы құндылықтары тақырыбында арнайы кездесу өтті.

Кездесуге  облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Аманбаев Ержан қатысып, залға жиналған оқырмандарға отбасы құрудың маңызы, Исламдағы отбасы мәселесі, отбасылық өмірдегі ер мен әйелдің бір-бірі алдындағы міндеттері мен сыйластығы туралы айтып өтті.

«Көп жағдайларда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толықтай орындамаудың соңы шаңырақтың шайқалуына, талай отбасының еріксіз ажырасуына апарып жатады. Қазіргі күнде ажырасудың өзекті мәселенің біріне айналғаны да жасырын емес. Біле-білсек бір-бірлерімізге қатысты міндеттерді толыққанды орындағанда ғана отбасы бақытына бөленіп, қоғамымызда ажырасу мәселесі шешімін табар еді. Әрине сыныққа сылтау іздегендерге ажырасудың мың сан себептері табылады. Алайда, ажырасуды – Жаратқан жақтырмайтын  іс екендігін ұғынуымыз қажет», - дейді Ержан Маханұлы.

Кездесу соңында оқырмандар наиб имамға ойларындағы сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Кітапхана басшылығы келелі кездесуге келіп, тұшымды ойларымен бөліскен Ержан Маханұлына алғыстарын айтты.


«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: