20-қыркүйек Ашура күні: бұл күн несімен қасиетті?

20-қыркүйек Ашура күні: бұл күн несімен қасиетті?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Араб тіліндегі «Ашура» сөзінің мағынасы «Ашара» яғни мұхаррам айының «оныншы» күні деген мағына береді. Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина қаласына көшкен жылы мұсылманша жылдың басы болып саналады. Яғни, һижри жыл санауы мұхаррам айымен басталады. Биыл Ашура күні қыркүйек айының 20 күні, бейсенбіге сай келіп тұр. 

Ал мұхаррамның оныншы күні желтоқсанның 16 - на сәйкес келіп отыр. Осы күні көптеген оқиғалар болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде иаһудилердің мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстап жатқанын көріп: «Бұл қандай ораза?»,- деп оның мәнісін сұрайды Сонда олар: «Бұл күннің біз үшін маңызы зор. Өйткені, Аллаһ тағала бұл күні Мұсаны (ғ.с.) дұшпаннан құтқарған. Перғауынның көзін жойған. Мұса (ғ.с.) да осы күні шүкіршілік ретінде ораза ұстаған»,- деп жауап береді.Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «فَأَنَا أَحَقُّ بِمُوسَى مِنْكُمْ» «Мұсаға (ғ.с.) сендерден мен жақынырақпын», - деп өзі де ораза ұстап басқаларға да ораза ұстауды әмір етеді. Ол кезде Рамазан оразасы парыз емес еді. Келесі жылы Рамазан айының оразасы парыз етілгенде, ашура күні ұсталатын оразаны әр адамның еркіне қалдырады. Осылайша ашура күні ораза ұстау «мұстахаб» сауапты амал болып есептеледі. Ибн Аббастың жеткізген риуаятында иаһудилерге ұқсамау үшін ашура күніне бір күн қалғанда, яғни тоғызыншы, оныншы немесе оныншы, он бірінші күндерін қоса ораза ұстауды өсиет еткені де бар.
Сондай-ақ, ашура пайғамбарлар тарихында да ерекше орны бар күн. Мәселен, Адам (ғ.с.) пайғамбардың тәубесінің қабыл болуы, Нұһ (ғ.с.) пайғамбардың кемесінің тоқтауы, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың оттан құтылуы, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың дұшпандардан құтылуы, Жақыптың (ғ.с.) ұлы Жүсіппен қауышқан күні.


Сондықтан да біз де осы күнді босқа өткізіп алмай көбірек құлшылық жасап елімізге, халқымызға береке-бірлік, тыныштық тілейік.


Ашура күні не істеген абзал?


Бірде бір кісі келіп Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қай уақытта ораза ұстағаным абзал?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Мұхаррам айында ораза ұста. Өйткені ол - Аллаһтың айы. Тағы бір күн бар, ол күні Аллаһ бір қауымның күнәсін кешірген, сол күні басқа қауымның күнәларын да кешіре алады», - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да былай деген: «Ашура күні ұсталған ораза сол күнге дейінгі бір жылдық күнәға өтеу болатынына үміт етем».
Бұл күні оразадан басқа да қайыр-садақа беру секілді игі істерді қоса атқарған дұрыс. Әркім өз шама шарқынша жақындарына, туыстарына, көрші-қолаңына жақсылық жасаса, хадистерде оның көп сауапқа кенелтетіні айтылған. Пайғамбарымыз (с..ғ.с.) әсіресе Ашура күні отбасы мүшелеріне көбірек көңіл бөліп, сый-сияпат жасауды өсиет еткен. «Кімде-кім Ашура күнінде жары мен отбасындағыларға жомарттық танытса, Аллаһ тағала жыл бойы оның жанұясына береке молшылық нәсіп етеді». Бұл жерде айтылған отбасы ұғымына туыс-туған, көрші-қолаң, жетім-жесірлер де кіреді.


Алтынбек Ұтысқан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: