Айтқанын орындаса, жұмаққа кіреді

Айтқанын орындаса, жұмаққа кіреді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аллаһ елшісінің өмірінде намаз ерекше мәнге ие. Ол үнемі намазды айналсоқтап, намаздан кейін барып өмірге қайтатын. Оның намаздан өмірге, өмірден намазға қайтуы ұлы ақиқаттың төңірегінде ықтиярлы түрде өмір сүру түрін қалыптастыру, әрі сол ұлы ақиқаттың жайын анықтап айшықтау болатын. Жүрегімен, рухымен Раббына байланғаны соншалық, осы байлану нәтижесінде өзі өмір сүрген өмірді мәңгіліктен тамашалай білу жағдайына жетіп, әрі сол биіктің нәтижелерін осы өмірге әкелу нүктесіне жеткен.

Ол түннің бүкіл қараңғылықтарын, адамның бойын тітіркендіретін нүктелерін намаздың қасиетімен сәулелендіріп, әр түнге таң боп атқан. Таңертең мен күндіздің әр мезгілін де намазбен, рукуғ, сәжделермен пайғамбарлықтың құлшылық биігінде ұстанып, күнге құлшылықты зорайтатын әрі кемелдендіретін бір дауа ретінде сіңірген.

Пайғамбарымыз парыз намаздарды мешітте жамағатпен оқып, осы таңдауымен намаздың біріктіруші, араластырушы, бауырластырушы сипатымен өмірге қосылуының алдын ашқан. Осы себеппен адамдар Соңғы елшіні көру, оның ілімін кәдеге жарату мүмкіндігін иеленген. Аллаһ елшісі оларға намаз арасында үн қатып, шексіздіктің жемістерін уахи бақшасынан жинап, сахабаларына ұсынатын. Оның намаздан кейінгі сұқбаттары жұмақта серуендеген, жұмақ бақшаларынан жемістер жиналатын, руханилармен қоян-қолтық араласатын ерекше уақыт аралықтары болып табылған. Намаз әрі намаздан кейін Нәбимен тілдесіп, руханиятынан тыныстау, сахаба болу деген сөз еді. Сахабаның көңілінде бұл деңгейге жететін басқа деңгейді көрсету мүмкін емес.

Аллаһ елшісі парыз намаздарының алдында және артында орын алатын, әрі парызға дайындау мағынасына келетін сүннет намаздарын үйінде, өзінің бақытқа толы бөлмесінде атқаратын. Жарлары мен отбасы мүшелері оны намазы арқылы таныды, өйткені үнемі намаздағы кезін көретін. Намаздағы нәби олардың саналарында сақталып, құлшылықтың төресі ретінде білінген.

Пайғамбарлық шаңырағының ең алғыр шәкірттерінің бірі әр сахаба жамағатының үлгілі ұстазы хазірет Айша (р.а.) Абдуллаһ ибн Шақиқтың бір сұрағына орай Аллаһ елшісінің үйде атқарған сүннет намаздары жайлы былай деген: «Аллаһ елшісі түскі намаздан бұрын үйде төрт рәкат намаз оқитын. Содан кейін жамағатқа түскі намаздың парызын оқытып, үйге қайта келіп екі рәкат сүннет оқитын. Жамағатқа түнгі намазды оқытып, үйге келіп тағы екі рәкат оқитын. Аллаһ елшісі түнде тоғыз рәкат намаз оқитын, үтірді де соған қосатын. Ол түнде қырағатты созып, қиямда ұзақ тұратын намаздар оқитын. Кейде (әсіресе қартайған уақыттарында) отырып, бірақ ұзақ уақыт түнгі намаздарын оқитын. Таңғы намаздың уақыты кіргенде, үйде екі рәкат намаз оқып, кейіннен шығып, жамағатқа таң намазын оқытатын».

Хазірет Айшаның байқағанындай, Аллаһ елшісі парыз намаздарының алдында және артында оқыған татауу (нәпіл) намаздары арқылы үнемі намазда болудың жолын көрсетіп, өзі де осы сүннет намаздарды жалғастыра отырып, намазды сөнбейтін бір нұрдың бастауы ретінде шаңырағына апарған. Әркімнің шаңырағы өзінің паналайтын соңғы қорғаны. Ол қорғанды ең мықты құлшылықтармен күшейтуге болады. Ендеше, әркім ең болмаса сүннет намаздарын үйде оқу арқылы үйлерінде құлшылықтың гүл ашуына, шаңырағын гүл бақшасы етуге жағдай жасауы керек. Кері жағдайда үйлер қабірлерге айналады, ал қабірлер тек өлілердің мекені екені мәлім. Құлшылықта, құлшылық жасалатын орындарда әрдайым қимыл-қозғалыс болады.

Талха ибн Ұбайдуллаһ (р.а.) жеткізуде: «Аллаһ елшісінің қасына Нәжидтіктердің бірі келді. Ашулы екен. Дауыстап сөйледі. Біз дауысын естігенмен, не деп жатқанын түсіне алмадық. Ол Аллаһ елшісінің қасына жақындап, Ислам жайында сұрақтар қоя бастады. Аллаһ елшісі оған «Аллаһ бір тәулікте бес уақыт намаз оқуды парыз қылды». Нәжидтің кісі «Аллаһтың маған парыз еткен басқа намазы бар ма?» деді. Аллаһ елшісі «Жоқ, бірақ қаласаң, нәпіл намаздар оқуыңа болады» деді. Артынан Аллаһ елшісі былай деді: «Аллаһ Рамазан айында оразаны парыз қылды». Нәжидтік кісі «Аллаһтың маған парыз қылған басқа оразасы бар ма?» деп сұрады. Аллаһ елшісі «Жоқ, бірақ қаласаң, нәпіл ораза ұстауыңа болады» деді. Артынан Аллаһ елшісі әлгі кісіге зекетті де түсіндірді. Ол алдыңғы сұрақтарын қайталап, зекеттен басқа парыз бар-жоғын сұрады. Аллаһ елшісі «Жоқ, бірақ қаласаң, қайыр-жақсылықтар жасауыңа болады» деді. Нәжидтік кісі Аллаһ елшісінің қасынан кетіп бара жатып «Аллаһқа ант етейін, дәл осыны істеймін, қысқартпаймын да, қоспаймын да» деді. Оның осы айтқанын естігенде Аллаһ елшісі «Егер айтқанын орындаса, құтылады» деді. Осы оқиғаның Әнас ибн Малик арқылы жеткен түрінде Аллаһ елшісінің жауабы былай «Егер айтқанын орындаса, міндетті түрде жұмаққа кіреді».

Иә, иманды адам өзіне бұйырылған құлшылықтарды мінсіз атқарса, сол құлшылықтардың себепкерлігімен Аллаһ оған жұмақты нәсіп етеді. Демек, құлшылықтар негізінде бұл дүниеде мәңгілік мекеннің жол азығы. Құлшылықтар адамға құл болу жауапкершілігін жүктейді. Алайда бұл жауапкершілік адамға қатты салмақ салатын, қинайтын жүк емес. Қайта адамның ішіндегі алмастарын тауып, анықтайтын, осалдықтарын емдейтін жауапкершілік болып табылады. Ол үшін адам өмірін құл болу жауапкершілігіне сай сүре білсе болғаны.

aqmeshit.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: