Алланың жомарттығы біз үшін үнемі қайырлы ма?

Алланың жомарттығы біз үшін үнемі қайырлы ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Әй, адамзат! Ардақты Раббың туралы сені не алдады? Ол сондай Алла, сені жаратты. Толықтап теңестірді. Ол, сені қалаған бейнеде құрастырды» (82:6-8).

Жоғарыда келтірілген сұрақ риторикалық сауал болып табылады. Кейде неліктен Аллаға ұнамайтын амалдарды жасайтынын адамның өзі де жете түсіне бермейді. Егер ойланып қарасақ, Алла Тағала сондай қайырымды әрі бізге қатысты шыдамды, сол үшін де біз Оны мадақтап, өміріміздің әрбір сәті үшін разы болуымыз керек.

Сүлеймен пайғамбар (а.с.) Алланың ұлы мейірімділігі туралы былай айтқан: «Сондай өзі кітап ғылымына ие біреу де: “Оны кірпік қағуыңнан бұрын келтіремін” деді. (Сүлеймен Ғ.С.) оның, жанына келтіріліп, қойылғанын көрген сәтте: “Бұл Раббымның кеңшілігі. Шүкірлік кылам ба, нәсүкірлік қылам ба, мені сынау үшін. Кім шүкірлік қылса, әрине өзі үшін қылады. Ал кім нәсүкірлік етсе, Раббым бай да (оның шүкірлігіне мұқтаж емес), өте жомарт»» (27:40).

Алла Тағаланың Әл-Карим есімінің көптеген мағыналары бар, солардың бірнешеуін атап көрсетейік:

1. Беруші және Жомарт.

Өз қаражатын басқа біреуге көмек ретінде оңай әрі қиналмай жұмсайтын адам жомарт деп саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед ()өзге де пайғамбарлар сияқты адам жомарттығының керемет үлгісі бола білген.

Күндердің күнінде Пайғамбарымыздан (): «Адамдардан кім ең қайырымды болып табылады?» - деп сұрағанда, ол (): «Қайырымды адам қайырымды адамның ұлы болған қайырымды адам ұлының қайырымды адамы, яғни, Ибраһимнің ұлы Ысқақ, Ысқақтың ұлы Жақып, Жақыптың ұлы Жүсіп (а.с.)», - деп жауап берген (Бұхари, Мүслим).

Алла Өзінің жаратқан пенделеріне қатысты шексіз жомарттық танытты. Ол бізге өмір сыйлады, есту, көру, жүру және өз сезімдерімізді білдіру қабілеттерін нәсіп етті.  Қасиетті Құранда былай айтылған: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар (16:18).

Ол осы нығметтердің бәрін біз сұрамасақ та бізге сыйлады және бізден шүкіршілік күтпейді. Әдетте біз өзімізге нәсіп етілген нығметтерді жете түсіне бермейміз. Алла Тағаланың жомарттығы Оған иман келтіргендерге де, сондай-ақ, Оның бар екенін жоққа шығаратындарға да беріледі. Ол тақуалар мен күнәһарларды, ғалымдар мен надандарды да қамтиды.

2. Беруші және Мақтаушы.

Тек Алла ғана кемел, мінсіз. Сондай-ақ, Ол сөзсіз тәуелсіз, өйткені Оның жаратқандары Оған тәуелді.

Адам денесіндегі әрбір атом өз тіршілігі үшін Алла алдында борышты. Осының бәріне қарамастан, Алла Өз құлдарына түрлі игіліктерді беріп қана қоймай, сонымен қатар, оларды мақтайды әрі олар туралы жақсы айтады. Мысалы үшін, Алла Тағала Айюб пайғамбар (а.с.) туралы Қасиетті Құранда былай айтқан: «Қолыңа бір топ ши алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!” Шынында оны сабырлы көрдік. Ол не деген жақсы құл. Өйткені ол, өте бой ұсынушы» (38:44).

Алла Айюбты (а.с.) барлық игілігінен айырып, азап шектірген, бірақ ол адам баласында болып көрмеген сабырлылық танытып, Аллаға құлшылық етуінде тұрақтылық көрсеткен. Кейін Алла Айюб пайғамбардың (а.с.) айырылып қалған барлық нығметтерін қайтарып береді және төзімділігі үшін періштелердің алдында оны мақтайды.

Қасиетті Құраннан Алла Тағаланың Өз пайғамбарларын, басқа да тақуа жандарды олардың иман келтіргендері үшін, тақуалығы үшін, сабырлылығы үшін, тәубеге келгендері үшін және пәктігі үшін мақтағанын оқимыз.

Құран-Кәрімде Алла Тағала Сүлеймен пайғамбарға (а.с.) патшалықты сыйлап, былай айтқаны келтірілген: «Бұл Біздің бергеніміз. Ал енді қалағаныңа бер. Немесе бермей ұстап тұр, есеп емес”,  -(дедік)» (38:39).

3. Ол сұратпай жатып-ақ Беруші.

Жомарттылық танытудың ең жоғары түрі – бір нәрсені сұратпай жатып беру болып табылады. Біз бір нәрсені сұрағанда берген адамды жомарт адам деп санаймыз, алайда сұратпай-ақ беру – міне, жомарттылықтың ең биік шыңы. 

Алла Тағала Өзінің жаратқан құлдарына нәсіп еткен нығметтерінің басым көпшілігі, еш сұраусыз-ақ берілген. Екінші жағынан алып қарасақ, біз Жаратушы Алла бізге нәсіп еткен нығметтердің бәрін жете түсіне бермейміз әрі оларды санамаймыз да.  Ақиқатында, Алла – Жомарт әрі Беруші.

4. Уәдесін орындаушы.

Алла мүміндерге бұл дүниеде игілік және ақиретте мол сый уәде еткен. Ол ешқашан Өз уәделерін бұзбайды. Сонымен қатар, Алла күнәһарларды лайықты түрде жазалайтынын да ескерткен.

Алайда Ол жазаны Өз қалауына қалдырады. Ол жазалағысы келетін күнәһарларды жазалайды да, ал кімді қаласа соны жарылқайды. 

Жомарт адам – әрқашан өз игі уәделерін орындайтын және қауіп-қатер тудырмайтын жан. Алланың жомарттығы адам жомарттығынан теңдессіз зор, өйткені Ол Жарылқаушы әрі Қайырымды.

5. Одан сұраушының қолын ешқашан қақпайды.

Алла Елшісі ()былай айтқан: «Шынында, аса қайырымды Жаратушы Жалғыз Алла ұятшыл әрі жомарт, Ол Өзінен жалбарына сұраған құлының қолдарын бос қайтарудан ұялады» (Тирмизи, Әбу Дәуд, Ибн Маджа).

Алла Өз құлдарына Одан сұрағаны үшін де сый нәсіп етеді. Сол себепті де дұға жасау Аллаға құлшылық ету болып табылады. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздың ()былай айтқаны бар: «Аллаға дұға жасау – бұл да құлшылық» (Тирмизи, Әбу Дәуд, ән-Насаи, Ибн Маджа).

Міне, сондықтан да Алла Өзіне шынайы түрде дұға жасайтындарға әрқашан жауап береді.

6. Қарапайым игі ниет үшін сый Беруші, бірақ жаман ниет үшін ешқашан жазаламайды.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз ()былай айтқан: «Ақиқатында, Алла жақсы, жаман амалдарды жазды да кейін былай түсіндірді: «Кімде-кім бір жақсы амал жасаймын деп, бірақ жасамаса, Алла оған толық бір жақсы амал жасағандай жазады; егер кімде-кім бір жақсы амал жасаймын деп, соны жасаса, онда Алла оған оннан жеті жүзге және одан да мол жақсы амал жасағандай жазады; ал кімде-кім бір жаман амал жасаймын деп, бірақ жасамаса, Алла оған бір жақсы амал жасағандай жазады; ал егер біреу жаман амал жасаймын деп, оны жасайтын болса, Алла оған бір жаман амал жасағандай жазады» (Бұхари, Мүслим).

Ендеше, Алла Тағаланың жомарттығы, Оның бұл дүниеде және ақиретте адамдарды құрметтеуімен көрінеді және тақуалықты осы құрметтің басты көзі етті.  Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «…Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (49:13).

Бізге тақуалықты нәсіп ететін тек Алла Тағала. Бұл да болса Оның шексіз жомарттығы.

                 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: