ҚМДБ: Қажылық миссиясы құрылды

ҚМДБ: Қажылық миссиясы құрылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық миссиясы құрылды.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен наиб мүфти Бауыржан Есмахан Қажылық миссиясы төрағасы болып бекітілді. Ал ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев пен ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Айдар Салқынбаев миссия төраға орынбасары болып тағайындалды.

Бас мүфти Қажылық миссия мүшелеріне биылғы қажылық маусымында жоғары деңгейде қызмет етуді тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Қажылық миссиясы қажылық сапарының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарын жан-жақты пысықтауда. Миссия жанынан құрылған дәрігерлер, уағызшылар, ақпарат тобы өзіне жүктелген тиісті міндеттемелерді атқаруға толық дайын.

Қазақстан қажылары менингитке қарсы екпе (вакцинация) салдырды. Отандастарымыздың денсаулығын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұсынылған дәрігерлер тобы жіті қадағалайды. Дәрігерлер ҚМДБ Қажылық миссиясының медициналық көмек көрсету орталығында қажыларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Медициналық орталықта қажыларға қызмет көрсететін жедел жәрдем көлігі де болады. Қажылар отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов бастаған уағызшылар тобы насихат жұмыстарын жүргізіп, қажылыққа қатысты терең діни сұрақтарға пәтуа береді.             

Уағыз-насихат жұмыстарына білікті де білімді имамдар бекітілді. Жетекшілер (гид) арнайы сараптамадан өтті. Еліміздің барлық мешіттерінде менингитке қарсы вакцина салдырудың маңыздылығы жайында уағыз-насихат айтылды.

Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігі тарапынан бөлінген 3000 квотаға визалар толық шықты.

Биылғы қажылық сапарын аккредитациядан өткен 18 компания ұйымдастырады. Қажылық миссиясы 18 компаниның жұмысын қадағалайды. ҚМДБ және Қажылық министрлігінің талаптарын орындамаған компанияларға тиісті шаралар қабылданады.


Scat, Flynas әуе компанияларының ұшу кестесінің уақытылы орындалуы басты назарда.

 

ҚМДБ баспасөз қызметі


 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: