Құранда сүйіспеншілік туралы не айтылған?

Құранда сүйіспеншілік туралы не айтылған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл фәни дүниеде әрбір жан иесі біреуден жәбір немесе қысым көріп жататын жағдайлар болмай тұрмайды. Бұл да болса Алладан келетін ауыр сынақтардың бірі. Біреуден қысым көрсек не болмаса біздің құқығымыз шектелетін болса, біздің ашуға мінуіміз немесе ренжуіміз табиғи нәрсе болып табылады.

Егер әлдебір адамның тарапынан бірнеше рет жәбір көретін болсақ, біртіндеп біздің жүрегімізде оған деген жеккөрушілік пен реніштің ұялайтыны сөзсіз.  Сондықтан да мұсылман отбасыларында ажырасудың орын алуы үйреншікті нәрсеге айналуы таңғалатын нәрсе болмай бара жатыр.

Ерлі-зайыптылар – әрқашан бір-бірінің қасында болып, барлық қателік-кемшіліктерін, теріс қылықтарын білетін адамдар. Олар басқалардың көзінен таса қалатын, бөтендер біле бермейтін дүниелерді біледі. Келіспеушілік пен алауыздықтың дәл осы бір-біріне ең жақын адамдардың арасынан шығуы -біздің көңілімізді түсіріп, бізді теріс эмоцияларға жетелейді.

Егер мұндай келіспеушіліктер уақытында шешілмей, жүректе өкпе-реніш жинала беретін болса, онда ерлі-зайыптылардың арасында өшпенділік орын алып, бір-бірін шеттете бастайтын болады.

Неке туралы аяттар  

Алла Тағала бізге некелік қатынастар туралы нақты айтылған аят түсірген: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер» (30:21).

Демек, ерлі-зайыптылардың мақсаты – бір-бірінен жұбаныш табу.

Ал енді бір аятта Алла Тағала былай айтқан:

"Ол сондай Алла, сендерді бір-ақ кісіден (Адамнан) жаратқан, және оған тиянақ үшін жұбайын (Хауаны) жаратқан" (7:189).

Ерлі-зайыптылар бір-бірінен жұбаныш, тиянақ тауып, бақытты болу үшін жаратылған жандар.

Алайда көбінесе басқаша болып жатады. Бұл ерлі-зайыптылардың өз қарым-қатынастарын дұрыс құра алмағандығын көрсетеді. Сонда қателіктің түп-тамыры неде? Бақытты отбасын құрудың құпиясы қандай?

Жоғарыда келтірілген бірінші аятта Алла Тағала ерлі-зайыптылардың араларына сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатқанын айтқан. Міне, осы екі сезім бақытты неке құрудың кілті болып табылады.  

Сүйіспеншілік

Көп жағдайда отбасын енді құрған жандар бір-бірлеріне қамқорлық танытып, сыйлықтар сыйлап, сезімдерін ашық айтып, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін жеткізіп жатады. Осының бәрі сүйіспеншілік пен өзара түсінушіліктің сақталуына жағдай жасайды. Бірақ, өкінішке орай, уақыт өте келе мұндай қарым-қатынас біртіндеп сөне бастайды. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, сүйіспеншілік туралы айтудың «ауылы» алыста қалып қояды.

Сүйіспеншілік – дегеніміз махаббат. Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі осы сөздің түбірінен шыққан әл-Уадуд болып табылады.

Оның бізге деген сүйіспеншілігі шексіз әрі ол бізге нәсіп еткен нығметтерінен көрініс табады. Мысалы үшін, Алла бізге жай ғана ризық беріп қана қоймады, Өзі ар-Раззак бола тұра біздің тағамымызды көзге көркем әрі хош иісті етіп, дәмді әрі ұнамды етті.

Сүйіспеншілік – отбасы өмірінің басындағы ғашықтықты өмір бойына сақтауға көмектесетін сезім. Бір-біріне деген қарым-қатынасын сөзбен, іс-әрекетпен жеткізу арқылы ерлі-зайыптылар бір-біріне деген сезімдерін нығайтады әрі олардың арасында көзге көрінбес мықты байланыс орнайды.

Мейірімділік 

Рахма сөзінің түбірі "рахм" – «ана құрсағы» деген сөзді білдіреді. Ал «Рахма» - ана құрсағында жатқан нәрестенің мейірімділік, қорғаныш пен жұмсақтыққа бөленуін білдіреді.

 Егер сүйіспеншілік  – «тыныш» кезде қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізсе, ал мейірімділік ұрыс-керіс, келіспеушілік кезінде отбасында нағыз тыныштыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алла Тағала шексіз түрде бізді Өзінің қайырымы мен мейірімділігіне бөлейді, сол сияқты біз де өзіміздің жақындарымызға қамқор болып, олармен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Күйеуі мен әйелі – Алла разылығын алу үшін отбасын құратын өмірлік жолдастар. Біздің қарым-қатынасымыздың қандай болатыны тек біздің өзімізге ғана байланысты. Ерлі-зайыптылар бір-біріне тек бұл дүние істерінде ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ, рухани түрде тәрбиелеуге де қол ұшын берулері қажет.

Көбінесе ерлі-зайыптылар мұны сөзбе-сөз түсініп, қателіктерін көздеріне шұқып көрсетіп, айыптап, бір-біріне деген өшпенділікті өршітіп, отбасындағы шиеленісті үдетіп алғандарын өздері де түсінбей қалады.              Кішіпейілділік, мейірімділік, түсіністік, жақсы қарым-қатынас және сабыр – міне, осылар бақытты отбасының маңызды факторы болып табылады. Ерлі-зайыптылар осыны естен шығармағандары жөн.

Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріне мейірімділік танытқан адамдарды Алла Өз мейіріміне бөлейді», - деп айтқан.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: