Алланы еске алудың жемісі мен даналығы

Алланы еске алудың жемісі мен даналығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Құранда құлдарына:       

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де, күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят);

«...Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер үшін Алла жарылқау және ұлы сый (Жәннатты) әзірледі» («Ахзаб» сүресі, 35-аят);

«Раббыңа құпия жалбарынып, қорыққан түрде (қатты дауыстамай) ертелі- кеш іштей (дауыстау мен іштей айту арасындағы үнмен) Оны есіңе ал! Әрі қаперсіздерден болма» («Ағраф» сүресі, 205-аят) деп насихат айтады.

Сондай-ақ, «Жумуъа» сүресінің 10-шы аятында «..мұраттарыңа жету үшін Алланы көп еске алыңдар» немесе «Ниса» сүресінің 103-аятында: «... Қашан намазды орындап болсаңдар, Алланы тұрған, отырған және жамбасымен жатқан халде еске алыңдар...», - делінген.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Өзгелерді жалғыз қалғандар басып озды»,- деген екен. Одан: «Жалғыз қалғандар кімдер?»,-деп сұралғанда: «Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер», - деп жауап берген (Муслим). «Адамдар Алланы еске алып отырғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады және оларды мейірім қоршайды, оларға тыныштық түседі және Алла Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында еске алады» (Муслим).

 «Раббысын (зікір етіп) еске алатын адам мен Оны (зікір етіп) еске алмайтын адамның айырмашылығы тірі мен өлінің айырмашылығындай» (Бұхари).

Сен Алланы еске алсаң, Ол сені еске алады! Зікірдің құндылығын жеткізу үшін осы сөздің өзі әбден жеткілікті! Әлемдердің Раббысының есінде болудан артық қандай дәреже бар?!

      Алланы еске алу – Оның дана шешімдерін мақтау, Оның мінсіз сипаттарын мадақтау, Оның көркем есімдерімен дұға тілеу.

      Алланы еске алу – Оның бұйрықтарын орындау, тыйғанынан алыс болу.

      Алланы еске алу – Оның сансыз мейіріміне жүрекпен, сөзбен, іспен алғыс айту. 

      Алланы еске алу – жүректі тірілтеді, Аллаға деген қорқынышты оятады, жанның саулығын және тәннің физикалық саулығын сақтайды.  Адам тәні су мен тамақсыз қалай өлсе,  Алланы лайықты түрде еске алмаудан жан да дәл солай өлім татады. 

      Алланы еске алу – білім есіктерін ашады. Адам еске алуды көбейткен сайын білімі артады.

      Алланы еске алу – мақсатқа жеткізеді, күнәларды өшіреді, Раббысы мен құл арасындағы бөтендікті жояды.

      Алланы еске алу – Жәннаттағы көшеттер, Алла еске алынатын орталар – жердегі Жәннат бағы.

Алайда, осындай артықшылықтарды біле тұра, ұмытшақтықтан, уақыттың тапшылығынан немесе жалқаулықтан таңғы және кешкі зікірлерді ұмыт қалдырып, салғырттық танытып жатамыз. Шын мәнінде, бұл зікірлер – адамдарды жамандықтан сақтайды әрі оның маңыздылығын Алла Тағаланың Құранда бірнеше жерде бұйыруынан-ақ аңғаруға болады.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: