Екеу болып кетіп, үшеу болып оралған ана

Екеу болып кетіп, үшеу болып оралған ана

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,

                                                                                       Арулар аз болды ма атқа қонған?

Иә, том-том кітапқа жүк болатын сан ғасырлық тарихымызда баһадүр бабаларымыздың серігі, ақылына ақыл қоса білген кеңесшісі бола білген дана әйелдер аз болған жоқ. Ел басына қиын күн туғанда ерін сабырға шақырып, сүйеніш, тірек болған сол аналардың ерлігі халық жадында әлі күнге дейін жаттаулы.

  Осыны ескеріп, аты аңызға айналған аруларымыздың өнегелі өмірі бүгінгі қыз-келіншектерге рухани азық болсын деген ниетпен рулы елдің қамын жеген ел аналары мен қазақ қыздарының өнегелі істері туралы баяндап өтуді жөн санадық. Солардың бірі – ағайын арасының дәнекері, арқауы бола білген Домалақ ана.

 Домалақ ана -  әйгілі Бәйдібек батырдың үшінші әйелі.  Шын аты - Нүрила.  Күйеуі Бәйдібек үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған екен. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нүрила: «Байеке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Алла қаласа, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі-ақ ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз», - дейді. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетеді. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермейді. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, Бәйдібек батыр кері қайтады. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте кісінейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Міне, ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек...

Ақылды ана Бәйдібек ауылының көші Қаратауға көшіп бара жатқан жерде, жолда, намаз оқып отырған жерінде қайтыс болған екен.

 

«Алып анадан туады»

Айғаным Сарғалдаққызы - Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли сұлтанның кіші әйелі. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған, бірнеше шығыс тілдерін меңгерген. Айғанымның халық арасындағы ерекше абырой-беделін көрген патша үкіметі қазақтарға қатысты мәселелерді шешу ісінде ол кісімен ақылдасып отырған екен. Бұл хаттар Ресей архивтерінде қазірге дейін сақталған.

Александр І патша арнайы бұйрықпен Айғанымның өтініші бойынша Сырымбетте қыстау салдырып берген. Қыстау сыртынан қоршалған, ал қыстаудың ішінде Айғаным әженің үлкен үйі, мешіті болғандеседі.

 

Екеу болып кетіп, үшеу болып оралған ана!

Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады.Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады. Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын» дейді. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді.

Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанымен қауышып, мауқын басқан соң, көпшілікке бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбің − перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орыны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге туғанымдай боп кеткен сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды Құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» − дейді.

Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал, еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Құдайым өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Алла қайырын берсін. Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» − деген екен.

Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, Құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі. Бұлардан өрбіген ұрпақ рулы елге ұласқан. Иә, бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елді дүниеге келтіреді деген осы!

 

«Әйел – үйдің шегесі»

Бірде ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңдар жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, әйелі Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Апырай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!» деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха күйеуінің қабағын бағып: «Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім» дейді ақырын ғана. Сонда Дербіс батыр қуанып: «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» -  деген екен.

Иә, «Жақсы әйел – жігіттің кесектен соққан кентіндей, сары майға былғаған алуа, шекер, жентіндей» - деп Майлықожа ақын жырлағандай, еріне қысылғанда сүйеу болып, ақылына ақыл қосқан, жарының мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан бұл аналардың өнегесі – көпке үлгі.

 

asylarna.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: