Ораза айт – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі

Ораза айт – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!

Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қи­май қоштасып жатырмыз. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, Рамазан айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кез­дескен қиындықтарға сабыр етіп, Жа­ра­ту­шы Иеміздің разылығына ұмтылды. Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.  Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкей­ген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мә­ди­на­ға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мей­рамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді.  Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрам­дар­дың мәртебелі екендігін білдірген.

Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.  Дінімізде пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан.  Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шек­теулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады.

Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады. Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауыз ашарда, екіншісі – ақіретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», – деген екен. Бұл мейрам – он бір айға ауыз ашатын құдды бір үлкен ауызашардай. Сондықтан айт күндерінде ораза ұстауға болмайды.

Биылғы тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы қарсаңында ел мұсылмандары Қазақстан­ның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы сая­сатына қолдау білдірумен қатар, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге алдағы уақытта да  күш-жігерін аямай жұмсай бермек. Елін сүйген Елбасымыз бен ел қамындағы асыл азамат­та­ры­мызға Алла тағала жар болсын!

Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадат­тарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Хақ Тағаладан мүбәрак ораза айт мейрамын отбасы, ошақ қасында, бейбіт аспан астында атап өтулеріңізді, еліміздің бірлік пен татулық құшағында өсіп-өркендеуін, амандығын тілеймін!

Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлы,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: