Таразыда ауыр тартатын амалдар

Таразыда ауыр тартатын амалдар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да, оны әкелеміз. Біз есеп алуда жеткіліктіміз»[1], – делінген.

Адамдардың жақсы-жаман амалдары өлшеніп тартылатын таразының екі басы болады. Оның бір басына жақсы амалдар, ал екінші басына жаман амалдар қойылады.

Кей ғұламалар: «таразыға амалдармен қатар, адамдардың өздері мен олардың амал дәптерлері тартылады», – дейді. Амалдардың тартылатынына мынадай дәлел бар:

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Рахманға жағымды, тілге жеңіл, таразыда ауыр екі сөз бар: Субханаллаһи уә бихамдиһи, Субханаллаһил-Азим», – деген[2].

Адамдардың өздерінің тартылатынына мынадай дәлел келтіреді:

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиямет күні (таразыға) үлкен семіз кісі әкелінеді, бірақ ол масаның қанатындай да салмақ тартпайды. «Қиямет күні оларға салмақ бермейміз»[3], – дегенді оқыңдар!» – деген[4].

Амал дәптерлері тартылатынына мынадай дәлел келтіреді:

Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Қиямет күні үмбетімнен бір кісіні халықтың төбесіне қояды. Оған (жамандықтары жазылған) тоқсан тоғыз кітап көрсетіледі. Әрбір кітаптың (көлемі) көз жетер жерге дейін.

Сосын оған: «Мынадан бір нәрсені жоққа шығарасың ба? Бақылаушы періштелер саған зұлымдық жасамап па?» – дейді. Ол: «Жоқ, уа, Раббым!» – дейді. (Алла Тағала): «Үзірің бар ма?» – дейді. Ол: «Жоқ, уа, Раббым! Үзірім жоқ», – дейді. Алла Тағала: «Әрине, Біздің алдымызда сенде бір жақсылық бар. Бүгін оған зұлымдық жоқ», – дейді.

Сөйтіп, бір куәлік шығарылады. Онда: «Әшһәду әллә иләһә илләллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уә расулуһ», – деп жазылған. Оған: «Салмағыңды (таразыға) қой!» – дейді. Ол: «Уа, Раббым! Мына кітаптардың қарсысында бұл куәлік не тұрады?» – дейді. (Ұлы Раббы): «Саған зұлымдық қылынбайды», – дейді. Сөйтіп, кітаптар таразының бір басына, куәлік бір басына қойылады. Сонда куәлік ауыр келіп, кітаптар шашылып кетеді. Алланың есімімен бірге (салыстырғанда), ештеңе де ауыр тартпайды», – деген[5].

Таразыда ауыр тартатын амалдар

Әбу Дәрда (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Таразыға көркем мінез-құлықтан ауыр ештеңе қойылмайды», – деген[6].

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Рахманға жағымды, тілге жеңіл, таразыда ауыр екі сөз бар: Субханаллаһи уә бихамдиһи, Субханаллаһил-Азим», – деген[7].

Әбу Мәлик әл-Ашғари (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы.

«Әлхамдулилләһ» (деп айту) таразыны толтырады, «Субханаллаһи уәлхамдулилләһ» (деп айту) аспан мен жердің арасын толтырады», – деген.

 


[1] «Әнбия» сүресі, 47-аят.
[2] Бұхари.
[3] «Кәһф» сүресі, 105-аят.
[4] Бұхари.
[5] Тирмизи.
[6] Тирмизи.
[7] Тирмизи.

 

«Ақырет өткелдері» кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: